Руханият

Ұқыптылықты талап етеді

Қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіру – бүгінгі таңда ел билігі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бекітілген әліпби негізінде 2018 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасын жасаған еді.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл- Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жобаға сараптама жасау мақсатында емле ережелерінің негізгі қағидалары бойынша республикадағы жоғары оқу орындарының студенттері, орта мектеп оқушылары, сондай-ақ, оқытушы-филологтар мен еліміздің кейбір өңіріндегі ересектер арасында сынама-сауалнама жүргізген болатын. Талқылаулар нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осылайша, емле ережесінің жобасы 2018 жылы Ұлттық комиссияның отырысында таныстырылды.

Нәтижесінде, мақұлданған нұсқасы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Фонематикалық принципті басшылыққа алған емле ережесі 9 тарау, 108 параграфтан тұрады. Осы ереже арқылы жазу нормалары, тілдік заңдылықтар мен жазу принциптері қалыптасады. Барлық сөздіктер мен анықтамалықтар осы ережеге сай жасалған. Ереже нұсқасында әріптердің емлесінен басталып, тасымалға дейінгі тақырыптарды тарауға бөліп, жекежеке қарастырған. Қазіргі белсенді қолданыстағы әріптердің таңбалануы, түбір мен біріккен, қос сөздердің, шет тілінен енген сөздер, бас әріптің қолданылуы арнайы қарастырылып, барша халыққа түсінікті әрі ыңғайлы берілген. Қуанарлық жағдай, кірме сөздер емлесі ереже мазмұнында маңызды тармақ болып саналады. Қазірге дейін түпнұсқа күйінде айтылып және жазылып келген шет тілдік сөздердің емлесі қазақ тілінің табиғи заңдылығына бейімделіп, тұрпатын сақтап, өз тілімізге икемделіп жасалған. Ережеде ғалымдарымыз айтқандай, ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылдықтары ескеріліп, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипаты сақталуы көзделген.

Халық арасында насихат, түсіндіру, пікір алмасу шараларын күшейте түсу керек. Бәріміз бірігіп, ой білдірген шақта ғана біз дұрыс жолды таңдай аламыз.

Өмірбек АЙТЖАНОВ,

Бидайық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button