Жәдігер

Шөген добы

Бұл жәдігер Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде тұр. Бұдан отыз жыл бұрын еңбек ардагері Мырзахан САҚАЛОВ тапсырыпты. Жәдігер туралы жазылған түсінікке қарағанда, жүннен доп жасап, ат үстінде ойнау – қазақта бұрыннан бар. Әдетте шөген добын сиыр жүніне қыл қосып жасаған. Жүн жұмырланып, домалақ болып шығуы үшін арасына асық немесе тобық салған.

Алғашқыда Үндістанға, одан Еуропаға тарап, қазір «поло» аталып кеткен «шөген» – түркі тектес тайпа-ұлыстарда, оның ішінде, қазақта ерте заманда кең тараған спорттық ойын екенін, өкінішке қарай, бүгінде екінің бірі біле бермейді. Асқан шеберлік пен машықты қажет ететін бұл сайыс түрі қазақта ұлттық ойын саналған.

X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында шөген ойыны туралы түрлі дерек кездеседі. Мәселен, Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанында елші сөзге шебер, шешен, әдепті, зерделі, алғыр болуымен қатар, шахмат пен шөгенді жақсы ойнай білуі керектігін тілге тиек етеді. Ал, Махмұд Қашқари «Түркі сөздігі» кітабында оны ат үстінде арнайы имек таяқпен доп қуалап ойнайтын спорт түрі деп түсіндіреді.

Шөген ойыны командалық спорт түрінде бес рет олимпиадалық бағдарламаға енген. 1936 жылғы Олимпиададан кейін тоқтатылған.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button