Қапсырма

Қазақтың зергерлік өнері – қайнар бұлақ, сарқылмас қазына, бай мұра, ұлттық санадағы сұлулыққа деген іңкәрліктен туған эстетикалық талғам өлшемі. Зерделі зергер сұлулықтың санадағы сұлбасын әсем бұйыммен бейнелеген. Сол арқылы ұрпақ тәрбиелеп, тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласын дамытқан. Шынайы шебердің тамаша туындысы сан ғасыр елегінен өтіп, бізге жеткен.

Зергерлік кім-көрінгенге қонбайды, ол – атадан балаға қанмен, ұстаздан шәкіртке тәлімгерлікпен берілетін, тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Әр зергердің өз ерекшелігі болған. Көпшілігі түрлі құралды өзі жасап, пайдаланған. Ол құпия әулеттегі осы кәсіпке бейім ұрпаққа мирас болып қалған.

Зергерлік өнерде көп тарағаны – әйелдің әшекей бұйымдары. Қазақтың қыз-келіншектері мойнына – алқа, құлағына – сырға, шашына – шолпы, білегіне – білезік, саусағына жүзік таққан, қамзолын керемет қапсырмамен сәндеген. Қапсырма – киімнің екі өңірін қосып тұру үшін тағатын әшекей. Ол бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Көбіне күмістен құйылып, шекімеленіп жасалады. Бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе басқа да ұлттық өрнек салынып, асыл таспен көмкеріледі.

Сондай бір қапсырма Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде сақталған. Ол екі бөліктен тұрады, екі ұшы үшбұрыш болып келген төртбұрышты пішіндес. Ортасына қызыл түсті сердолик тасы бекітілген. Төменгі жағына төрт шынжыр сақина арқылы ілінген, басында домалақ ақ тасы бар. Бұл қапсырманы музейге Ұлытау ауданы Амангелді ауылының тұрғыны Рақима Тәжікбаева өткізген. Өкінішке орай, тамаша өнер туындысының авторы анықталмаған.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.