Аңшының серігі

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайында тұрған оқшантайға келушілер қызығушылығы ерен. Тарихи жәдігерді музей қорына 1990 жылы осы аудандағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Орынбасар ЖАБАЕВ тапсырған.

Мұражайда ұлттық қолөнер бұйымдарының қарасы қалың. Дені өткен ғасырда өңірдің зергерлері мен ұсталарының қолынан шыққан. Оқшантай – солардың бірі. Жәдігер туралы мұражай директоры Салтанат Қамытбаева түсінік берді.

– Оқ-дәрі салуға арналған бұл аңшы құралы ағаш түбірінен жасалған. Формасы – дөңгелек пішінді. Түсі – қоңыр. Бетіне қошқар мүйіз оюы ойылып, әсем безендірілген. Екінші бетінде оқ-дәрі салуға арналған кішкентай қақпақшасы бар. Оқшантайдың мойыны сапиян былғарымен шығарылған. Белбеудегі шығыршыққа ілу үшін темірден ілгек орнатылған, – дейді мұражай директоры.

Думан ҚАБЫЛ,

ШЕТ ауданы.