Ақ әженің мүсіні

Тұтас елдің тылсым тірлігі, тұрмыс-салтының деңгейі, қадір-қасиеті, мәдениетінің мәртебесі өзінің өнерімен өлшенеді. «Рухани қазына» деп аталатын ғажайыпты өмірге келтіретін де халықтың төл перзенттері. Солардың бірегейі, күйді көкейіне құйып, көңіліне түйген күйші – Аққыз АХМЕТҚЫЗЫ.


Арқаның күйшілік дəстүрін жастайынан құлағына сіңіріп, айналасына дəулескер домбырашылығымен танылған Аққыз әже – күйші апамыз Дина Нұрпейісованың замандасы. Тәттімбеттің ізбасары, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Әшімтайды ұстаз тұтқан өз заманының заңғары. Бір өкініштісі, өрелі өнерпаз атында көше немесе ескерткіші жоқ.
Балқаш қаласының тарихиөлкетану музейінде Аққыз әжеміздің гипстен соғылған мүсіні тұр. Күйшінің мүсінін музейге 2008 жылы М.Әбдірахманова тапсырыпты. Мүсіннің авторы – Ақтоғай ауданынан шыққан мүсінші Жомарт Ибраев. Аққыз әже кескінінің жасалуына мүсіншінің достары дәнекер болғанын автордың өз аузынан естідік.
– Мен Аққыз әженің мүсінін 1989-1990 жылдары жасадым. Күйшіні кескіндеуіме достарым Қажыкен Күлтейбайұлы мен Шәкизат Молдашқызы себепкер болды. Олардың өтініштерін қабыл алып, аталмыш мүсінді жасап шықтым. Кейін Алматыға кеттім. Үлкен үйде қалған анамыз бен ағамыз қайтыс болған соң мүсінді жоғалтып алған едім. Сол мүсін Балқаш тарихи-өлкетану музейінде тұр дегенді естіп, қатты қуандым, – дейді Жомарт Смағұлұлы.
Нота жазу мәдениеті қалыптаса қоймаған кезде небір асыл мұралар із-түзсіз кеткені белгілі. Бұл туралы жазушылар, Ақселеу Сейдімбек, Төрехан Майбас, күйші Жанғали Жүзбай сан мәрте қалам тербеді. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жеткен күйлер – ұлттың құнды қазынасы. Мәселен, Аққыздың бірнеше күйін кейінгі буынға оның шәкірті, Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзин түпнұсқасын бұзбай табыстады. Енді оны көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне айналдыру – кейінгілердің үлесіндегі іс.
Аққыз әженің жоғын түгендеп жүрген азаматтар баршылық. Күйші Жанғали Жүзбаевтың редакторлығымен «Аққыздың күй мұрасы» атты альбом жарық көрді. Ал, күйші мұрасын зерттеуші және насихаттаушы Болат Тәкішев пен «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы шертпе күйшілер арасында рухани кеш ұйымдастырды.
Жанғали ЖҮЗБАЕВ, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Елордадағы Ықылас Дүкенұлы, Күйші Дина, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков көшелері сияқты бір даңғылды Аққыз күйшінің атына беру мәселесін қозғасақ, артық болмас еді. Себебі, ежелгі Атбасар мен Ақмола шаһары – Аққыздың күй тартып топқа түскен жері, бұл тарихтан белгілі. Қарағанды сияқты шертпе күйдің рухани ордасы атанған шаһарда бір өнер ұясы Аққыздың атында болса, қандай ғанибет!
Аққызды ұлықтау – анамызды ұлықтау, Аққызды ардақтау – Тәттімбет, Итаяқ, Тотаң, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Әшімтайларды ардақтау!..

Нұрдос КӘРІМ,