Руханият

Сәкен туған жер

1984 жыл. С.Сейфуллиннің туғанына 90 жыл толуына байланысты көптеген шаралар өткізіліп жатқан кез. Аупарткомның бірінші хатшысы М.Шәкенов ішкі байланыспен: «Ертең Аралбаевта бір кеңес болады екен. Соған сен бар», – деді. Обкомға телефон шалсам, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі С.Қожамсейітов: «Ақадыр ауданы да той бізде өту керек» деп хат жазыпты, олар да келеді», – деді.

Райкомнан шығып редакцияға келдім. Іздеген адамдарым – Асан Жұмаділдин, Қалиакпар Әбілдин екеуі бірге отыр екен. Мен оларға мән-жайды айттым. Сөзді Асекең бастады: «Сәкен ақталған соң, бірінші рет 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Одан бұрын Сәкеннің атымен бір совхозды атау мәселесі сөз болды. Ол кезде Жаңаарқаға 18 совхоз біріккен, Ақадыр да осы ауданда болатын. «Біздің совхоз Сәкеннің атымен аталу керек, Сейфолланың қыстауы біздің территорияда Қарашілік деген жер», – деп көпшілік қол қойған арыз обкомға Ортаудан түсіпті. Қазағы көп Еркіндік бөлімшесі бар Өспен совхозынан көп адам қол қойған: – сауат ашып, азаматтығы қалыптасқан, дүниеге көзін ашқан, оқыған мектебінің іргетасы сақталған жер біздің совхоз Сәкен атына лайық – деген арыз келіпті. Бұдан басқа да жеке адамдардан ұсынысарыздар бар. Обком ауылдық, өндірістік болып екіге бөлініп тұрған кез. Ауылдық (сельский) обкомның бірінші хатшысы Дүйсетай Шаймұханов арызды қарауды өзі қолға алыпты. Райкомның залына ел сыймай, даладағы трибунаның алдында жиналыс болды. Хатшы аз сөзбен арыздарға шолу жасап, мән-жайды түсіндірді. Көп адам сөйледі. Сәкенді көзі көргендер ол кезде көп болатын. Халықтың ықыласы, сағынышы, құрметінде шек жоқ. Ең алдыңғы, жетістігі жоғары шаруашылықты Сәкен атымен атайық деген де ұсыныстар айтылды. Бір кезде Кировтан келген ақсақал (аты-жөні есімде жоқ) мінберге шығып: «Мұстафаның күзеуі біздің колхоздың территориясында, Есен өзенінің бойындағы Ақши. Сәкеннің туған жері сондағы Аққұдық жұрты. Ол жерді ел құрметтеп, тіпті, Сәкен ақталмаған уақыттың өзінде де жолы түскендер тоқтап, киелі жер ретінде тәу еткендей болатын. Сондықтан біздің совхоз Сәкен атымен аталса, орынды болар еді», – деді.

Кім бастағанын білмеймін. Ел бұл сөзге түгел қол соқты. Осылайша, Ынтымақ Сейфуллиннің атымен аталды» – деп Асекең әңгімесін аяқтады.

Келесі күні обкомның идеология хатшысы Жылқыбай Аралбаевтың кабинетіне Ақадыр ауданының идеология хатшысы, мен тәрізді бөлім меңгерушісі, кәсіподақтың аудандық басшысы, аудандық газет редакторының орынбасары жиналыпты. Жаңаарқадан мен ғана. Ақадырлықтар түгел сөйледі. Тілге тиек еткендері – Сейфолланың қыстағы Қарашілікте болған дегеннің маңы. Оларды тыңдап болып, хатшы маған бұрылып: – Қарағым, сен не дейсің? – деді. Мен: – Жылдың төрт мезгілінің бірінде ғана ел қыстауда, қалған уақытта далада болады. Қарашаны аяқтап қана келеді ғой. Бізге жеткен Сәкеннің туған уақыты маусымның 2 және қазанның 7 – дегенімде хатшы үстелді алақанымен сарт еткізіп: «той Жаңаарқада өтеді», – деді. Осыдан соң той Жаңаарқада өтті. Ғабиден Мұстафин бастаған ақын, жазушылар келді. Сәкеннің інісі Мәжит Сейфуллин де жетті. Мәжекең тойдың ақырғы күні ауырып қап, Сәкен совхозындағы немере інісі Рымбектің үйіне кетті. Кетерде «екі күннен кейін Сәкеннің туған жеріне барып қайтсам» деп өтініш жасады. Айтқан уақытында жағдайлы көлікпен келсем, әлі айыға қоймапты. Тағы екі күн өткенде совхоз директоры М.Смайыловқа телефон шалсам: «Ол кісіні кеше Кенжеқара Аққұдыққа апарып келді, кешке пойызға шығарып салдық», – деді. Кенжеқара – совхоздың бас аграномы, жершіл, аңшы, асығыста киік бауыздаған бәкісін биыл жоғалтса, келесі жылы сол жерден тауып алатыны «Оянған өлкедегі» Таймас тәрізді жердің бетін кітаптай оқитын адам болғанын аңғартады.

Қазақты қырық жылдай зерттеген Америка ғалымы Марта Брилл Олькотта: «Ауыл деген – жеті атаға жетпейтін туыстардың бірлестігі», – дейді. Ауыл басшысы әр үйдің жағдайын біліп, кеңес беріп отырады. Өз малының ішінен соғымға не сояды, ол да ауыл басшысымен ақылдасып, келісіледі. Сәкеннің туған күнінен декреттік 13 күнді алып тастаса, ол қазан айының басы болады. Бұл уақытта елсіз қыстауға қонып алу – оғаш, сөлекет шаруа. Кезінде шынжыр балақ, шұбар төстің бірі болған Мұстафа ауылында мұндайға жол берілмейді. Сейфолла, оның әкесі Оспан да бөлек ауыл қонатындай малды болмаған. Сондықтан Сәкен туған жер – Аққұдық.

Сөз соңында ауыл әкіміне құлаққағыс еткім келеді. Сол Сәкен туған жерге бір шамалы белгі қойып, 5-6 қараағаш еге салса игілікті іс болар еді.

Әліп ЖАЙЛЫБАЙ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button