Қарағанды

Қарағанды құшақ жаяды

Демографиялық дисбалансқа, аймақтардың арасындағы тепе-теңдікке ден қойған ұлттық жобаның, ұғынғанға ұлт үшін мәні аса зор. Ұлтқа қатысты осындай ұлы мақсатты көздеген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобаның іске асу мерзімі 2025 жылға дейін. Жоба мемлекет тарапынан оңтүстіктен солтүстікке тұрғындардың өз қалауымен көшіп келуіне жағдай жасайды. Яғни, түсінікті тілмен айтқанда, солтүстікке, орталыққа келемін деушілерді қол қусырып, көшіріп әкелуге сақадай сай. Олардың үйі дайын, жұмысы әзір. Мамандығы жоқ болса, оны оқытуға тағы мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, көші-қонының шығыны өтеледі. Әр отбасының жан басына 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленеді. Қарағанды облысы 2020 жылдан бері көшіп келушілерді қабылдайтын өңір қатарына кірді. Ал, қай аймақтағы ағайын Қарағандыға қарай ат арытуға әзір? Қарағанды Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларынан келемін дегендерге құшағын жайып отыр. Бұл әншейін әдеттегі көшіқон емес. Оның астарында ертеңгі күнімізге қам жеген саясат бар, білгенге…

Нұра ауданының Қайнар ауылына Шымкенттен көшіп келген отбасына қазіргі таңда ауылдағы «Қайнар» ЖШС арнайы үй салып жатыр. Оған дейін 2 млн. 800 мың теңгеге баспана сатып алып бергенін айтады ауыл әкімі.

Ерлі-зайыпты Бауыржан Шамшидинов пен Мәдина Дарбаева маусым айында келіпті. Мәдинаның мамандығы – терапевт-дәрігер. Бүгінде ауылдағы аурухананың бас дәрігері. Жолдасы – Бауыржанды «Қайнар» ЖШС жұмысқа алды. Отбасына аталған серіктестік келген бетте 1 млн. теңге көтерме төлеген, салынып жатқан үй бұйырса, жаңа жылға дейін бітеді, – дейді Қайнар ауылының әкімі Азамат Садықов.

Мәдина Оразалықызының медицинадағы өтілі 15 жыл екен. Көшіп келуге себептің бірі – денсаулығына орай екенін де айтады.

– Көшіп келуіміздің бір себебі денсаулығыма да байланысты. Мүмкін климатты ауыстырсақ, оңалар деген үміт те болды, – дейді Мәдина Оразалықызы. Дегенмен, шырайлы Шымкентіне елегізген көңілі де сыр беріп қалды.

Ал, негізі Нұра қарашаның соңына дейін Алматы облысынан тағы бір отбасыны күтіп отыр. Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекованың айтуынша, ол отбасында 6 адам бар. Бағдарлама арқылы отбасының әр жанына 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасалып, егер отбасы үйді жалдаған болса, оның жалдау ақысы, коммуналдық қызметке төлемі де өтеледі.

Облыстың өзге аудандары да көш басын бұрған ағайынға барын беруге әзір. Мысалы, бағдарлама арқылы тамыз айында Ақтоғай ауданына Алматы қаласынан, Алматы, Жамбыл облыстарынан отбасылар көшіп келді. Олар Айыртас ауылына қоныстанды.

Алматыдан келген Жанат Сәметованың мамандығы – медбике. 10 жыл өтілі бар. Қазір Айыртастың медпунктінде мамандығы бойынша еңбек етеді.

– Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Бірақ, Алматыда жұмыс істедім. Қарағандыны таңдау себебім – ол өзге өңірлерге қарағанда Қызылордаға жақындау. Сондықтан, Павлодар секілді өзге қалаларға бармадым. Айыртасқа келген соң үй, қызмет берді. Бәрі ойдағыдай, – дейді Жанат Сәметова.

Ендігі мәселе – осы келушілердің Арқа жерін жатсынбай, судай сіңіп, тастай батып кетуінде. Бұл да ұлттық жобаның жемісін беруіне кедергі келтіретін кілтипан екенін айтпасқа амал жоқ. Соңына жалтақтап, алаңдағандар да іле-шала кері көшіп кететіні жоқ емес. Ондайда бюджеттен шыққан шығынның бәрін өтейді. Мұндағы проблема – қаражатта емес. Тереңірек үңілсек, аталған көштің ұлттық саясаттағы салмағы таразы табағын төңкерердей күшті. Сол ғой саналыны алаңдататыны…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button