Қарқаралы

Қарқаралы жолы биылдан бастап жөнделмек

Қарағанды облысында жақын арада Қарқаралыдан Матақ ауылына дейін жол жөндеу жұмыстары басталады. Мердігер компания анықталып, орташа жөндеу жұмыстарын қолға алды. Биыл 10 шақырым жөнделеді, ал қалғаны келесі жылға жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

– Қарқаралы ауданына барар жолдың 197-207 шақырым учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Биыл барлығы 10 шақырым жол жоспарланған. Келесі жылы қалған 74 шақырымды жөндейміз. Жалпы алғанда Қарқаралыдан Матақ ауылына дейін 84 шақырым жол қамтылады, – деп хабарлады “Қазавтожол” компаниясының өңірлік филиалының директоры Сырым Хамзин жол бойындағы сервис жөніндегі кеңес барысында.

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек жөндеу жүргізіліп жатқан учаскедегі жұмыстардың барысын бақылауды аудан әкіміне тапсырды. Сондай-ақ, жиналыста қозғалысы қарқынды трассаларда жол бойындағы сервисті дамыту туралы айтылды.

– Барлық жолдарда санитарлық-гигиеналық учаскелерді тегін дәретханалармен, медициналық пункттермен жабдықтау қажет. Трассада мотельдер, қонақ үйлер, ЖЖҚС, дәретханалар, асханалар болуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек. – Бұл өте маңызды мәселе. Егер біз туризмді, облыс арқылы транзиттік ағынды дамытқымыз келсе, жағдай жасауымыз керек. МСҚБ-ға трасса бойындағы бірде-бір объектіні жол бойындағы сервис бойынша ұлттық стандарттарға сәйкес келмесе, келісім бермеуді тапсырамын.

Басқа материалдар

Back to top button