Қазақстан чемпионатының жартылай финалында қарағандылық 11 боксшы бақ сынайды
Бүгін Тараз қаласында бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық кездесулері өтеді. 4 қарашада әйелдер, ал 5 қарашада ерлер арасындағы жекпе-жектер ұйымдастырылады. Бұл кезеңде Қарағанды облысының 11 боксшысы финалға жолдама алу үшін шаршы алаңға шығады.

Әйелдер арасында 4 қарашада тоғыз жерлесіміз өнер көрсетеді. 48 келіде Гүлназ Бөрібаева Анел Құдайбергенмен кездессе, 51 келіде Анита Адишева Елянұр Тұрғановамен, ал Томирис Мырзақұл Жансая Рахымбердімен жұдырықтасады.
57 келіде Алина Құдайгенова Ұлжан Сәрсенбекпен, 60 келіде Аяжан Ермек Анар Тұрсынбекпен кездеседі. 65 келіде Аида Әбикеева Ақнар Ишановаға қарсы шықса, 75 келіде Жасмин Кизатова облыс намысын қорғайтын тағы бір боксшы Әзиза Исинамен күш сынасады.
80 келіде Айдана Убайдуллақызы Құралай Егінбайқызымен, ал 80 келіден жоғары салмақта Дина Исламбекова Әсел Тоқтасынмен кездеседі.
Ерлер арасындағы жартылай финал 5 қарашаға жоспарланған. 55 келіде Нұрислам Бекен Нұрсұлтан Алтынбекпен қолғап түйістірсе, 90 келіде Нурмагамед Юсупов Сағындық Тоғамбайға қарсы шығады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



