Бас тақырып

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі жиынның мән-маңызына айрықша тоқталып, оның қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

– Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз. Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ тілі» қоғамының мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге және тілдің берік тұғырын нығайтуға қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалады.

– Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда.

Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.

Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл.

Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы, – деді Президент.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button