Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Геннадий Головкин Дакарда ел құрамасына қолдау білдірді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып жатқан отандастарымызбен кездесті.

Суреттер ҰОК

Кездесу барысында ҰОК басшысы спортшылармен және бапкерлермен пікірлесіп, жарыс алдындағы көңіл күйін сұрады. Сондай-ақ жас атлеттерге сәттілік тілеп, ел намысын абыроймен қорғауға шақырды.

Геннадий Головкин жасөспірімдер Олимпиадасының спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай халықаралық жарыстар жас таланттарға тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауға және өз әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ұлттық Олимпиадалық комитет басшысы Дакарда Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентримен де кездескен еді.

Айта кетейік, биылғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан 18 спортшы бақ сынауда. Қазір ұлттық құраманың еншісінде екі медаль бар. Дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтыннан алқа тақса, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола жүлдеге қол жеткізді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button