ҚарқаралыАймақ

Көктас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Республика күні Ұлттық мерекесі қарсаңында Қарқаралы ауданына қарасты Көктас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Тоғыз жолдың торабында тұрған елді мекенді қуанышқа бөлеген шараға ауыл тұрғындарымен қатар өңірдің басшы азаматтары мен спорт сүйер қауым қатысты. Жалпы ауданы 542 шаршы метрді құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттық ойындарға арналған зал, әкімшілік бөлмесі және душ қабылдау кабиналары қарастырылған.

Жаңа нысан ауыл тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына, жастардың дене дайындығын жетілдіруіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына тың серпін беретіні анық. Нысан құрылысын «Нұрай Құрылыс Сервис» ЖШС жүргізгенін атап көрсету керек. 

Жиналған жұртты аудан әкімі Саят Мусин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов құттықтап, жаңа нысан ауыл спортын дамытуға, адамдарының өмір сапасын жақсартуға, әсіресе, жас ұрпақты салауаттылыққа тәрбиелеу үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар, аудандағы бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген ардагер, желаяқ Жұмаш Боранұлы Құрманғалиев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жабылды. Ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Қанат Қашқымбеков ақсақал жаңа ғана пайдалануға берілген нысанның жұмысына сәттілік тілеп, спорт кешені құрылысына еңбегі сіңген азаматтарға ақ батасын берді.

Күміс көмей әнші Аида Әбілқасымова әннен шашу шашып, мерекелік қуанышты үстей түсті.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button