Жаңалықтар

Қазақстан өмір сүру және бизнеске қолайлы 50 елдің қатарына енді

Қазақстан халық пен кәсіпкерлікке арналған мүмкіндіктері бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына кіріп, Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде 44-орынға ие болды. Әсіресе, әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жоғары көрсеткіштер тіркелген. Ал жалпы рейтингте Қазақстан 53-сатыға орналасты, деп хабарлайды Ortalyq.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет Baq.kz

Рейтингті америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп әзірлеген. Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 14 мамырда жарияланды. Зерттеу аясында 100 мемлекет сегіз бағыт пен 100 көрсеткіш бойынша бағаланған.

Биыл рейтингті әзірлеушілер бағалау әдістемесін өзгертті. Бұған дейін елдердің халықаралық деңгейдегі қабылдануы туралы сауалнамаларға басымдық берілсе, биыл халықаралық ұйымдардың статистикалық деректері негізге алынған.

Қазақстан қай бағыттар бойынша жоғары нәтиже көрсетті?

Қазақстан ең жоғары көрсеткішке «Мүмкіндіктер» санаты бойынша қол жеткізді. Бұл бағыт кәсіпкерлікке қолайлы жағдайды, жұмыспен қамтуды, білім беруді, әлеуметтік қорғауды, салық жүктемесін және қаржы ресурстарына қолжетімділікті қамтиды. Аталған санатта Қазақстан орта есеппен 53,9 балл жинап, 44-орынға орналасты.

Әсіресе, әлеуметтік қорғау жүйесінің көрсеткіші жоғары бағаланған. Бұл бағыт бойынша Қазақстан 100 балдың 94,1-ін иеленді. Жеке табысқа салынатын салық көрсеткіші – 80,2 балл, ал халықтың білім деңгейі бойынша көрсеткіш 71,8 балды құрады.

Айта кету керек, бұл сандар рейтинг әдістемесі бойынша берілген бағаларды білдіреді. Мәселен, әлеуметтік қорғау бойынша 94,1 балл жинау мемлекеттік бағдарламалар халықтың дәл 94,1 пайызын қамтиды дегенді білдірмейді.

Қазақстанның білім беру саласына қатысты тағы бір көрсеткіш келтірілген. Елдегі халықтың орташа оқу ұзақтығы 12,5 жылды құрайды.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button