Жүректерді жыр кернеп…
Қарағанды ғана емес, тұтас республиканың назарын өзіне аударып, ықыласына бөленіп келе жатқан «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеш биыл да өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, осы жолғысы бұған дейін ұйымдастырылған кештерге мүлдем ұқсамайды.

Сәкен театрының режиссері Айдын Салбанның режиссерлігімен өткен әдеби-сазды кеште ақындар оқырманына актерлік қырын да көрсетті. Сұлтан Дәулетхан, Ерқанат Кеңесбекұлы, Жәлел Шалқар, Айнұр Жаппарқұлова, Салтанат Смағұлова, Салтанат Қайырбек, Тәңсәуле Әген, Нұрасыл Аманжол өз өлеңдерін образға еніп оқыды. Сәкен театрының актерлері бұл жолы драмалық шығарманың емес, ақын өлеңінің кейіпкерлеріне айналды.
Ерқанат Кеңесбекұлы мен Айнұр Жаппарқұлова және Салтанат Қайырбек ән шырқады. Ән де, өлең де, авторлар да біртұтас болып, көрерменге Қарағанды күзінің бояуын айшықтады.
Кешті «Tattimbаnd» ансамблі әуенмен сүйемелдеп, әншілері ән шырқады.
Әдеби-сазды кешті тамашалауға өңірдің атқа мінер азаматтары мен зиялы қауымы жиналды. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Алма Шалабаева алған әсерімен бөлісті.
– Залға кіре салысымен-ақ күздің лебі сезілді. Сахнада сарғайған жапырақтар, ескі кітаптар, ал экранда жаңбырлы терезе мен ыстық шайдың көрінісі. Бәрі үйлесімді. Кеш басталғанда музыка ойнады. Ақындар шығып, өз өлеңдерін оқыды. Әр өлең жүрегіме жетті. Бірі әсер берсе, бірі ойландырды, бірі тебірентті. Қараша – биыл жайлы, нағыз күз айы болып тұр. Бұл кеш сол қарашаның жылылығын аша түсті. Поэзия адамның жан дүниесін емдейді екен, – деді Алма Шалабаева.
Әдеби-сазды кешті Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы төртінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



