Ресми

Басқарудың бағытын өзгерткен технология

Электронды мемлекеттік қызмет көрсетуден Қазақстан әлемнің технологиялық алпауыттары АҚШ пен Германияны басып озды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы бағалауында еліміз онлайн қызметтер индексі бойынша оныншы орынға шықса, Германия он екінші, АҚШ он жетінші сатыға тұрақтаған. Енді цифрлық бәсекенің жаңа кезеңі басталды. Кеше ғана адам атқаратын жұмысты компьютерге көшірген мемлекеттер бүгінде жасанды интеллектінің көмегімен басқару жүйесін өзгертудің жолын іздеуде. Қазақстан да осы көштен қалмақ емес. Қарағанды облысында 50-ге жуық цифрлық жоба қолға алынып, өңір орталығы былтыр еліміздегі «ақылды қалалар» рейтингінде төртінші орынға көтерілді. Қазір қаладағы бағдаршам көлік қозғалысына қарай өздігінен бейімделсе, нейрожелі азық-түлік бағасын қадағалап, жолдағы қауіпті жағдайларды анықтайды. Алайда технологияның озықтығы оның көптігімен емес, ел тіршілігіндегі нақты мәселелерді қаншалықты шеше алғанымен өлшенбек.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде ақпарат жаңа дәуірдің ең құнды ресурстарының біріне айналды. Өндірістен бастап денсаулық сақтау, білім беру, көлік қатынасы мен коммуналдық шаруашылыққа дейінгі салалардың бәрінде күн сайын қисапсыз мәлімет жинақталады. Сол деректерді дер кезінде саралап, дұрыс қорытынды шығара алған елдің мүмкіндігі де мол. Жасанды интеллектінің мемлекеттік басқаруға енуі осы қажеттіліктен туындап отыр.

Қазақстан цифрландырудың алғашқы кезеңінде елеулі нәтижеге қол жеткізді. Электронды үкімет, қашықтан құжат рәсімдеу, онлайн төлемдер мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру халықтың күнделікті өміріне орнықты. Бірақ бұл жетістіктер басқару жүйесін толық жаңғырттық дегенді білдірмейді. Ендігі міндет – жинақталған мәліметті нақты шешім қабылдауға пайдалану.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударды. Президент цифрландырудың қолданыстағы үдерістерді автоматтандырумен немесе қымбат бағдарламалар сатып алумен шектелмеуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттік аппарат жұмысына жасанды интеллектіні енгізіп, қайталанатын міндеттерді қысқарту, артық рәсімдерден арылу және басқару тиімділігін арттыру қажеттігін айтты.

Осы міндеттер аясында Қарағанды облысында цифрлық жаңғырту жұмыстары жаңа бағыт алып келеді.

2025 жылдың қорытындысында Қарағанды Smart City бастамаларын дамыту жөніндегі ұлттық бағалауда Астана, Алматы және Шымкенттен кейінгі төртінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіш қалалық цифрлық инфрақұрылымды дамыту, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу, ахуалдық орталықтың жұмысын жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы еңбектің нәтижесін аңғартады.

Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, өңірде жекелеген қызметтерді автоматтандырудан жасанды интеллект көмегімен ауқымды деректерді талдауға, болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға қолдау көрсетуге көшу көзделген.

Қазір денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология, құрылыс, мәдениет пен туризм салаларында 50-ге жуық цифрлық жоба мен ақпараттық жүйе жүзеге асырылып жатыр. Олардың бірқатары күнделікті қайталанатын жұмысты жеңілдетуге, енді бірі қауіп-қатерді алдын ала анықтауға бағытталған.

Мәселен, Қарағанды көшелеріндегі 206 бағдаршам басқару жүйесіне біріктірілген. Соның оны – бейімделмелі тәртіппен жұмыс істейді. Яғни, жолдағы көлік легіне қарай жасыл және қызыл жарықтың жану уақытын өзгерте алады. Негізгі көшеде қозғалыс саябырлап, қосалқы жолда көлік көбейсе, жүйе соған сәйкес жұмысын реттейді. Бұл қиылыстардағы орынсыз кідірісті азайтып, жолдың өткізу қабілетін арттыруға арналған.

Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» жобасында компьютерлік көру технологиясы қолданылады. Кәдімгі бейнекамера оқиғаны жазып алумен шектелсе, нейрожелі жолдағы адам мен көлік қозғалысын талдап, қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, облыста «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 3720 бейнебақылау камерасы және жол ережесін бұзу деректерін тіркейтін 182 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. 2025 жылы осы кешендердің көмегімен 179 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауда адамның бет-әлпеті мен көлік нөмірін тану, адамдардың топтасуын немесе қауіпті аумаққа кіруін анықтау секілді технологиялар пайдаланылады.

Дегенмен, цифрлық бақылаудың тиімділігін тек тіркелген құқық бұзушылық санымен бағалау жеткіліксіз. Негізгі өлшем – жол-көлік оқиғаларының азаюы, адам қауіпсіздігінің артуы және тиісті қызметтердің қауіпті жағдайға әрекет ету жылдамдығы. Өйткені технологияның міндеті заңбұзушылықты тіркеумен шектелмей, оның алдын алуға ықпал етуі тиіс.

Жасанды интеллектінің қолданылу аясы жол қозғалысымен ғана шектелмейді. Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын автоматты түрде бақылауға арналған жоба да іске қосылған.

Жүйе өңірдегі сауда желілерінің интернет-ресурстарынан қажетті мәліметтерді жинайды. Нейрожелі сол ақпараттың ішінен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын бөліп алып, біріздендіріп, салыстыруға ыңғайлайды. Соның негізінде жедел шолулар мен талдамалық есептер әзірленеді.

Мұндағы жаңалық – бағаны тіркеуде ғана емес, оның өзгерісін дер кезінде байқау мүмкіндігінде. Мәселен, белгілі бір өнім бірнеше сауда желісінде қатар қымбаттаса, мамандар оның себебін тереңірек зерделей алады. Бұл нарықтағы өзгерістерге уақытылы назар аударуға жол ашады.

Әрине, бағаның көтерілуі өздігінен заңбұзушылықты білдірмейді. Оған тасымал шығындары, маусымдық сұраныс, жеткізу шарттары сияқты түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан компьютер ұсынған мәлімет тиісті тексеру мен талдауға негіз болғаны жөн.

Қаладағы автотұрақ мәселесін шешуде де тың тәсіл қолданылмақ. ParkKing.kz жобасы бейнекамералар мен жасанды интеллект көмегімен бос тұрақ орындарын анықтап, жүргізушілерге көрсетуге арналған. Жүйені «Яндекс Карталармен» ықпалдастыру жоспарланып отыр. Бұл көлік иелерінің тұрақ іздеуге кететін уақытын азайтып, қаладағы қозғалысты тиімді ұйымдастыруға көмектесуі мүмкін.

Бір қарағанда, бағдаршамның жұмысы, азық-түлік бағасы мен автотұрақтың арасында байланыс жоқ. Алайда үшеуіне де ортақ мәселе – нақты жағдайды дер кезінде біліп, соған сәйкес әрекет ету. Жасанды интеллектінің мемлекеттік басқаруға ұсынатын басты мүмкіндігі де осы.

Цифрлық өзгерістердің ауқымын мемлекеттік қызмет көрсету саласынан анық байқауға болады.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтің 203 түрін ұсынады. Өткен жылы өңір тұрғындарына 16 315 314 қызмет көрсетіліп, соның 99,5 пайызы электронды түрде жүзеге асқан.

Осы көрсеткіштің назар аударарлық тұсы бар. Жалпы қызмет көлемінің 12 миллионнан астамы дәрігер қабылдауына жазылуға тиесілі. Демек, мемлекеттік қызмет дегеніміз тек анықтама алу немесе құжат рәсімдеу емес. Ол – адамның күнделікті қажеттілігімен тікелей байланысты жүйе.

Бұрын қарапайым шаруаны тындыру үшін мекеме жағалап, кезек күтуге тура келсе, бүгінде көптеген рәсімді қашықтан орындауға болады. Дегенмен, электронды қызметтің көптігі оның сапасына толық кепіл бола алмайды. Сондықтан облыста азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін жетілдіруге де көңіл бөлінген.

2025 жылдың қорытындысында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтар алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға азайып, шағымдар саны екі есе қысқарған. Қызмет сапасын арттыру мақсатында 126 мемлекеттік қызметші арнайы оқудан өтті. Сонымен бірге 792 қызмет көрсетушіні қамтыған 11 семинар ұйымдастырылды.

Басқарма мемлекеттік органдармен бірлесіп, қызмет көрсету барысында туындайтын түйткілдерді анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп келеді. Ресми тізілімге енбеген, бірақ іс жүзінде қолданылатын жекелеген қызметтерді айқындауға да назар аударылған. Бұл артық рәсімдерді қысқартып, азаматтарға қойылатын талаптарды біріздендіруге мүмкіндік береді.

Цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өңірде Әлеуметтік қызметтер орталығы, Отбасын қолдау орталығы, Мемлекеттік және сервистік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар қажетті кеңес алып, электронды жүйелерді пайдаланудың жолдарын үйрене алады.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі қоғамдық бағалаудан да көрініс тапқан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әлеуметтік тапсырысы аясында жүргізілген 2025 жылғы мониторинг қорытындысында Қарағанды облысы қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі бойынша республикада жетекші орынға шықты.

Әйтсе де, мұндай жетістіктерді түпкі нәтиже деп қарауға болмайды. Мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілгенімен, азаматтан артық құжат талап етілсе немесе оның өтініші бірнеше мекеме арасында ұзақ қаралса, цифрландырудың негізгі мақсаты толық орындалмайды.

Жасанды интеллект мемлекеттік басқаруға енгізілген сайын жаңа міндеттер де туындайды. Соның ең маңыздысы – деректердің дұрыстығы, азаматтардың жеке ақпаратының қорғалуы және қабылданған шешімге жауапкершілік.

Компьютер үлкен көлемдегі мәліметті жылдам өңдегенімен, оның қорытындысы әрдайым мінсіз бола бермейді. Ақпарат толық болмаса немесе жүйе белгілі бір жағдайды қате түсіндірсе, нәтиже де жаңсақ шығуы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект адамның кәсіби пайымын алмастырмай, оған көмекші құрал ретінде қызмет етуі қажет.

Бұл мемлекеттік қызметшілерге де жаңа талап қояды. Енді өз саласын жетік білумен қатар, ақпараттық жүйелерді меңгеру, мәліметтерді саралау және технология ұсынған қорытындыны дұрыс бағалау қабілеті маңызды.

Осыған орай өңірде мамандар даярлау мәселесіне де көңіл бөлініп отыр. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында жұмыс істейтін Tomorrow School бағдарламасы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз ету және бұлтты технологиялар бағыттары бойынша тегін білім алуға мүмкіндік береді.

Мұндай бастамалар жергілікті мамандардың әлеуетін арттырып, күрделі ақпараттық жүйелерді өз күшімізбен дамытуға негіз болмақ. Өйткені дайын технологияны сатып алу бір басқа, оны өңірдің нақты қажеттілігіне бейімдеп, тиімді пайдалану – мүлде бөлек міндет.

Қарағанды облысында қолға алынған жобалар осы өзгерістің алғашқы нәтижелерін көрсетіп отыр. Бірақ алдағы уақытта олардың тиімділігін нақты көрсеткіштермен бағалау маңызды.

Қазақстан онлайн мемлекеттік қызметтерді дамыту жөнінен әлемдік ондыққа енді. Қарағанды еліміздегі «ақылды қалалардың» алғашқы төртеуінің қатарында тұр. Мұның бәрі – қол жеткізілген жетістік. Ендігі міндет сол көрсеткіштердің ар жағындағы нақты нәтижені еселеу.

Өйткені ақылды – тұрғынның мәселесін дер кезінде байқап, уақытылы шешім қабылдай алатын қала. Ал жасанды интеллектінің құндылығы адамның орнына ойланғанында емес, адамға дұрыс шешім қабылдауға көбірек мүмкіндік бергенінде.

Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button