Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

«Сарыарқаның» екі хоккейшісі Азия чемпионатында ел намысын қорғайды

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының екі ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Азия чемпионатына қатысады. Құрлық біріншілігі 5-8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтеді.

Суреттер хоккей федерациясынан

Pro Ligasy клубтарының ойыншыларынан жасақталған ұлттық құрама сапына «Сарыарқаның» қорғаушысы Эдуард Михайлов пен шабуылшысы Александр Борисевич енді.

Эдуард Михайлов биылғы маусымда нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Ол тұрақты чемпионаттың 26 матчында 25 ұпай (3+22) жинаған. Қазіргі таңда өз амплуасындағы хоккейшілер арасында маусымның үздік сұрмергені саналады. Сондай-ақ көктемде ұлттық құрамамен бірге өнер көрсетіп, Қазақстанның элиталық дивизионға оралуына үлес қосты.

Ал Александр Борисевич те команданың негізгі көшбасшыларының бірі. Ол осы маусымда 25 кездесуде 29 ұпай (7+22) еншілеп, әр матчта бір ұпайдан артық жинап келеді. Бұған қоса, шайбаға таласу кезінде жекпе-жектердің 60 пайызында жеңіске жеткен.

Айта кетейік, Азия чемпионаты 8 қарашаға дейін жалғасады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button