Елдіктің еңселі тұғыры
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланып, тарихтың жаңа кезеңіне қадам басқалы 35 жыл өтті. Осы уақыт аралығында еліміз дербес мемлекеттің іргесін бекітіп, әлемдік қауымдастықтан өз орнын айқындады. Ең бастысы, халқымыздың тарихи санасы жаңғырып, ұлттық болмысымызды бүтіндеуге кеңінен жол ашылды. Кеңестік кезеңде көмескі тартқан тарихи тұлғалардың есімі қайта жаңғырып, ел жадындағы елеулі оқиғаларға жаңаша баға берілді. Ана тіліміз, ата дәстүріміз бен рухани мұрамыз мемлекеттік тәуелсіздіктің берік тірегіне айналды. Бұл өзгерістер Қарағанды облысының қоғамдық-мәдени келбетінен де айқын көрініс тапты.

Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды қадамдардың бірі – елді мекендер мен көшелердің тарихи атауларын жаңғырту. Бұл үрдіс Қарағанды өңірінде де жүйелі түрде жүзеге асты. Мәселен, 2001 жылы Қарағанды қаласындағы бұрынғы Совет ауданына Қаздауысты Қазыбек бидің есімі берілді. Ал шаһардың басты күре жолдарының бірі кезінде Сталин, кейін Совет даңғылы аталып, 1992 жылы Бұқар жырау даңғылы болып өзгертілді. Сөйтіп, елдік пен ерлікті ту еткен ұлы тұлғалардың есімі туған топырағымен қайта қауышты.
Қала көшелерінің атауында да ұлттық сипат айқындала түсті. Бұрынғы Ленин көшесі Абайдың, Кривогуз көшесі Қасым Аманжоловтың есімін иеленді. Приканальная көшесіне Сарыарқа атауы берілді. Қазыбек Нұржанов, Нарманбет Төлепов секілді өңірге еңбегі сіңген азаматтардың есімдері де қала картасынан орын алды.
Әсіресе, Қарағандыдағы бұрынғы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімінің берілуі – Тәуелсіздік жылдарындағы тағылымы терең шешімдердің бірі. 2021 жылы жүзеге асқан бұл өзгеріс ұлт азаттығы жолында аянбай күрескен Алаш арыстарының мұрасын ұлықтауға тың серпін берді. Өйткені, Әлихан Бөкейханның есімі қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихымен тығыз байланысты.
Ұлттық тұлғаларды ұлықтау білім мен мәдениет ошақтарында да жалғасын тапты. Қарағандыдағы №34 мектепке Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби заңгерлердің бірі Жақып Ақбаевтың есімі берілді. Қаныш Сәтбаев, Абай, Әлкей Марғұлан, Бауыржан Момышұлы сынды ұлт мақтаныштарының есімдері өңірдегі білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда кеңінен дәріптелуде. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың тарихи танымын тереңдетіп, ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастыруға қызмет етеді.
Тәуелсіздік жылдарында тарихи тұлғалардың еңселі ескерткіштері де бой көтерді. Қарағандыда Қаныш Сәтбаев, Қазыбек би, Қасым Аманжоловқа арналған ескерткіштер орнатылып, Қарқаралыда Мәди Бәпиұлының есімі ұлықталды. Күй өнерінің көрнекті өкілі Тәттімбет Қазанғапұлының есімі өнер колледжі мен туған ауылына берілді.
Туған өлкенің рухани байлығы тек тұлғалар есімімен шектелмейді. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті, Ақтоғайдағы Беғазы қорымы, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері, Қоянды жәрмеңкесінің тарихи орны – Сарыарқаның сан ғасырлық шежіресінен сыр шертетін құнды мұралар. Ал Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі халқымыз бастан өткерген зұлмат жылдардың ақиқатын кейінгі буынға жеткізіп келеді.
Тәуелсіздік ұлттық мәдениеттің де тынысын кеңейтті. Қазақтың дәстүрлі ән-күйі, шешендік өнері, шежіресі мен салт-дәстүрі қайта жаңғырып, рухани сабақтастықтың алтын арқауына айналды.
Түптеп келгенде, Тәуелсіздіктің 35 жылы – елдіктің еңсесін тіктеп, тарихи жадымызды жаңғыртқан тағылымды кезең. Ұлттың рухани тамыры тереңдеген сайын мемлекеттіліктің де тұғыры беки түспек. Сарыарқа төрінде қайта жаңғырған әрбір тарихи атау, ұлықталған әр тұлға, сақталған әр мұра – азаттықтың асыл жемісі. Ендеше, сол құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау – тәуелсіз елдің ортақ парызы. Өйткені, өткенін ұлықтаған елдің ғана ертеңі еңселі болмақ.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



