Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жол жаңғыртылады
Қазақстанда республикалық маңызы бар бірнеше автожолды бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Қарағанды-Жезқазған» автожолы да бар. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев 10 қарашада ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, жолды бірінші санатқа ауыстырудың негізгі шарты – көлік қозғалысының қарқындылығы. Ол үшін тәулігіне орта есеппен 7-8 мыңнан астам көлік қатынауы қажет.
«Биыл “Ақтөбе-Қызылорда” автожолын жаңғырту жұмыстары басталады. Ұзындығы 1 100 шақырым болатын бұл жол бұрын екі жолақты еді. Енді төрт жолақты қозғалысқа көшіріледі. Сондай-ақ “Қарағанды-Жезқазған” бағыты бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. 1960 жылдары салынған, екі жолақты автожолдың бойында биыл қосымша екі жолақтың құрылысы басталды. Нәтижесінде оны бірінші санаттағы төрт жолақты жолға айналдыру көзделген. Бұдан бөлек, көлік ағынының артуына байланысты “Талдықорған-Өскемен” автожолын да бірінші санатқа ауыстыру қажеттілігі бар», – деді Дархан Иманашев.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарына қатысты заңнамаға жаңа ұғым енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама аясында мұндай жолдарда кемінде үш жолақты қозғалыс ұйымдастыру көзделген.
Компания өкілінің түсіндіруінше, үшінші жолақ белгілі бір аралықтарда, шамамен әрбір 5-10 шақырым сайын салынады. Бұл көлік легі тығыз болған жағдайда басып озуға мүмкіндік беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттырады. Мұндай тәсіл төрт жолақты жол салумен салыстырғанда қаржы мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 9 қарашада «ҚазАвтоЖол» 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығындағы республикалық маңызы бар ақылы жолдардың жүктемесі бойынша рейтинг жариялады. 28 ақылы учаске қамтылған тізімде «Алматы-Қонаев» бағыты көш бастады. Он айда бұл жолмен 10,8 миллионнан астам көлік өткен.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



