Жасыл даму өндіріс тиімділігінен басталады
Өндірістің өркендеуі табиғатқа түсетін салмақтың артуымен қатар жүрмеуге тиіс. Керісінше, заман талабына сай жаңғырған кәсіпорын шикізат пен энергияны ұтымды пайдаланып, шығынды азайту арқылы экономикалық тиімділікке де, экологиялық тұрақтылыққа да қол жеткізе алады. Ел өнеркәсібінің елеулі жүгін арқалап отырған өндірісті өңір үшін бұл мәселенің маңызы айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында өндірісті технологиялық жаңғырту, энергия көздерін тиімді пайдалану және экономиканы әртараптандыру міндеттері айқындалған. Ендігі меже – осы бастамаларды нақты өндірістік нәтижеге ұластыру.

Президент Жолдауында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданыстағы станциялар мен электр желілерін жаңғырту, көмір генерациясының экологиялық тұрғыдан жетілдірілген технологияларын дамыту және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өндірістік қуаты жоғары Қарағанды өңірінің өзіндік орны бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы тоғыз айда облыста 4,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 4,9 пайызға өскен. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6,4 пайызды құрады. Әйткенмен, өндіріс көлемінің ұлғаюы қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту міндетін де алға шығарады.
Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр облыста тұрақты көздерден атмосфераға шығарылған ластаушы заттар көлемі 452,8 мың тоннаға жеткен. Бұл 2024 жылғы 445,3 мың тоннамен салыстырғанда 7,5 мың тоннаға артық. Аталған көрсеткіш бойынша өңір республикада Павлодар облысынан кейінгі екінші орында тұр. Демек, жасыл дамуды тек өндіріс көлемімен емес, әрбір тонна өнімге жұмсалатын энергия, шикізат және табиғатқа шығарылатын қалдық мөлшерімен де бағалау қажет. Мұндай ұстаным кәсіпорындарды технологиялық жаңғыруға ынталандырып, экологиялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қарағанды облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешуге арналған 2025-2030 жылдардың жол картасы 53 іс-шараны қамтиды. Оның елеулі бөлігі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға бағытталған. Өңірдегі сегіз ірі кәсіпорында шығарындыларды автоматты бақылау жүйесі жұмыс істеп, мәліметтер Ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде жолдануда.
Өндірістегі ресурсты үнемдеудің нақты мысалы Балқаш мыс балқыту зауытында көрініс тапты дей аламыз. «Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кәсіпорындағы №3 анод пешіне отынның жануын автоматты басқаратын жүйе енгізілген. Құны 60,26 млн теңгелік жоба аясында заманауи мазут оттықтары орнатылып, отын мен ауаның берілуі автоматтандырылған. Нәтижесінде, алдын ала жүргізілген бақылау бойынша мазут шығыны 15 пайызға қысқарған. Бұған дейін қолмен реттелген үдеріс енді арнайы жүйе арқылы басқарылып, отынның артық жұмсалуын азайтуға мүмкіндік туғызған. Бұл көрсеткіш барлық зиянды шығарындылардың дәл осындай мөлшерге төмендегенін білдірмейді. Дегенмен, энергия тиімділігін арттыру жолындағы нақты қадам екені анық. Компания аталған тәжірибені өзге анод пештерінде де қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Осылайша, өндірістік шығынды азайтудың өзі табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бастайтын маңызды тетікке айналып отыр.
Экологиялық жаңғыру Теміртаудағы Qarmet кәсіпорнында да қолға алынды. Комбинатта ескірген өндірістік қуаттарды алмастыруға арналған №8 және №9 кокс батареялары салынуда. Жиынтық қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруге есептелген нысандарды келер жылы іске қосу жоспарланған. Жоба өндірістің тұрақтылығын арттырумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті жақсартуды көздейді. Бұған қоса, өңірдің экологиялық жол картасы аясында газ тазарту жабдықтарын жаңғырту және өндірістік шығарындыларды бақылауды жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда, мұндай бастамалардың тиімділігі жоспарланған инвестициямен ғана емес, атмосфераға тарайтын ластаушы заттардың нақты қаншалықты азайғанымен бағалануға тиіс.
Өндірісті жаңғырту – экономикалық қажеттілік қана емес, қоршаған орта алдындағы жауапкершілік. Әсіресе, металлургия мен көмір өндірісі шоғырланған өңірде технологиялық тиімділіктің экологиялық нәтижесі айқын сезілсе керек. Сондықтан, дамудың басты шарты – өндірісті шектеу емес, оны табиғатқа барынша аз салмақ түсіретін технологиялық деңгейге көтеру болмақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



