Бас тақырыпРеферендум

Демократия – бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырады

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ елімізде демократиялық институттардың дамығанын айқындайтын Конституцияға реформа жобасын референдумға шығару туралы шешім қабылдады. Ал, аталған реформаларды қабылдау шешімі тікелей халықтың еркіне байланысты. Яғни, көпшілік жақтап дауыс берсе, ұсынылған өзгерістер моделі қабылданады. Ал, қарсы дауыс берсе – онда түзетулер қабылданбайды әрі қолданыстағы модель сақталады. Бұл – қазақстандықтардың ерікті демократиялық қоғамда өмір сүретіндігінің кепілі болмақ. Ал, бәсекеге қабілетті ұлт осындай қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Демек, Президент айтқан сапалы адами капитал мен сапалы ұлт қана билікке бақылау жүргізе алады. Шешім биліктің ғана емес, халықтың да шешімі болуы үшін көпшілік қоғам өміріне тікелей араласуы тиіс.

Демократиялық қоғамға бет бұрғанымыздың айқын көріністерінің бірі – Конституцияға енгізілетін өзгеріс­тердің қатарында Президенттің лауа­зымына байланысты шектеулердің бо­луы. Яғни, 5 маусымдағы референдум кезінде халық ұсынылған өзгерістерге жақтап дауыс беретін болса, Прези­денттің жақын туыстары үшін ква­зимемлекеттік секторда саяси лауа­зымдар мен басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Кон­ституциясына сәйкес Президент – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Осыған байланысты, мемлекеттегі ықпалды лауазымдарға орналасу үшін туыстық байланыстарды пайдалану мүмкінді­гін болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгей­ де тыйым салу жөнінде ұсыныс айты­лады.

Мәселен, «Неке (ерлі­-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте жақын туыстарына ата­-аналары, балалары, асырап алушылар, асырап алынған­дар, ата­-анасы бір және ата-­анасы бөлек аға-­інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-­қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі­-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер бар.

Бұл жерде мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдары­на мемлекеттік органдардың басшы­лары, Президент Әкімшілігінің, Пре­мьер­-Министр Кеңсесінің басшылары, олардың орынбасарлары, әкімдер, сондай-­ақ Төтенше және Өкілетті Ел­шілер және басқалар жатқызылды. Ал, квазимемлекеттік секторға мем­лекет қатысатын ұйымдар, мысалы, мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компа­ниялар кіреді. Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленген жағдайда, мысалы, Президенттің аға­сы, әпкесі, балалары «Самұрық­-Қазы­на» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық лауазымға орналаса алмайды, облыс әкімі бола алмайды немесе мемлекеттік органда саяси лауазымдарды атқара алмайды.

Сонымен қатар, бұл тыйым Пре­зиденттің өкілеттіктерін орындау ке­зеңінде ғана күшіне енетінін ескеру қажет.

Президент Қасым­-Жомарт Тоқаев­ тың «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартуын шетелдік мамандар да қол­дауда. Мәселен, Венгриядағы Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдігінің бас­ шысы, Елші Янош Ховари Президент Қасым­-Жомарт Тоқаевтың реформа­ ларының жаңа пакеті елдегі қалыптас­қан саяси жүйе үшін «айқын серпіліс» екенін атап өтті.

Сонымен бірге, оның пікірінше, бұл өзгерістер оң серпін алса, елде инновациялық экономиканың дамуы жүрмек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button