Ресми

Құжат айналымының жай-күйі түсіндірілді

Облыстық тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу ерекшеліктері» тақырыбындағы онлайн семинар «ZOOM» платформасында өтті. Мақсаты – мемлекеттік тілдің іс жүргізудегі негізгі тіл ретінде қолданылуын жетілдіру, мекеме қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында қазақ тілін қажетті деңгейде қолдануын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілде іс жүргізу талаптарына сәйкес ресімделуін біріздендіру жұмыстарын үйлестіру.

Семинар лексикалық және тәжірибелік бөлімнен тұрды. Лексикалық бөлімінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева «Мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын жүргізу ерекшеліктері және олардың ресми интернет ресурстарындағы тілдік ахуал туралы» тақырыбында баяндама жасады.

Оның айтуынша, құжат – адамдар әрекеттерін басқаратын, заңды күші бар мәтін. «Осыдан мәтіннің құрылуы мен жазылуына, бұрмалаушылық пен ауыспалы мағыналарға жол бермеушілікке деген талаптар да жоғары болады. Құжаттарда әрдайым тұрақталып қалған, стандартты сөз орамдары пайдаланылады. Мысалы, бұйрықты орындау үшін, хаттамаға сәйкес, келісім-шарт қол қойылған күнінен бастап, өз күшіне енеді деген сияқты. Сондықтан, оның мазмұны қысқа әрі тұжырымды, нақты болуы тиіс. Сөздер мен терминдер өз мағынасында қолданылып, олардың орамдарының бірегейлігі сақталуы керек» – деді ол.

Ал, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «Қазақ тілі практикалық курсы» кафедрасының профессоры Бақыт Айтбаева «Ресми құжаттардың кейбір стильдік ерекшеліктері және оларды жазуда ескерілетін емле қағидалары» туралы сөз қозғады. Ол да өз сөзі барысында жоғарыдағыдай электронды көмекшіге жүгінді. Баяндамада еліміздегі мемлекеттік орган атауларының лауазым мен жүйелік құрылым атауларының іс-жүргізу барысында қалай жазылатыны тілге тиек етілді. Сонымен қатар, қай кезде кіші әріппен жазылатыны мен қысқарған сөздерге қосымшаның қалай жалғанатындығы және орыс тілінен енген ог, рк, рг, ск, кт, кс, лк,ль сынды дыбыстар тізбегінің қалай жазылатынына назар аударылды.

Шара барысындағы көрсетілген слайдтар қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Олар арасында түсінбеген тұстарын қосымша сұрақ қою арқылы түгендеп отырды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қарағанды облысының мемлекеттік архиві» КММ бас сарапшысы Қаламқас Жұмабекованың «Мекемедегі құжаттама және құжат айналымы» тақырыбында жүргізген практикалық жұмысы, тіпті, өзгеше әрі әсерлі болды. Ол өз ісін жетік меңгергенін дәлелдеумен қатар, қатысушыларды тың көзқарастарымен таң қалдырды. Сөзге шешендігі әрі көпшілікті үйіріп әкете алатын қабілетіне жұрт риза болды.

– Сырт көзге оңай болып көрінетін құжат айналымы жұмысы өте қырағылықты талап етеді. Алдымен, құжат айналымының қазақша болуына мән берген жөн. Сондай-ақ, түпнұсқа бланкіні үнемдеп, оны кімнің атынан және кімге рәсімделуінен бастап, екі шетінен қанша орын бос қалдыру керектігін де жақсы білген жөн. Сондайақ, түпнұсқа бланкідегі мөр мен төменге қойылатын мемлекеттік мөр белгілері бірдей болуы тиіс. Міндетті түрде, уақыты көрсетіліп, қол қойылуы керек. Және іздегенде оңай табу үшін әр тоқсанның құжаттарын жеке папкаға тігіп, арнайы журналға тіркеу қажет, – дейді Қаламқас Темірғалиқызы.

Облыстық департаменттер, басқармалар, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мамандары қатысқан семинарда осы салада қордаланып қалған мәселелер де ортаға салынды. Құжат айналымының қазақшалау жолдары түсіндірілді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістер құпталды, мекемелер тарапынан жіберілетін кемшіліктерге сын айтылды.

Шындығында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде облыстық тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасы мен облыстық тілдерді оқыту орталығының еңбегі ұшан-теңіз. Карантин кезінде де көптеген игі шаралар өткізіп, жұмыстарына адал нағыз білікті маман екендіктерін көрсетіп келеді. Тіл – ұлттың жаны. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс-қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс-қағаздар, ресми құжаттар тілі бір жүйеге түспейінше, стильдік жағынан қалыптаспайынша, қазақ тілінде сауатты жүргізілмейінше, қазақ тілінің қолданыс аясы, қызмет қарымы өрісін кеңейте алмайтыны белгілі. Сондықтан да, бұл күрделі мәселені басқарма мамандарының желкесіне артып қоймай, әрқайсымыз өз тарапымыздан мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына үлес қосуымыз қажет.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button