Руханият

Несіпбек АЙТҰЛЫ: «Бауырым, бақыт деген – құстың сүті…»

Бүгін өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар, Алаштың айтулы ақыны Несіпбек АЙТҰЛЫ 70-тің жотасына шығып отыр. Бостандық жырының бозжорғасына айналған ақынның шығармашылығы – «Орталықтың» ойлы оқырмандарына етене таныс. Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ Қасым ақынға көлемді поэма арнап, өлең сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленсе, жауһар жырлары сөзі абызға, өзі аңызға айналған Ақселеу СЕЙДІМБЕК ағамыздың көптеген әуезді әндеріне арқау болып, ұлт руханиятын қайта түлетті. Мерейтой қарсаңында «Бал бұлағы есіліп аққан, арғымағы көсіліп шапқан» Арқа жұртының атынан ақынға шалқар шабыт тілеп, бір топ өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан.

 

ИМАН ҒАНА

Құтылып құлан-таза бұл індеттен,
Ит тірлік түзелер ме қырын кеткен?
Ілінсең иірімі тартып кетер,
Тағдырдың түбі терең жылым неткен?!

Ағайын, алыс-жақын жұрағаттар,
Өмірде күлу бар да, жыламақ бар.
Адымын алшаң басып жүйрік уақыт,
Біздің де басымыздан бір-ақ аттар.

Соңынан қуғанменен құлғанадай*,
Артына кете барар бір қарамай.
Бұлдырап көзді алдаған келешектен,
Кім білсін дәм бұйырар кімге қалай?

Дүние көшіп жүрген сары алтындай,
Көрінер мың құбылып саған тынбай.
Құдайым қалғанына сабыр берсін,
Жоғалттық көп нәрсені жоғалтудай.

Алсаң да жеті атаңды көрден қазып,
Дертіңді қай құдірет берген жазып?
Бөктеріп қу дүниені кім әкеткен,
Емес пе иман ғана – өлгенге азық?!.

* құлғана – деген індет

ҚАСЫМ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Көтеріл, тұр орныңнан, сөйле, Қасым,
Өлген деп ешкім сені ойламасын!
Салса да от пен суға жаны сірі,
Мына жұрт ақындармен ойнамасын!

Жаға ма бұл жалғанда пенде көпке?
Қысылсам қолыңды соз, кел көмекке!
Тоқымдай тозып біткен лақтырып кет,
Ұлтыма жарамасам мен керекке.

Ұшқындай сенен қалған өрттен жеткен,
Жанымды менің-дағы дерт меңдеткен.
Күркілдеп көрпе астында жатқанымды,
Сыртымнан қайдан білсін өткен-кеткен?

Өлеңнің көк нөсері – өршіл, аға,
Маған да езуіңнен бер сыбаға!
Бүркіттей борандатып бір соғып кет,
Қанаты қайырылған қаршығаға.

«Барың да, бақытың да өлең еді»,
Жұлдыздай жарқыраған төбедегі.
Ақынға алтын-күміс жараспайды,
Жаратқан одан артық не береді?

Өзгеден сенің орның бөлек еді,
Кигенің жыртық-тесік кенеп еді.
Біздің де үстімізден түсер бір күн,
Бес күндік бұл пәнидің кебенегі.

«Көк бөрік, көк жағаның заманында»,
Қара бұлт үйірілді қабағыңда.
Айтқаның сенің зарлап былай қалды,
Қара жер зыр айналды табанымда.

Көз жазып көкжалдарым қайран жерден,
Атудан қалғандары айдауда өлген.
Солардың кебін киіп қалмас үшін,
Алдымен сені іздеймін майдан көрген!

Күркіреп найзағайдай бұлтты жарып,
Көрінсең қалар еді жұрт қуанып.
Намыстың сен бардағы қызыл өрті,
Майшамдай сығырайып бітті жанып.

Көбейді жылмаңдаған жаңа пысық,
Аспанға шілдің боғы барады ұшып.
Көбіміз жүргендейміз осы күні,
Қуалап қараңғыда қара мысық.

Қанатың жел тұрғызса самұрықтай,
Қалмайды қу заманның шаңы бұқпай.
Қазақтың қасіретін қайдан ұқсын,
Өскендер өзге түгіл өзін ұқпай.

Шарт етіп шамырқанғыш, шамшыл аға,
Қайғымды мен айтпайын, сен сұрама.
Бетінің қытығы жоқ безбүйректің,
Етінен ет кессең де қан шыға ма?!

ҚҰРАЛАЙ-ҒҰМЫР

Мына күннің алды–жаңбыр, арты–қар,
Тоңған жаным торғайдайын қалтырар.
Ғұмыр сірә қызыл шақа құралай,
Туа сала сан жығылып, сан тұрар.

Мына түннің арты–боран, алды–қар,
Жыласаң да сыңайы жоқ зарды ұғар.
Қар үстінде қалтыраған нәресте,
Қайда барар, қай тарапқа қаңғырар?

Қорғансызға жер бетінде жоқ пана,
Жемтік болар жыртқышқа да, оққа да.
Құлдыраған сәби-жүрек тобықтай,
Құстай ұшып жанын сақтар тек қана.

Кім біледі алдында не күтіп тұр,
Жүгірмесе жоғалтардай жұтып қыр.
Ызғарлана түпсіз қойнын ашады,
Шексіз әлем бермейтұғын бітіп бір.

Сенделеді қиырына шыға алмай,
Жүрегіне біреу пышақ сұғардай.
Төбесінен мың бәлекет ұлиды,
Күтір-күтір аспан мұзы сынардай.

Ғұмыр сірә жез киіктің лағы,
Таптырмайды шөлдегенде бұлағы.
Ортасында өмір менен өлімнің,
Күндіз-түні елеңдейді құлағы.

Құралайым, тұра берме құр қарап,
Жон теріңді сыдырғанша бір қабат.
Онсыз-дағы құдіреттің көк иті,
Тарпа бас сап, талап жейді жұлмалап.

КӨК ТҮТІН БОП…

Мен тұрамын шулы қала ішінде,
Түк көрмеген, түк сезбеген пішінде.
Жасырғаным – таңдайымның астында,
Талшық қылған тарамысым – тісімде.

Жел тимеген тағысы едім даланың,
Қамауына тез көндіктім қаланың.
Күн қабағын көкжиектен танушы ем,
Енді бағам терезенің қабағын

Бұған-дағы шүкіршілік етемін,
Елден асып, енді қайда кетемін?
Осы болса – менің Мекке, Мәдинам,
Осы болса – ұя салған мекенім!

Шулы ортаға келген жоқпын бекерге,
Қуғанменен арманға адам жетер ме?
Тар қалаға тағдырымды байлағам,
Кең даланың құшағынан кетерде.

Мұны өзімнен басқа, сірә, кім ұғар,
Жөнім де бар жәрмеңкеге құнығар.
Бұл қалада жер-жаһанның жыны бар,
Бұл қалада жеті атамның құны бар.

Бұл қалада өмір сүрер оңай кім?
Бұл қалада тоналамын, тонаймын:
Сылдырына зар боп жүріп бұлақтың,
Сыбдырына зар боп жүріп тоғайдың.

Бұл қалыппен жүре берсем, жаным-ай,
Түбінде бір өзімді-өзім танымай,
Көк түтін боп көкке қарай ұшармын,
Жер бетінің тынысына жарымай.

Көлеңкемнен басқа сонда нем қалар,
Өз білгенін оқи берсін молдалар.

Қаралы бір қара сызық тартылып,
Аспан менен жер ортасы жалғанар.

Сонда менің біткен жаным тоналып,
Кең аспанның аясында демалып,
Кешкі бұлттай күреңітіп жатармын,
Батқан күннің шапағына оранып…

БӨЛІНДІМ ТУҒАН ҮЙДЕН

Несіне елес қуып, іздедім бақ,
Шаршадым түсемін деп ізге жұмбақ.
Бауырым, тіршіліктің түйір дәні,
Болғанмен біреуге – арзан, бізге – қымбат.

Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық,
Жалғанның жарығына жанталастық.
Таяқты тар көпірде көп жедік те,
Аяқты ақсақ аттай тарта бастық.

Батыр да қылышынан қан сорғалар,
Басына бейнет түссе жан сауғалар.
Әкенің тозған тоны қырық жылғы,
Боранда қайсымызға қамсау болар?

Бөліндім туған үйден мен ертерек,
Көрмедім ағайынға көп еркелеп.
Жатырмын енді, міне, жар түбінде,
Теректі өзім еккен көлеңкелеп.

Кім ұғар сен сезбесең бұл жайымды,
Біртіндеп тұла бойға мұң жайылды.
Болашақ не сыйларын өзі білер,
Әзірге аман жүрген күн қайырлы.

Өмірдің әрбір жазы, әрбір қысы,
Келмейді әсте сырын алдырғысы.
Шығары қай жағыңнан тағы жұмбақ,
Дамылсыз ұшып-қонған тағдыр құсы.

Арманды қуып бақтым бір кісідей,
Жолымды кесті қанша жынды сүрей.
Туған жұртқа тірек болу – ерге сын,
Құлдықты енді Құдай басқа бермесін.

Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашан да Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.

Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.

Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.

Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Бодандықта болған біздер білеміз!
Талайдың шындық көзі деп жүргені –
Мылтықтың үңірейген ұңғысы ғой.

Қайғыдан қатырмаса жаныңа мұз,
Адамға өткен күннің бәрі де аңыз.
Бауырым, бақыт деген құстың сүті,
Таңдайға жоқты қалай тамызамыз?

ОТАН

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Керек қылса жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

ТҮСКЕНДЕ БЕСІН АУЫП

Бірге өсіп, біте қайнап халықпенен,
Сырына сұм жалғанның қанып келем.
Күн батса табысамын қараңғымен,
Таң атса жарысамын жарықпенен.

Алмасқан сиқыр дүние күн мен түндей,
Келеді кімді туып, кімді өлтірмей?
Алысқан ауыздықпен асау тағдыр,
Қойдың-ау, ыңғайыма бір келтірмей.

Кім тойған қызығы мол тәтті өмірге,
Созғанмен қол жетер ме көкте күнге?
Қоштасқан сұлу қыздай қолын бұлғап,
Ғұмырдың жастық қалды көктемінде.

Түскенде бесін ауып күн жамбасқа,
Сырлас жоқ сағыныш пен мұңнан басқа.
Үңілер жан табылмас оңашада,
Мөлдіреп жанарыңда тұнған жасқа…

САҒЫНЫШ

Жеткізбей алыс қалған тау етегі,
Бұл күнде сағыныштың зары өтеді.
Секілді жаздың бұлты жайлаудағы,
Ойласам көздің жасы сау етеді.

Жабырқап жаным неге егілмесін,
Ауылым, түсімдесің, өңімдесің.

Қайтейін, тоқтататын дәрменім жоқ,
Бұлдырап белден асқан өмір көшін.

Қарашы, жүрегімнің ауырғанын,
Қаға алмай қанатымды ауырладым.
Дүр етіп ұшып кеткен бір топ құстай,
Қай жаққа ғайып болдың, бауырларым?..

АҚ ҚЫРАУ – АППАҚ КӨБЕЛЕК

Күрсініп іштен көл тынып,
Жапырақ қурап ұшқанда,
Көзімді жасқа толтырып,
Қарадым қайтқан құстарға.

Уақытқа ешбір тоқтау жоқ,
Шыдарсың қалай келіспей.
Тағы да бір жаз өтті-ау деп,
Күйзеліп тұрдым мен іштей

Жоғалды қайда гүлдерің,
Жазым-ау, неге қысқардың?
Кетті ме қызық күндерім,
Қанатында ұшқан құстардың.

Әркімге бар ғой бір жазым,
Құстар-ау, сақ бол мергеннен.
Келер ме қайтып бұл жазым,
Айналып сендер келгенмен.

Мезгілмен бірге көшермін,
Келеді тағы бір көктем.

Ізетпен сәлемдесермін,
Жымияр ол да құрметпен.

Түсінер бәлкім түсінбес,
Жұмбақтау сырын жанымның.
Не күйге сірә түсірмес,
Шарпуы жастық жалынның.

Біртіндеп сырғып, көрінбей,
Ғайып боп көзден бақ мынау,
Салқын бір күздің лебіндей,
Самайға қонар ақ қырау.

Уайымдап оны не керек,
Ұшар да кетер жөнімен.
Ақ қырау – аппақ көбелек,
Ойнаған уақыт желімен…

КӨККЕ ЖАЙЫП ҚОЛЫМДЫ

Туған тілдің омырауынан сүт емген,
Ұрпақтардан үлкен үміт күтем мен.
Бір күндері ашылар деп ойлаймын,
Бір кездегі бұлақ көзі бітелген.

Көзі ашылса күміс бұлақ сарқырар,
Көні кепкен құба шөлге көл тұнар.
Кәусарына шөлі қанған қазағым,
Бұлттан шыққан күндей болып жарқырар!

Қайта туар көш бастайтын көсемдер,
От ауызды, орақ тілді шешендер.
Ей, келешек, туған тілдің жолына,
Шашу шашып, қызыл кілем төсеңдер!

Көріпкелдер келер күнді болжайды,
Кемеңгерлер айтып кеткен ол жайлы.
Өз елі бар, өз жері бар болғанмен,
Өз тілі жоқ мемлекет болмайды.

Қайран жүрек қан жылайды құсадан,
Қай құдірет тұлпар тілді тұсаған?
Жәрдем сұрап жалбарынсам жараспас,
Көктегі Иса, жер бетінде Мұсадан.

Уа, Мұхаммед, түссін бізге оң көзің,
Кінәлінің жазасын бер, Алла өзің!
Қара түнде көкке жайып қолымды,
Туған тілдің күтіп тұрмын таң бозын.

БЕСІК ЖЫРЫ

Адамның еске түссе есіл күні,
Есіне түседі екен бесік жыры.
Жадымнан оқта-текте шығып кетсе,
Анашым, айналайын, кешір мұны

Қоңыр тау, Қоңыр өзен сарылдаған.
Келеді алыстан сол сарын маған.
Өз үнім естілгендей өзіме анық,
Бір кезде бесігімде шарылдаған.

Бесігім, қасиеттім, кешір мені!
Өмірдің заңы ғой бұл көшірмелі.
Қайтар ем құндағыма мүмкін болса,
Көкжиек жеткізбейді-ау көсілмелі.

Дүниеде саған нені теңгеремін,
Қалды ғой сәбилігім сенде менің.
Естілші тағы да бір, бесік жырым,
Қысып тұр қаталатып шөл дегенің.

Бесік жыр – аппақ сүтім, жарықтығым,
Сен едің жарық жұлдыз, жарық күнім.
Жетсеңші, омырауыңнан иіскейін,
Қабатын қалың түннің жарып бүгін.

Айналып аспандағы күміс айға,
Сәулесін түсіргенде үміт-айна,
Тұрушы ең қараша үйді күңірентіп,
Байғыздың сұңқылдаса үні сайда.

Тыңдатып тау күбірін, мал дүбірін,
Өзен-су, жартастардың жаңғырығын,
Қасықтай көкірегіме құятынсың,
Әкеліп табиғаттың барлық үнін.

Қағып ап бір қымбатты мұңлы ырғақты,
Құйтымдай қоңырау-жүрек күмбір қақты.
Үзіліп кете ме деп үрейленем,
Кенеттен қағып қалсам бір күн қатты…

Көп жылдар құлағыма шалынбаған,
Сусап тұр балдай тәтті сарынға жан.
Самал жел, жалынамын, жеткізіп бер,
Анамның әлдилеген әнін маған?!.

ТАҢҒЫ ШЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Жарық дүние жалғасындай,
Ай нұрынан тамды сүт.
Қара түннің көз жасындай,
Мөлдіреген таңғы шық.

Сезетіндей көп тұрмасын,
Дірілдейді тізіліп.
Жел тербесе шөптің басын,
Жерге түсер үзіліп.

Бар тіршілік шөл қандырар,
Төгілгенде таң нұры.
Кімді бірақ толғандырар,
Таңғы шықтың тағдыры?..

БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚАДІРІ

Зәресі ұшып індет деген дүлейден,
Бүкіл әлем қалтырады үрейден.
Әуежайда қаңтарылып ұшақтар,
Жартастардан аумай қалды сілейген.

Өмір-өлім бетпе-бет кеп тіресті,
Пойыздардың, кемелердің үні өшті.
Мемлекеттер бір-бірімен жауласқан,
Бір-бірінің амандығын тілесті.

Тура келген ажалдан кім бұлтарды?
Адамзаттың көк аспанын бұлт алды.
Шекаралар, көшелер де жабылды,
Терезелер, есіктер де қымталды.

Көңіліне уайым кірген күйінде,
Пақыр да отыр, патша да отыр үйінде.
Бейбіт күннің білмеппіз ғой қадірін,
Ішкен тамақ, мәз боп киген киімге.

Ар алдында есеп берер күн келді,
Қарақшылар, жемқорлар да жым болды.
Ұмытылды соғыстар да кешегі,
Естен шығып кім жеңілді, кім жеңді?

Түскен кезде ауыр тағдыр тезіне,
Шырқырады шайтандардың өзі де.
Тажалдар да тәубасына келіп бір,
Шыбын жаны елестеді көзіне.

Ей, бауырлар, қу дүниеге құнықпа,
Мөңіреме мәнсап деген тұлыпқа.
Қырғын тисе көппен бірге кебінсіз,
Қара жерге кіреріңді ұмытпа!

Адамзатқа келген тосын зобалаң,
Аулақ кетсін, болсын барлық ел аман!
Достық қана бекітеді іргеңді,
Қастық қашан қажетіңе жараған?!

Бір-біріңді хан-төредей күтіңдер,
Туысыңа тапсаң құстың сүтін бер!
Мейрім ғана жеткізеді мұратқа,
Қайырым ғана қабырғаңды бүтіндер!

ТАБАЛДЫРЫҚ

Халқыма қадірменді, табалдырық,
Тұрасың әр уақытта алаң қылып.
Үлкендер «Баспа!» дейді,
Аттап өтем,
Сыр бар-ау, ар жағында алар біліп.

Тіршілік қарағанда маған күліп,
Талпындым айналама,
Санам кіріп.
Аттатып кең дүниенің есігінен,
Шығарып салдың алғаш, табалдырық!

Келесің әлі күнге адам қылып,
Өмірдің өзегінен нәр алдырып.
Жасадым ерсі мінез өзім қанша,
Сенен бір байқамадым жаман қылық.

Көрсетіп жігерлілік, табандылық,
Жасқанбай талай жерге барам кіріп.
Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен,
Алдымда тұрасың сен, табалдырық.

Біреулер жылап қарсы ап,
Қалар күліп,
Біреулер сенген болып, алар күдік.
Әйтеуір барлық сырым саған аян,
Бәріне куәсің ғой, табалдырық!

Үстіңнен өтті қанша заман жүріп,
Сайран сап…
Және тағы салар бүлік.
Өзіңнен дос та аттады,
Қас та аттады,
Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық.

Алыстан аппақ шамын жағарда үміт,
Уайымның қара құлпын алам жұлып.
Есігін арманымның айқара ашып,
Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық!

Тосыннан үйіріліп қараңғылық,
Тағдырым тастағанда маған құрық,
Жолында асу бермес асқар болып,
Көлденең жатып ал, сен, табалдырық!

Басқа материалдар

Back to top button