Тағылымы терең туынды

Танымал қайраткер, журналист, белгілі ғалым С.Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты кітабы даңғайыр қаламгер Ә.Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстан тұрады екен. Бірден айтайық, жанр – тарихи категория. Ұлтының біртуар перзенті болған Әбіш Кекілбаевтың ұлылық һәм ірілік феноменін жарқырата көрсету үшін автор еңбегінде жанрдың алуан түрлі иірімі шебер пайдаланылған. Бұл орайда С.Абдрахманов ерекше толғанған, ерекше ойланған, тіпті, ерекше жүрексінген. Жүрексінуі жазу машығы мен талантының кемістігінде емес, асқақ тұлғаның биіктігін шынайы түрде кескіндей алам ба деген жауапкершіліктен туындағаны бірден аңғарылады. Эссе, эпистолярлық сипат, естелік, негізгі нысанға қатысты әлем ойшылдарының ой-пікірі, қағидалары, шығарма өзегіне арқау болған еңселі тұлғаның жалпы адамзаттық құндылық қазынасына қосқан үлесі жайлы толғам, толғаныс, деректілік пен салыстырмалық сипат, публицистикалық тартымды желі т.б., тұтасып келгенде, автордың Әбіш әлеміне именбей енуіне алғышарт жасаған. Абдрахманов Әбіш әлеміне бойлай алғандықтан, Әбіш рухы оны жатсынбай, киелі де қасиетті бағытқа бастағанын баса айтуды парыз деп білдік.

Әбіш-абыз. Сол абыздық оны даңғайыр қаламгер етті. Абыздық ойшылдықтан туындайды. Сол абыздық ақын Әбішті, прозашы, драматург Әбішті, сыншы, толғанғыш Әбішті, шешен Әбішті дүниеге әкелді. Сондықтан, осынау екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бірнеше ірі қасиет тұтаса келіп, ойшылдықтан туындаған қаламгер Әбішке асқан білімдарлықты, ірі мәдениеттанушылық пен өнертанушылықты, философтық, саясаткерлік, тарихшылық, көсемсөзшілік, әдебиеттанушылық саласында сұңғыла көрегендікті сыйға тартқанын еңбек авторы жан-тәнімен сезіне алған. Адам, бәрінен бұрын, пенде. Періште емес. Сондықтан, оған пенделік мінез, кемшілік тән боп келеді. Әбекеңде де болса керек. Сірә, замана дауылы қай тараптан долыра соқса да, айылын жимай, қасқая қарап тұра беретін осынау тұлғаның кемшілігі өзін түсіне қоймаған, түсінгісі келмеген жекелеген жандардың ұсақтығына, аласалығына налып, сезімтал да нәзік жүрегінің, саф таза, тым мөлдір адами болмысының сыр беруі, налуы, адам айтқысыз күйзеліске берілуінде шығар?!.

С.Абдрахманов Әбіштің шыққан биігін Тәңірдің оған сыйлаған ерекше сыйы дей отырып, даналық, даралық, ойшылдық, классиктік, кемеңгерлік сипатын ұлттың төл топырағынан, сондағы рухани, қатпары мол тарихи шүйгіндіктен табуға тырысқан. Тауыпты. Тапқаны сол, ұлт тарихындағы туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құба түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған баһадүрлер мен сөз бастаған шешендер әлеміне, Адам атты аса күрделі жаратындының пиғылы мен ниетіне, мінезі мен танымына бойлай алуы Ә.Кекілбаевты тұлпар тұрпатты, сұңқар сипатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да өзінің сөзін оймен астастырып айта алатын қайсар қаламгер, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, тарихшы, саясаткер етіп қалыптастырыпты. Ә.Кекілбаев болмысындағы осынау әмбебаптық сипат төл топырақтағы ұлттық шалқар шабыт, нәзік лиризм, терең философия, ұйыта білетін психологизм, ешкімде кездесе бермейтін, тек қазаққа ғана тән ұлттық бояу иірімінен бастау алатынын автор тереңнен тартылған тамырластықтан тапқан сыңайлы. Нәтижесінде Ә.Кекілбаев феноменіндегі ойшылдық қасиет тек оған ғана емес, исі қазақ руханиятына, болмысына қойылған ескерткіш екен, кітап авторы асқақтық сатысымен жоғарылаған сайын төңірегіне ғана емес, төрт құбылаға шалжия орналасқан шартарапқа да молынан көз тастап , өзі де ойланып, өзі де толғанып, өзгешелеу бір сәтті бастан өткергенін пайымдағандаймыз. Автор Ә.Кекілбаевтың өмірдегі ізімен өзі де жүре отырып, өнердегі ізі арқылы АДАМ- УАҚЫТСАНА-ҚОҒАМ төрттағанына терең талдау жасаған. Ә.Кекілбаев тұлғасындағы азаматтық ажар, кісілік келбет оның бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтып, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе-руханиятты жасаушы бойындағы дала табиғатының мінезі десек, нақты өмірдегі Кекілбаев пен өнер ауқымындағы Кекілбаевтың біте қайнасып, шебер ұштасқанын, әбден кірігіп, әбден бірігіп кеткенін аңғарасыз.

«Абыз Әбіш» – классик дәрежесіне көтерілген тұлғаның адами болмысына, қайраткерлік еңбегіне, руханияттағы нық жайғасқан орнына берілген баға. Ә.Кекілбаев қайраткер, саясаткер ретінде, кемел мінез иесі ретінде, ірі жазушы, тарихшы, ойшыл ретінде көптеген автордың ірілі-ұсақты ертелі-кеш жарық көрген еңбегіне арқау болып келе жатыр. Ал, «Абыз Әбіш» кітабының авторы классик қаламгердің сан қырлы еңбегіне, феномендік сипатына оның ОЙШЫЛДЫҚ даралығы арқылы үңіле алған. Сол мақсатына жеткен. Еңбектің құндылығы да, автордың толғамы осымен құнды болып тұр. Ірі еңбек қандай сыйлық, марапатқа болса да лайық деп нық сеніммен айтуға болады.

Мәуен ХАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы,

профессор,

ҚР Мәдениет қайраткері.