Руханият

Темірқазық – туған жер

«Рухани жаңғыру», «Өнегелі өмір» жобасы аясында №102 мектеп-гимназия оқушылары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос СМАҒҰЛОВПЕН тікелей эфирде онлайн сұхбат өткізді. Ол алтын бесік Ақтоғай өңірі, киелі Шабанбай би ауылынан түлеп ұшып, саналы ғұмырын әдебиеттану ғылымына арнаған. Бүгінде 4 монография, 13 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал, 7 ғылыми-танымдық кітап пен 350-ден астам ғылыми, сыни және публицистикалық мақалалардың авторы.

«Мен туған жерімді әлемнің Швейцариясынан кем көрмеймін. Ауылда туып, қалада тірлік кешіп жатқандар – ешқашан қала жайлы түс көрмейді. Өмір бойы түсінде ауылды ғана көреді. Ол деген не? Туған жеріңе, кіндік қаның тамған өлкеңе деген балалық, перзенттік махаббатың емес пе? Ұйықтап жатсаңыз да, бала кезіңізді, туған жеріңді, достарыңды, өскен ортаңды түсіңде көресің. Ауылда туғандардың ерекшелігі осы. Ел арасында, «Ақындар ауылда туып, Парижде өледі» деген бір қанатты сөз бар. Мен қазақ деген дана халықтың ұлттық тәрбиесін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын сақтап өскен ұрпақ өкілімін. Ауылда туғаныма, және орысша акцентпен сөйлегеніме ешқашан қымсынған емеспін. Ақтоғай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арнап, «Абыз дала, Аңыз дала – Ақтоғай» атты тарихи дерекнамалық кітап шығарғаным, туған жер алдындағы бір перзенттік парызымды өтегенім деп санаймын» – деп сөз бастады Жандос Қожахметұлы.

Өзі өскен Шабанбай би ауылы – Қарқаралыға жақын көрінеді. Ол уақыттағы Ахмет Байтұрсын ашқан мектеп, Ахмет негізін қалаған педагогикалық техникум болғандықтан, ауыл балалары мен азаматтарының барлығы ғылым-білімге жақын. Өзі де бала кезінен білімге құмартыпты. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері. Оң қолы жоқ мүгедек болса да, жалғыз қолымен 35 жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болған. Отбасында тоғыз баланың жетіншісі екен. «Әкем «Балдырған» журналынан бастап барлық газет-журналдарды үйге жаздырып алатын. Содан болса керек, мен бала кезімнен кітап оқуға деген құмарлығымның арқасында «Әдебиет» атты үлкен өнер саласына құштар болдым. Білімге құштарлығым – әкемнің, ұстаздарымның арқасы шығар» – деп тебіренеді. Жастайынан кітапқұмар бозбала, 8 сыныптан бастап өлең жаза бастайды. Әңгімелері мен өлеңдері аудандық, облыстық баспа беттеріне үнемі жарияланып тұрған. Осы бір талантын байқаған ауыл-аймақ оны «тілші бала» деп атап кеткен екен.

1974 жылы ҚарМУ-дың филология факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына түсіп, 1979 жылы оқуды тәмамдайды. Кейін кафедра университетке алып қалғысы келеді. Бірақ, бұл уақытта 3 жыл ауылдық жерде қызмет ету міндетті болатын. Содан, жолдамамен Ақтоғай ауданы, Қоңырат ауылындағы Қ.Нұржанов атындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасады. Сөйтіп жүргенде, аудандық комсомол комитеті, аудандық оқу бөлімі оны шақырып алып, ауданнан 40 шақырым жердегі «Бірлестік» бөлімшесіндегі 120 оқушысы бар сегізжылдық мектепке оқу ісінің меңгерушісі қылып жіберді. 1982 жылдың қыркүйек айында сол мектептің директоры етіп тағайындайды. 1983 жылдың 1 сәуірінде университет ұйымдастырған конкурстан өтіп, ҚарМУ-дың «Қазақ әдебиеті» кафедрасына аға оқытушы болып орналасады. Бүгінге дейін кафедраның оқытушысы, аға оқытушысы, ғылым кандидаты, ғылым докторы, доценті, профессоры атағымен еңбек етіп келеді.

Тем– Жастар өз алдына мақсат қойып, соған ұмтылу қажет. Армандар орындалатыны һақ. Әрбір қазақ азаматының жүрегінде «Әр қазақ – менің жалғызым!» – деген ұран болуы керек. Ә.Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» депті. Бұл – ұлтына деген жанашырлық, ұлтжандылық, перзенттік парыз болуы керек деген сөз. Болмаса, оның бәрі бекершілік, – дейді Жандос Қожахметұлы.

Ж.МҰҚАНОВА «№102 мектеп-гимназия»

КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button