Руханият

Құлын мен «қырын»

Ата-ананың қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз? Үкілеп өсірген ұл-қыздары кейін ата сөзін көтере алмай «үһілеп» шығады. Бұл – берісі. Әрісі – әке-шешесін қауқары азайып қария атанған шағында Қарттар үйіне жетектей жөнеледі. Бұл жасырын дүние емес. Алдыңғы жылы облыстағы бірқатар Қарттар үйін аралағанда көзім жеткені. Тағдыр тауқыметін тартып, барар жер, басар тауы жоқтар да бар. Оның ішінде өзіміздің қазақ қарияларының да қарасы көп. Міне, бүгінгі қазақ «ата-ананы, үлкенді сыйлау» дейтін ұлы күш, қастерлі қасиеттің салмағын кемітіп отыр. Мұның себебін іздеп әуре болмаймыз. Сөз қылайын дегенім – басқа…

Whatsapp әлеуметтік желісіндегі топтың біреуіне мынандай хабарлама келіп түсті. Суреті жоғарыда. Ал, ондағы аудиожүктемедегі азамат былай дейді:

«Бағана ауылдан Ұлытау жаққа қарай көлікпен жолға шығып бара жатыр едім. Бір кезде алдымнан құлын жүгіріп келіп, көліктің алдына тұра қалды. Тоқтап, «не болды екен?» деп түссем, құлын алға қарай жүреді. Мән бермей көлікке қайта мініп, кетіп бара жатсам, әлгі құлын қайтадан жүгіріп келіп, жолымды кес-кестейді. Түсінбей қалдым. «Бұл не болды» деп, артынан ердім. Сөйтсем, енесі ұйыққа құлап кеткен екен. Көршінің жылқысы болып шықты. Содан жылқыны көтеріп, көршіге хабарласып, олар алып кетті. Қарашы, мынадай керемет қасиет жылқыда да бар. Соны көріп отырып, сіздермен бөлісіп жатқаным ғой. Мұндай мейірім бүгінде адамдарда азайып барады».

Иә, жоғарыдағы сөз осыдан шықты. Енесін ұйыққа тастамай талпынған құлын-жүрекке сіз де қайрансыз. Мен, тіпті… Ал, біз әлі ата-анамыз ауыр сөз айтса, «қырын» қараймыз. Қырын қарағанымыз не? Шаңырағынан шеттетіп, босағасын бездіріп жатырмыз.

Жылқы мен қазақты жиі ұқсатып жатамыз ғой. Құлын мен ата-анасына «қырын» қараған ұрпақты тіпті, салыстыруға келмейді. Өкінішті…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button