Руханият

Әбу Насыр әл-Фараби Адам жанының БӨЛШЕКТЕРІ мен КҮШТЕРІ (қабілеттері) туралы

Адам пайда болысымен оның бойына ең алдымен бітетін нәрсе – күш [яғни қабілет], ол осы күш арқылы қоректенеді. Сондықтан бұл қоректендіргіш күш болады. Бұдан соң түйсінілетін нәрсені, мәселен, жылылық пен суықтықты – аңдауға мүмкіндік беретін және дем, иіс, дыбыс, [ақырында], түр-түс сияқтыларды, сәуле тәрізді көзге көрінетін зат біткенді аңдатқызатын күш [пайда болады]. Сезімнің пайда болуымен бірге адамда сезімдік аппарат пайда болады, оны өзінің түйсінген нәрсесін ұнатуға немесе ұнатпауға мәжбүр ететін ишарат. Сонан соң, оның бойына екінші күш бітеді, осы күш арқылы ол түйсінген, әсер алған нәрсенің сезімдік байқау әсері [көзден] ғайып болғаннан кейінгі жерде жадында сақтайды; бұл – қиялдау күші. Мұның өзі түйсік біткенді өзара біріктіреді немесе әр алуан үйлесімдер мен жіктерге бөледі, біреулері жалған, екінші біреулері – ақиқат, сонымен қатар, бұл күш қиялдағы нәрсеге ынтыққан талапты демеуші болады.

Ақырында, оның бойында ойлау күш болады, осы арқылы ол интеллекцияның пайымдағыш объектілерін аңғарады, сұлулықты сұмпайылықтан айырады, сөйтіп өнер мен ғылымға ие болады. Бұл күш те пайымдалатын нәрсеге ынтыққан талапты демеуші болады. Қоректендіргіш күш бір үстем күштен және басқа күштерден – қоректендіруші және қызмет етуші күштерден құралады.

Қоректендіргіш, үстем күш дене мүшелерінің ортасында – ауызда болады. Қоректендіруші және қызмет етуші [күштер] түрлі мүшелер ортасында орналасқан, бұлардың әрқайсысы белгілі бір дене мүшесін пана етеді. Үстем күш, өзінің жаратылысында, барлық басқа күш атаулыны билеп-төстейді; бұлар жүректе жатқан үстем күштің табиғи мақсатын көздей отырып, өздерінің қимыл-әрекетінде соған еліктейді.

Мәселен, асқазан, бауыр, көкбауыр мен оларға қызмет етуші мүшелер және ақырында, соңғыларға қызмет етуші мүшелер осындай. Сөйтіп, ең басты және билеп-төстеуші мүше – бауыр. Ол билейді де, бағынады да: мәселен, ол өтті, бүйректі және басқа да сол сияқты мүшелерді билейді, ал бағынатыны – жүрек. Қуық бүйрекке, бүйрек бауырға, бауыр жүрекке қызмет етеді. Бұлардан басқа да мүшелер бар.

Сезімдік күш [тепе-тең дәрежеде] әрі үстем [күш], әрі қоректендіргіш [күш] деп есептеледі.

Соңғысы – жұрттың бәріне әбден мәлім бес сезім, көз, құлақ және басқа [мүшелер] арасында бөлінетін сезімдер. Осы бес сезімнің әрқайсысы өз түйсінгенін аңғарады.

[Сезімдік] үстем күш дегеніміз – барлық бес сезімнің аңғаратынын бір жерге біріктіретін [күш], бұл сезімдер патшалықтың әрбір ауданындағы жаңалықтың белгілі бір түрі бойынша оның шолғыншылары мен хабаршылары ретінде әрекет етеді. Сөйтіп, үстем [күш], бейне бір патша сияқты, оның патшалығының барлық аудандарынан, яғни, хабаршылар әкелген жаңалықтар соның төңірегіне жиналады. Бұл күш тек жүректе.

Қиялдау күшінде қоректендіруші күштер болмайды, бұлар [дененің] басқа мүшелері арасында орналасады; бірақ бұл күш – бірегей күш, бұл да жүректе болады. Аңғарылған нәрсе сезімге [эсер етуден] қалғаннан кейінгі жерде ол осыны жадында сақтайды. Өз жаратылысы бойынша ол аңғарылған нәрсе жайында төрелік айтып, оны жайғастырады, атап айтқанда: түрлі амал-айла арқылы хабар объектілерінің біреулерін екіншілерінен айырады және біреулерін келістіреді де, екіншілерін түйсінілген нәрсеге қарсы қояды.

Ойлаушы күшті алатын болсақ, басқа мүшелерде оның өз түріндегі қоректендіруші немесе қызмет етуші күштері жоқ. Бәрінен бұрын ол барлық басқа күштерге үстемдік жүргізеді, ал бұлар қиялдау күштері бола ма, әр түрлі негізгі күштер бола ма, яғни, ішінде үстемдік етушілері де, бағыныштылары да бар күштер бола ма, бәрі бір. Ол [ойлаушы күш] қиялдау күші және сезімдік күш пен қоректендіргіш күш сияқты үстем күштерді билеп-төстейді.

Талпынғыш күш дегеніміз – затты ұнататын немесе ұнатпай тастайтын күш. Ол – үстем күш, ал басқа [күштер] оған қызмет етеді. Осының арқасында тілек [түгелдей] талапқа ұласады немесе аңғарылған нәрсені не сезіммен, не қиялмен, не ойлаушы күшпен аңғарылған нәрсені қабылдамай тастауға мүмкіндік береді. Сөйтіп бұл нәрсе бейне бір ұнатылған немесе ұнатылмаған болып есептеледі. Не бүкіл тәніңмен, не мүшелеріңнің бірімен әлденендей бір затты білсем деген тілегің, сонымен қатар әлденендей бір затты жасасам деген тілегің болуы керек; бірақ бұл тілекті [қайткен күнде де] талпынғыш үстем күш туғызады.

Тәннің әрекетін талпынғыш күшке қызмет етуші күштер туғызады; ал бұл күштер мүшелер ішінде осы әрекеттің жасалуына мүмкіндік берерліктей болып орналасқан; бұл мүшелер тәндегі жүйке тамырлар мен бұлшық еттер, міне, осылар арқылы іс-әрекет жасалады – жануар мен адамның мақсаты жүзеге асырылады, мұның өзі қалауынша қимылға келтірілетін аяқ пен қол және басқа барлық мүшелер сияқты. Сөйтіп, мүшелерде болатын, жоғарыда аталған күштер – түгелінен тәннің құралдары, сондықтан булар талпынғыш үстем күшке бағынады, ал бұл күштің өзі жүректе болады.

Әлденендей зат жөніндегі білім не ойлаушы күш арқылы, не қиял арқылы, не түйсік арқылы жинақталмақ.

Егер түйсінілген затты интеллект күші арқылы білсем деген тілегің болса, оны жүзеге асырушы әрекет парасатты жан жүйесіндегі екінші күштің көрінісі болмақ; ал мұның өзі – интеллектіні, елесті, түс көруді, ой толғауын және тұжырымды пікір туғызатын парасатты күш.

Ал, егер түйсінілетін нәрсені түйсік арқылы танып-білсем деген тілегің болса, осы тілекті жүзеге асыратын нәрсе тән мен психика әрекеттерінің көрінісі болмақ. Мәселен, затты көргіміз келгенде, біз қабағымызды көтеріп, назарымызды өзіміз көргіміз келген сол затқа аударамыз; егер зат қашық жатса, біз соған қарай жақындаймыз; егер оны бізден көлегейлеп тұрған бөгет болса, біз бұл бөгетті қолымызбен алып тастаймыз. Бұл қимылдардың бәрі – тәннің қимылдары, ал түйсік дегеніміз, өзінен өзі, психикалық әрекет болып табылады. Барлық сезім атаулының жайы да осындай. Әлденендей бір затты түйсінгісі келген адам бұл ниетіне әр түрлі амалмен жетеді. Мәселен, қалаған немесе күткен затын әйтеуір бір жолмен ұғынып алу үшін, яки, өткен кездегі бір затты түсіну үшін, не болмаса қиялдағыш күш арқылы бейнелеген затты білу үшін ол әуелі қиялдау күшін іске қосады, бұдан соң қорқыныш немесе үміт объектісі ретіндегі әлденендей затты түйсіну арқылы қиялдағыш күшке жеткізілген нәрсе көңілге тоқылады, немесе ойлаушы күш арқылы [танылған нәрсе сонан кейін барып тоқылады]. Жан жүйесінің күштері [немесе қабілеттері] міне осындай.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактатынан».

Басқа материалдар

Back to top button