Руханият

«Абайла деді жаңғырық…»

Күндерімді, түндерімді тәрк қып, Өтіп жатқан өмір дейтін жарықтық. Талайларды надандыққа қалып қып, Абайларды туған тұтас халық қып… Алаштың маңдайына сыймаған Абай Арқаның құшағына қалай сыйсын?! Әйтсе де, Абай күні туғанда ақынның жыры, хакімнің мұңы ағытылмай қалсын ба? Осындайда «Өлеңнің құшағына сыя алмайтын…» сөзінің тауып айтылғанына еріксіз қайран қаласың.

Арқаның орталығында Абай күні. Қазақстанда Абай атында қос аудан болса, бірі біздің облыста екен. Жалғыз қала болса, ол да осы Қарағандының іргесінде тұр. Сәпиевтей небір әлем чемпиондарын түлеткен Абай қаласы! Атының өзі керемет! Адамзаттың ақынын жатсыну бұл елдің абайында (ақыл-ес) жоқ. Сөйткен Қарағанды қауымы тығылып қашанғы отырсын? Әуелде Алаш топырағына түсіп, адамзат ақыл-ойынан ат оздырып, сеңді Абайдың өзі бұзса, ол туған күні Қарағанды жастары мен бір топ оқымыстылары да қарап қалмады. Шалқыма концерт залының алдындағы Абайдың қоладан құйылған ескерткіші алдында бастап жіберді. Сақтық шаралары қатаң сақталды, әрине. Абайдың күнінде абайламай іс етпек жоқ. Шараны ұйымдастырушы – облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен жастар ресурстық орталығы екен.

Тізгін қағылғанда, тұғырдағы Абайдың алдында алғаш сөз саптаған филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахымов еді. «Абайдың туғаны – неше мың жыл түнекте тұрған далаға Күннің шыққанымен пара-пар құбылыс еді» дейді бұл кісі. Біздің еске Серік Ақсұңқарұлының бір өлеңінің бас жағы түсті.

«Дала десем жарқ етер – ұлылық деген бір өлең,

Дала десе жарқ етер – сұлулық деген бір өлең.

Арман шығар даламда – Абайымның туғаны,

Абайларым болмаса, ақымақпын деп жүрер ем» депті. Абай болмаса, Алаш топырағы аласарып қалардай расында. Ұлт төмендесе, жұрт – тобыр. Алаш ұлы болса, Абайымен ұлы. Махамбетімен биік.

Қазақ даласына Абай күнімен қатар, «Абайтану» пәнінің келгенін де қаперлеп, қуаныш қылысты келгендер. Әңгіменің арқауы Абай болған соң, Президенттің дәл осы күні шыққан «Абай – рухани реформатор» мақаласын да тілге тиек етті. Ел арасында тосын ойларымен танылып жүрген тарихшы Нұртас Смағұлов жастар рухын көтеріп тастады. Абайдың өскен ортасы, шежіресі хақында безбендеген ол «негізінде, екі елдің бірінде мұндай кемеңгер тұлға жоқ. Абайдай тұлға туғызған елдер қазір әлемнің алдыңғықатарлы еліне айналып отырғанда, ұлт ретінде біздің де кейін қалатын жөніміз жоқ, жастар!» деді Нұртас Бірлікұлы.

Бұдан кейін Абай күнінің аясында бір топ өнерлі жас Хакімнің өлеңдерін оқып, әнін салып, күй шертті. Ескерткіші төбемізден төніп, биіктен қарайды. Шарадан қайтып бара жатқанда, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Жаңғырық» өлеңі еске түсті.

« – Абай – деп айқай салып ем,

– Абайла – деді жаңғырық…»

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button