Ғұзыхан АҚПАНБЕК: «Тарпаң тағдыр таңбасы тарих бетінде бедерленіп қалды»

Сонау жетпісінші жылдары Жезқазғанның 6 мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің (Совет көшесі, 11) бір кіреберісінде (подъезд) сол кезде атағы аспандап тұрған «Қазмысқұрылыс» тресінің «Жас мамандар үйі» болды: бірыңғай екі бөлмелі 15 пәтер. Бірінші қабатта депутаттық топ, учаскелік милиция бекеті, ерікті халық жасағы орналасты, 2-3 қабатта – жігіттер, 4-5 қабатта қыздар тұрды. Көпшілігі жасы «қайран жиырма беске» жетпей пәтер алып, кетіп жататын. Осында екі жылдай мен де тұрдым.

1979 жылдың қоңыр күзі. Біздің пәтерге қияқ мұртты, бойшаң қараторы жігіт орналасты. Есімі – Ғұзыхан, жасы – «орда бұзар» отызда, политехникалық институтқа оқытушы болып келіпті. «Мамандығым – математик» деген. Бәлкім, байсалды мінезі басым жатты ма, жасы әлдеқайда ересек көрінген. Бірақ, бізді тәнті қылған жасы емес, «математиктің» білмейтіні жоқ еді. Тарихты тамырлатып, әдебиетті әрі-беріден қозғағанда, аузымыз ашылып қалатын. Тіпті, кейде біздің түйсікке бара бермейтін тақырыпты да қозғап қоятын.

Бірер айдың бедерінде Ғұз-ағаң пәтер алып кетті. Бірақ, байланыс үзілген жоқ. Өзі облыстық газеттің редакциясына жиі соғатын, шахмат ойнап, жігіттерді «шашып» кететін. Кейін арабша, қадымша, жадидше оқитынын білгенде, «осының бәрін қашан үлгеріп жүр?» деп, қайран қалатынбыз. Энциклопедиялық білімі бар Ғұз-ағам, Жезқазған университетіндегі сызба геометрия және сызу кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғұзыхан АҚПАНБЕК осы ғасырдың басында сырқатқа шалдықты. Жүріп-тұруы қиындағасын, қарым-қатынас та бірте-бірте үзілді.

Таяуда телефон шалдым…

– Ғұз-аға, кейінгі кезде таза көрінбей кеттіңіз, қазіргі тірлік не болып жатыр?

– Мен – қазір астаналықпын, Нұр-Сұлтанда тұрамын. Алдымен, Алла Тағаланың шарапаты арқасында, сосын жеңгеңнің жәрдемімен жүріп жатырмын. Жалпы, жәй-күйім өзіңе мәлім ғой, өзгеріс шамалы. Ең бастысы, ақыл-ес түзу, тіл мен тамақ – сау…

– Аға, бірер сауал қойсам қалай қарайсыз?

– Мархабат! Шама келгенше жауап беріп көрейін…

– Көзіңізше көпшік қойғаным емес, Сіздің жазғаныңызды оқыған сайын көңіл күйімнің астан-кестеңі шығып, ғаламат бір әсер аламын. Қарап отырсақ, бізге жеткен дүниенің бәрі «өрлеу дәуіріндегі» өскен-өркендеген елдің сарқыты сыңайлы. Ендеше, жұртта қалғандай неге осыншама баянсыз күйге түстік?

– Әлібек, мынау сауалың көкпардай тақымға салып тартуға көнбейтін, жеңіл-желпі жалаң баяндауға келмейтін дүние екен… Адамзат тарихында талай халық, тіпті, бүтіндей мемлекет өсіп-өркендеген гүлдену және күйі кеткен құлдырау кезеңін басынан өткеріп отырған. Оны айтасың, экономикасы мен мәдениеті ілгері озып, ғылымы мен білімі дамыған, рухани байлығы кемелденген кейбір мемлекеттің жер бетінен жоқ болып кеткені де бар. Бұл тұрғыда мол мәлімет ауыз әдебиетінде сақталған, археологиялық дерек те дәлелдейді. Қысқасы, көзден кеткенімен, көңілден өшпейді, тарпаң тағдырдың таңбасы тарих бетінде бедерленіп қалады.

Ал, қазақтың өткеніне зер салсақ, тарих тұңғиығындағы терең тамырлы дәйекті дерек түгіл, соңғы бір ғасырдың о жақ бұ жағында жоғалтқан құндылығы мен беймәлім жағы жеткілікті. Сондықтан, кейбір мәселе төңірегінде жобалап қана әңгіме қозғауға болады. Дегенмен, ғылыми негізделген дүниелерді тілге тиек етуге тырысып көрейік. Ғалымдардың пайымдауынша, жазудың пайда болғанына 4000 жылдай уақыт өткен. Жалпы, «Қазақ» атауы бұдан үш мың жыл бұрынғы жазбаларда кездесетін көрінеді. Ал, енді, зерделі зерттеумен дәйекті дәлелденген анау Кеңгір елінің (Шумер елі) қыш тақталарындағы жазбалар, ауыз әдебиетінде сақталған қыруар дүние, мол байлық археологиялық дерекпен астасып, бірін-бірі толықтырып, біздің елдің бір кезде жоғары мәдениеті мен ғылым-білімі болғанын көрсетеді. Ғылымсыз қоғамның өсіп-өркендеуі мүмкін емес.

Ғылымды меңгеру – дүниедегі, өмірдегі ақиқатты түсіну, соның негізін білу, қозғаушы күшті тану. Есі кіре бастаған ерте заманда адам баласын «Дүниені жаратушы қандай құдіретті күш?» деген сауал толғандырғаны ақиқат. Бастапқы бетте олар зеңгір көкке Тәңірдей табынды, аспан әлемі мен ондағы шырақтардың қозғалысы мен құпиясын танып-білуге талаптанды. Соның ішінде біздің бабалар ашқан ғылыми-астрономиялық жаңалық та жеткілікті. Тек «Темірқазық» төңірегіндегі тұжырымның өзі не тұрады? Жартылай отырықшы, жартылай көшпенді, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, табиғаттың қас-қабағына қараған, кең даланың даналығын бойына дарытқан қазақ үшін астрономиялық сауаттылық өмірдің өзі ұсынған қажеттілік еді. Бәлкім, бабаларымыз сол қажеттілік кейін үлкен ғылымға бастау болатынын білмеген де шығар?!

Қазір жазба деректің жұтаңдығы жанға батады, бізге жеткені теңіздің тамшысындай ғана бөлігі. Ғылым теңізінің дәмін сол тамшыдан біліп, шүкіршілік етеміз. Осы жерде тарпаң тағдырдың тарихқа түсірген тағы бір таңбасына тоқталмасқа болмас. Ол – Кеңестер билік құрған кезең. Қанды қырғынды төңкеріс жасап, билік басына келген олар қазақты надан, көшпенді, келешегі жоқ қараңғы, жартылай жабайы ел еді дегенді санаға сіңіру үшін біздің барлық ғылыми-мәдени мұраны жоспарлы түрде жойып отырды. Айталық, «дінмен күрес» деген желеумен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің медресесіндегі кітапханада тұрған ғылыми кітаптың барлығын 1924 жылы сыртқа алып шығып, өртеп, жойып жіберген.

Тарихшылардың бағалауынша, жұмыр жер бетіндегі бай кітапхана – Александрияда, екінші орындағысы – Отырарда. Ал, сол Отырардағы кітапханаға құнды кітаптар қыздың жасауы үшін жиналды ма? Жоқ, әрине. Оны ел игілігіне жаратты, ғылым-білім нәрімен сусындады. Егер ондай рухани қазына болмаса, түркі тілдес халықтың арасынан небір ғұлама шығар ма еді? Құдайға шүкір, біздің әл-Фараби бабамыз осы Отырардан түлеп ұшқан. Ал, Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғылыми лауазымы – мұғалім-сәни, яғни, екінші ұстаз. Ыдырыс пайғамбар сонау Аристотель заманындағы ғалымдарды бірінші ұстаз санаса, екінші ұстаз осы Әбу-Насыр бабамыз. Одан кейінгі мұғалім-сәласа, бұл – Әбу-Ғали ибн Сина.

Әл-Фарабидің ғылыми еңбектері жөнінде бүгінде едәуір мәлімет бар. Ол дін мен діни жолдың ғылыммен берік байланысын тереңдете зерттеген. Ал, «Кітабы әл-мұсықи әл-кәбир», яғни «Музыканың үлкен кітабы» деген еңбегі аса жоғары бағаланған. Дүние жүзінің ғалымдары мұны музыка туралы бірден-бір құнды еңбек деп мойындаған. Әрине, математика, физика, астрономия, философия, тағы басқа да ғылым саласындағы еңбегі өз алдына бір төбе. Бұл еңбектердің біразына айтулы ғалым А.Машанов зерттеу жасады, А.Көбесов те едәуір еңбектеніп, кандидаттық және докторлық диссертация қорғады.

Әл-Фараби сияқты әлемді мойындатқан ғұлама шыққан түркі халқының мәдениеті, ғылымы мен білімі биік болғандығы талас тудырмайды. Ал, енді осындай көркейген, ғылым-білімі кемеліне келген елдің тоқырауына не себеп болды? Алдымен, қазақтың Жоңғармен арадағы 700 жылға созылған соғысын айтар едік. Әсіресе, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» кесірі көп тиді. Халық жаппай қырғынға ұшырады. Одан кейінгі сұмдық қырғын Кеңес өкіметі кезінде орын алды. Алапат аштық, одан кейінгі саяси қуғын-сүргін кезінде, зерттеушілер айтуына қарағанда, біз оқыған-тоқыған, білімді де білікті 120 мыңдай, кейбір деректе 250 мыңдай, зиялы азаматтан айырылыппыз. Бұл – он жылдың о жақ бұ жағында көрген құқай. Ол кезде ғылым-білімді дамытпақ түгіл, бардан айырылып қалдық.

Соңғы бір ғасыр бедерінде үш ұрпақ алмасты десек, сол үш ұрпақтың ара байланысы үзілді. Атаның білгенін әке, ал әкенің білгенін біз бойға сіңіре алмай, рухани кемтарлыққа ұшырап қалған жай бар. Әрине, адамзат баласының тарихында өрлеу мен құлдырау болып тұрады. Біз соңғы жылдары сол жардың жиегіне жетіп қалған едік. Үш ғасырлық бодандық қазақтың рухын әлсіреткенімен, зердесін жоя алмаған. Патшалық Ресейдің жымысқы зымиян саясаты Кеңестер тұсында жойқын әрекетке ұласты. Бүгінде бұл турасында ашық айтылып, жазылып жүр. Әңгіме орайында айта кетейін, жердің қозғалысын көрсететін «Фуко маятнигі» Еуропада жасалған деген әңгіме бар. Ал, ғылыми дерекпен дәлелденген мәліметке жүгінсек, ондай аспап Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде одан бұрын-ақ жұмыс істеп тұрыпты. Еуропадағыдан төрт жарым ғасыр бұрын жасалған. Соны Қеңес өкіметі жойып жібергені мәлім.

Ел егемендік алып, тәуелсіздік туын тіккеннен кейін рухани өркендеудің алғышарты жасалып жатыр. Әрине, жоғалтқанымыз көп, алайда бардың берекесін кетіріп алмай, тапқанымызды жинақтап, зерттеп, жамиғаттың қажетіне жаратсақ қандай ғанибет?! «Жұртта қалғандай неге осыншама баянсыз күйге түстік?» деп ашынуың орынды. Қанқұйлы қастандықтың қасабынан аман қалғанымызға тәубе дейік. Ендігі міндет – заманның өзі тудырып отырған мүмкіндікті қолдан шығарып алмай, солақай саясаттың шоқпарынан аман қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ғылыми дүниені рухани өрлеудің құралына айналдыру.

 – «Әке – балаға сыншы». Осы жалқы қағиданы жалпыға жыға айтсақ, аға буын артынан ерген жеткіншек ұрпақтың сарапшысы болып шыға келеді. Бірақ, үлкеннің кішіге көңілі толғанын көрмеппін. Ақсақалдың орта буынға бүйрегі бұрмайды, қырма сақал өзінен кейінгіге қырын қарайды. Әдетте әңгіме «Біздің кезімізде…» деп басталады да, бүгінгінің бәрін белінен бір-ақ басады. Неге?

– Жалпы, әр ұлттың тәлім-тәрбие саласында өзіндік тұжырымды ой-пікірі, көзқарасы мен пайымы болады. Ал, сол ұлттық өнегені жас ұрпақ бойына қалай сіңіреді дегенде, педагогикалық ірі мәселеге бет бұрамыз. Оның бірпарасы тәрбие мен оқытуға келіп тіреледі. Егер шындыққа жүгінсек, ұрпақ сабақтастығында бір-біріне көңілі толмау – адамзат тарихынан бері келе жатқан құбылыс. Өйткені, әр кезеңнің, қоғамдық құрылыстың табиғи болмысында озығы мен тозығы болады. Міне, соның озығын әр буын өзіне қарай тартады, тозығын басқаға бұра салады. Сайып келгенде, табиғи дамудың өзі қайшылықтан тұратынын түсінбейміз немесе түсінгіміз келмейді. Бұл енді ғылымның дербес саласы.

Ал, бүгінге бет бұрсақ, рухани-ұлттық тәрбие қандай деңгейде? Ұстаздар қауымы қол қусырып қарап отыр деуден аулақпын. Бірақ, БАҚ-тың, әсіресе, теледидардың кейбір тірлігін рухани серпіліс пен сілкініске, жаңа бетбұрысқа жасалып жатқан қиянат деп бағаламасқа амалың жоқ. Зорлық-зомбылық, адам тонау, кісі өлтіру, анайы көрініс, айтуға аузың бармайтын тағы басқасы – осының бәрін күнде әке-шешесінің тізесіне басын қойып бірге көрген бала қандай тәрбие алады? Бұған мемлекеттік деңгейде тосқауыл қойылмаса, жасап жатқан жақсы іс, желге ұшқанмен бірдей болары сөзсіз.

Жоғарыда «әр кезеңнің, қоғамдық құрылыстың табиғи болмысында озығы мен тозығы болады» деп айттым. Ол өзіндік идеологиямен, өзіндік көзқараспен, өмірге деген ерекше бір бейімділікпен сипатталады. Ал, қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде соның ішінен қажеттісін іріктеп алу мүмкін болмай қалды. Себебі, біз, жалпы адам баласы айтқанға емес, көргенге еліктейміз. Жас ұрпақ пен аға буын арасындағы байланыста табиғи сабақтастық болмаған жерде үлгі-өнегең мен өсиетің өзінің діттеген мақсатына жете алмайды. Ата мен немере тілмаш арқылы тілдесіп отырса, одан өткен қасірет бола ма?!

– Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік бұрын да болған, қазір де бар, келешекте де құритындығына күмәндімін. Егер осылардан арылмасақ, қоғамның келешегі бұлыңғыр деп ақырзаманды төндіріп қойсақ, қол артатын құдіретіміз қайсы? Әлде, қоғамның кемшілігін келер ұрпақтың еншісіне қалдырып, тепеңдеп тарта береміз бе?

– Бұл сауалың да алғашқысымен сабақтасып жатқан сыңайлы. Алдымен айтарым, біз өз кемшілігімізді көре білуіміз керек. Егер кемшілігіміздің түптөркінін түсіне алсақ, онда оларды жоюдың жолын іздестіруге тырысамыз. Қазіргі кезеңде қоғамда жат қылықтың көбеюі – күрделі де кесірлі құбылыс. Жоғарыда айтылған ғұламалардың философиялық тұрғыда жазылған еңбектерінде мамыражай заманның туатындығы баяндалады, ой-арманы ретінде алға тартылады. Ал, жаңағы келеңсіздіктер бірден жойылып кетпейді. Бірақ, соны жоюға тырысу керек, қоғамда оған орын қалмайтындай ахуал қалыптастыру қажет.

Қазір маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік шарықтау шегіне жетті. Өйткені, ақпарат құралдарының, оның ішінде теледидардың күні-түні насихаттап жатқаны осылар. Оларға қарсы тәрбиелік мәні бар хабарлардың үлесі ауыз толтырып айтуға тұрмайды, көркемдік деңгейі көңілден шыға бермейді. Қысқасы, ақпарат құралдарын жөндемейінше мақсат орындалмайды. Тағы да қайталап айтамын, бұған мемлекеттік деңгейде мән берілуі қажет. Мән берілгенде де имандылыққа тәрбиелеуде дін мәселесі алдыңғы қатарға шығарылуға тиіс. Мәселен, біз ғылыми исламды тілге тиек еткенде ғылымның Құранмен тікелей тығыз байланысы бар екенін мойындағанымыз абзал. Діннің қоғамдық ережелер екендігі дау туғызбайды. Дінді уағыздаушы таза болсын. Ол тек пітір-садақа жинап, жаназа шығару емес, дін – ғылым. Ал, ғылымды меңгермеген адам дінді уағыздайтын болса, ол шын мәнінде қасірет, қоғамдық құрылысты күйрететін күш.

– Ғұз-аға, ғылыми ортада өзіңізді «Әл-Машанидың төл шәкірті» дейтінін білеміз. Ұстаз туралы бірер сөз…

– Қазақтың ерекше сан-салалы өнер-білімі болғандығы мәлім. Мұны айту үшін дәлел керек. Құрғақ қиял, дәлелсіз сөз, дәйексіз пікір ғылыми тұжырым бола алмайды. Рухани кемелдікті көрсететін ғылыми тұжырым жасауға қажетті мәдени мұра қажет. Археологиялық дерек, антропологиялық зерттеу мен жазба ескерткіші арқылы дәлелденетін шындық керек. Халықтың ақыл-парасатын, таным-түйсігін, зердесін жекелеген ғалым мен данасының деңгейіне қарап әлем таниды. Әл-Фараби, Әл-Жауһари, Әл-Бируни, Ибн-Сина, Әбул-Бафа, әл-Ферғани, Омар-Хаям, Әт-Туси, Ұлықбек сынды ғұлама ғалым – ұлт мақтанышы. Ақжан Жақсыбекұлы Машанов (Әл-Машани) – солардың жалғасы, ізбасары.

Егемендік алғанға дейін ел тарихы, ғылым-білімі туралы ақиқатты, шындықты айтуға мүмкіндік болмағаны мәлім. Оның себебі де белгілі. Ел тарихы, жер тарихы, ғылым тарихы туралы ақиқатты көпшілікке жеткізу негізгі мақсат болуы тиіс. Біздің Ғұн-Түркі нәсілдес Тұран халықтары ертедегі адам баласының мәдениетке алғашқы көзін ашқан. Мұның бәрі жүздеген жылдар бойы ұмыттырылып, өзгеріске ұшыраған. Соның салдарынан өз бабамыздың мирасын басқанікі деп шатастық.

1973 жылы Н.Коперниктің 500 жылдығы атап өтілді. Оған ғұлама ғалым Ақжан Машанов та қатысты. Ол бастаған топ Коперниктің ислам ғылымынан алған тағылымын сөз етеді. Н.Коперниктің, И.Кеплердің, Г.Галилейдің астрономиялық еңбегі ислам ілімі үшін жаңалық емес, оларға дейін-ақ белгілі болғанын дәлелдейді. Бұл ілім ислам елінен келгенін дәлелдеп бергенде Еуропа ғалымдарының төбесінен жай түскендей болады. Мысалы, «Жер Күнді айналады» деген тұжырым шығыс ғалымдарының айтқаны, солардың дәлелдегені. Өйткені, Қасиетті Құранда көптеген аят бар. «Әш-шамсу, Әл-Қамару уа фи фалаки исбахун» деген аят әр ғаламшардың өз орбитасымен жүретінін айтады. Ғаламшардың айналу орталығы Күннің орны фокус дегені, әл-Фарабиден алынған. Әл-Фараби оны Мұхарак деген. Галилейдің қолданған телескопы әл-Фарабидің ойыс айнасынан (параболоид) алынғаны дәлелденеді. Ғаламшардың қозғалу заңдылығы Коперниктерге дейін араб-тұран ғалымдарының зерттеу еңбектерінде айтылған.

Аспан шырақтарының қозғалысы туралы зерттеу жұмысының нәтижесінде салынған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылысында ғылыми деректердің болғандығы бүгінде айқын дәлелденіп отыр. Ақаң бір сөзінде былай деген еді: «Еуропа ғылымындағы «Фуко маятнигі» деп, оны ғылыми жаңалық деп жүргендері, одан 450 жыл бұрын халыққа қызмет етіп тұрған Яссауи кесенесінің ішіндегі тайқазан еді. Мұндай ғажайып ескерткіштің бүгінде өз мәнін жоғалтқаны өте өкінішті. Бұл мәселемен де шындап айналысу керек». Сөйтіп, астрономиялық құрылғы қызметін атқарған тайқазанды ас пісіретін қарапайым қара қазан деп түсінетін деңгейден аса алмай қалдық. Жер қозғалысын көрсететін «Фуко маятнигінің» қызметін атқаратын тайқазан туралы әлі ғылыми зерттеу жасалып, тұжырымды ой айтылған жоқ.

Ақаң шыққан тегі туралы сұрағанымда былай деген еді: «Әл-хамду-ли Лләһ, біз халықтан қарғыс естімеген, тек алғыс алған едік. Еңсегей бойлы ер Есімхан қатаған Тұрсынханның Ташкендегі бүлігін басқаннан кейін көп нөкерін ертіп, Арқаға келген. Сол жолы үш қызды ала келеді. Біреулер бұлар Тұрсынханның қыздары еді дейді. Қалай болғанда да Нұрбике, Айбике, Қоңырбике (Қызбике) атты осы үш қыздан тарайтын ұрпақ Арқада бүгінде бар. Нұрбикеден тараған ұрпақтың бірі – Тәттімбет, Айбике ұрпағынан – Қаздауысты Қазыбек, Қызбикеден – Тобықты. Осы үш қыздың келуіне мұрындық болған Тоты деген би екен. Біз – сол Тоты бидің ұрпағымыз. Құнекең (Құнанбай) аға сұлтан кезінде бітімгершілік биі Тоты бидің немересі Машан болған. «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деген сөз бар. Біздің тегіміз осындай».

Энциклопедист ғалым, фантаст жазушы, тарихшы, философ, этнограф әрі әдебиетші болған Ақаң – ірі тұлға. Ғылыми табысы мол, тағат-ғибадатынан жаңылмаған ғұлама ғалым, Ислам дінінің нұрлы жолынан таймаған ұстаз Ақжан Машановтың өз сөзімен түйіндесек: адал еңбек ету – парыз. Бұл деген халқымыздың елдік қасиетін сақтау, әрі қарай дамыту, тілді ғылым тіліне айналдыру, қазақтың тарихи орнын әділ анықтау, ғылыми, рухани, діни мұрасын әлемге таныту. Ақиқат шындық жолына түсу – ғылыми ислам жолы!

– «Орталықтың» оқырмандарына айтарыңыз…

– Бүгінде ешкім біреудің ақылына зәру емес. Сондықтан, ортаға ой тастайын. Пайғамбарымыз бен ғұлама ғалымдардың айтуынша, бұл әлемнің қалай жаратылғаны туралы бас қатырғаннан көрі, осы дүниеде қалай дұрыс өмір сүру керек екенін ойлау ләзім. Адамның дүниетанымы, түсінігі әлемнің тұтастығын, шексіздігін пайымдау, зерттеу, салыстырып өлшеу негізінде қалыптасады. Әлемнің хисабтық (сандық), дыбыстық және мазмұндық бейнесі – бір-бірінен ажыратуға келмейтін тұтас болмыс. Бүкіл әлемді жаратушы Алла ұлы гармониялық үйлесіммен әр нәрсені шебер құрастырып берген. Мұны түсіну үшін адамға ақыл берілді, ақыл – Алладан. Ал, білімді меңгеру, ғылым үйрену – ұлы парыз. Білу үшін оқып үйрену керек.

– Сауалға қайтарған салиқалы жауабыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.