Жаңалықтар

Жымиған жүзін сағындым

Иә, бір жыл болды, мен оның жымиып қана қарап тұратын жүзін сағындым. Боранқұл жай жымия салмайтын еді, қайдағы бір ойда жоқ қалжыңдарды тауып алатын. Ол жымия қараған кезде бірдеңе айтатынын біліп, жауап қайтарудың жолын іздей бастайтынмын. Одан соң екеуміз отырып мәз болып күлетінбіз.
Бірге оқыдық, Қарағанды педагогикалық институтына бірге түстік. Оқу бітірген соң әркім өз жолымен кетті. Сол достардың ішінде Боранқұл Құрмашевпен жиі кездесіп жүретінбіз. Оған біздің қызметіміз де себеп болды ғой деймін. Ол әскер қатарынан келіп, милицияға жұмысқа тұрды. Мен бір-екі жыл мұғалім болдым да, баспасөз саласына журналистік қызметке ауысып кеттім. Сол кезде көбіне құқық қорғау органдары туралы жазып жүргендіктен, араласып тұруымызға тура келген.
Сондай кездескен сәтте сонау студенттік шақтарды әңгіме етіп, достарымызды еске алатынбыз. Ол шақ бір қызықты кезең еді ғой.
Боранқұл екеуміз құрдас едік. Құрдастардың қалжыңы таусылмайды. Әйтеуір бір ілік тауып, қағытып өтетін. Мен де қарап қалмаймын.
2009 жылдың қаңтары болатын. Боранқұл өзінің 60 жылдық торқалы тойын «Боулинг» ойынханасының ішіндегі тойханада жасады. Бір күні сол тойға шақыру билетін алып келіпті. Бір жылғы төл, құрдас екенімізді білгенімен, менің туған күнімді ұмытып қалыпты. Оның шақыру билетіндегі қаңтардың соңына шақырғанын көріп:
– Е, бала екенсің ғой, мен сенен үлкенмін, – дедім, не дер екен деген оймен.
– Сен де осы қаңтарда туып па едің? Нешесі еді? – деп сұрады жымиып қана.
– Он үші, – дедім мен шімірікпей. Нағыз туған күнім ақпанда болса да.
Ол ештеңе деген жоқ, шығып кетті. Сол қаңтардың он үші күні қолында құшаққа зорға сиятын бір шоқ гүлі бар, Боранқұлым келіп тұр, менің «туған күніммен» құттықтап. Менің қалжыңымды шын көріп қалыпты. Одан соң біздің ұстазымыз Қайролла Нұрмұхановтың зайыбы, Боранқұлға жақын апайы болып келетін Оркен тәте құттықтасын: «Жарағым, туған күнің құтты болсын», – деп. Ол кісіге де Боранқұл «бүгін туған күні» деп айтып қойыпты. Мен қалжыңдағанымды, туған күніме әлі бір ай барын айтып, ақталып жатырмын.
– Ештеңе етпейді, – деп жатыр Боранқұл. – Мен өз міндетімнен құтылдым.
Ол міндетінен құтылды. Бірақ, ол мұнымды бір-екі айдан соң қайтарды.
Бір күні жұмыстан соң «45-ші орам» аялдамасында үйге қайтуға автобус тосып тұрғам. Бір кезде 43-ші автобус келіп, мінейін десем, бетін қағаз салған жасыл папкамен көлегейлеп алған біреу алдымды кес-кестеп мінгізбейді. Ойымда ештеңе жоқ, мынаның қылығына ыза болып, итеріп жіберіп, міне бергенім сол еді, сақ-сақ күліп, бетіме қарады. Сөйтсем, Боранқұл. Менімен қалжыңдасқан түрі. Ол әрқашан өзінің «Мерседесімен» жүретін. Бұлай автобуста кездесеміз деп ойлаған жоқ едім. Екеуміз де қарқылдасып күліп жатырмыз. Аялдамадағы бүкіл халық мәз болған бізге қарапты да қалыпты. Есігін ашып, мені күтіп тұрған автобусқа да мінгемін жоқ, екеуміз біраз әңгімелесіп сол жерде тұрып қалдық.
Сөйтсем, машинасы бұзылып қалыпты да, жөндеуге қойыпты. Өзінің де жұмыстан қайтып келе жатқан беті екен.
Кейде менің жұмысыма соғып кетіп, әңгімелесіп отыратын шақтарымыз да болатын. Оны-мұны әңгіме таусылмайды ғой. Сондай сәттердің бірінде өзінің туыстары туралы кітап шығарғысы келетіндігін айтты. Оның тексін өзі жазып әкелді. Бірақ, ол кітап болуға жетпейтін еді. Сондықтан оны фотоальбом сияқты етіп, түрлі-түсті суреттермен шығарды. Оны санаулы ғана шығарып, туысқандарына таратып берді. Оркен тәтенің жылына қарай кітап шығарғанда да келіп, ақылдасты. Жазғанын әкеліп көрсетіп, біраз жерлерін түзеттіріп алды.
Бұл жерде мен сол еңбегімді айтайын деп отырғаным жоқ. Боранқұлмен бірге болған сондай сәттерімді ойыма оралтып отырмын. Бауырмал еді. Жолдастыққа адал еді. Әсіресе, 60 жылдығы қарсаңында біршама пікірлестік. Соның нәтижесінде «Боранқұлдың белестері» атты тамаша бір очерк туындады. Ол «Орталық Қазақстан» газетінде де басылды, менің «Тыныштық күзетінде» – «На страже порядка» атты кітабыма да енгізілді.
Біздің курста бірге оқыған Ләззат Сәтбаеваның жолдасы осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болғанда екуіміз барып көңіл айтып шықтық. Сол үйге жолдасы Баянмен Шәпен Маташева келді. Біздің факультетте, бірақ басқа топта оқыған Баянды да білетінбіз. Барлығымыз талай қызықтарды еске түсіріп едік.
Сол жымия күліп тұратын Боранқұл құрдасымның бір жылдан бері жоқтығы жаныма батады. Оның сол бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталатыны сөзсіз. Енді артында қалған балаларына және жары Бақытқа Алла ұзақ ғұмыр берсе екен деймін. Дегенмен де уақыт озған сайын қатарымыз сиреп барады.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстанның
Мәдениет қайраткері.

Ортамыз ойсырап қалды
Кеше ғана ортамызда жүрген Боранқұлдың орны бүгінгі күні ойсырап тұрғандығы қабырғамызды қатты қайыстырады. Тіпті, өзіміз оның жоқтығын біліп тұрсақ та, көңіліміз сенбейді, жүрегіміздің түбінен мықтап орын алған ғой. Оның өмірден озғанына да бір жылдың жүзі болып қалса да, сақ-сақ күліп аяқ астынан бір қалжың тауып алатын жайдары жүзі ешқашан есімізден кетпейді.
Қамығамыз, қайғырамыз, бірақ қолдан келер шара жоқ. Қарағандыда, Егіндібұлақта, Молодежныйда, Топарда қызмет атақарғанда дос тауып, жолдас тауып, маңайына жақсыларды үйіріп жүрді. Қызметінде болсын, дос-жолдастардың ортасында болсын, отбасында болсын әрқашан адамгершіліктің биік тұғырынан көріне білді.
Әр адамның өзіне тән ерекшелігін жетік біліп, ол адамның көңілін қалай табуды алдын ала болжап отыратын. Қалжыңы да сол бағытқа арналатын.
Боранқұл досымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Артындағы жары Бақытқа, бала-шағасына ұзақ ғұмыр тілейміз.

Төлеген АРКОНОВ, Темірболат МӘЖИТОВ, Ғабит ТҰЯҚОВ және басқа бір топ жолдастары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button