«Жылқы өсірем десеңіз, жұмылайық!»

Жылқы десек ойға оралары өрлік, асқақтық өзгеден биіктік һәм байлық. Десек те, бүгінгі жылқы баққанның хәлі хандікіндей емес. Жылына бір рет келетін соғым науқаны да аса пайдалы болмай тұр. Елдің бәрі жылқы өсіреді. Кешегі ауыл аралап астындағы арық атыңды пұл еткен алыпсатарлар бүгін әккіленіп алды. Телефонмен саудаласқанды шығарды. Арзанға бермесеңіз, ат арытып алыстан келмейтінін алға тартады. Алыс дегеніміз Түркістан, Тараз, Қызылорда. Жыл сайын Арқа жұртшылығы оларды құда күткендей тосушы еді. Биыл оларға да «жал біткендей».

Ертеден еститініміз баяғының бір байы бүтін ауылды асырағаны. Сол байлардың бизнесте акциясы немесе биткоины болмаса да шалқып өмір сүрді. Өйткені, байырғы бай малының тезегі де жерде қалмаушы еді…

жылқы

Осы мәселені талқылап шешіміне жүгінбекке жылқы шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген кәсіпкер-ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған Мұқашев Арқа жылқы шаруашылығы кәсіпкерлерін жинады. Республика бойынша осы аталмыш бас қосу бастау болмақ. Себебі, мұндай «жылқышылар сьезі» ілгеріде болмаса бұрын соңды өтпеген-ді. Сонымен, Арқаның қазынасына иелік еткен жылқы шаруаларының базынасы қандай екен?

Қамбар ата төлін Тәңір сыйы деп ұққан шаруалардың басты мәселесі ол әрине, жылқы етіне сұраныстың кемуі, мал терісінің өңделмеуі, құйрық-жалдың игерілмеуі және жайылым жердің жетіспеушілігі. Сонымен қатар, етті тұқымды айғырларды қолжетімді бағамен алуы туралы біршама сауалдар ортаға салынды.

– Қазір байқасақ, тері түгілі сойылған малдың ішек-қарынының жартысы итжемеде қалады. Ал, кезінде пұл болған теріге мүлде қарауды қойдық. Сойылып болған соң күресінге сүйреуге дайын тұрамыз. Бір ауылда қазір шамамен бір айда 30-40 бас мал сойылады. Сонда аузымызға қимай баққан адал ақы малымыздың құнының пұл болар тең жартысы далаға кетуде. Бұрындары әжелеріміз жылқының сүйегіне дейін тастамай жинаушы еді. Көктемде тай-құнан күзегенде құйрық-жалдың бірін қалдырмай теріп-жиып сауын биеге өре, шідер, тұсамыс, құлынға ноқта есетін. Қазір осы аталғанның бірі іске аспайды, – дейді «Адал» жылқы шаруашылығының жетекшісі Данияр Бақыжанов.

Жалпыға ортақ мәселені өзге шаруалар да қолдап, қолпаштай жөнелді.

Ауыл жұртшылығын алаңдатқан өзекті мәселе ортаға салынғанда қолпаштамай қайтсін?! Сондай-ақ, жер жетіспеушілігі де назарға алынуы керектігі айтылды.

– Қазір ауыл жайылымының жартысын жеке егін шаруашылықтары алып алған. Егінге жылқы қайтсе кіреді. Жылқымыз егін шетіне кірген сайын 30 мыңнан 300 мыңға дейін айыппұл төледік талай. Кейін диқандар егіннің ауыл жақ шетін тікенек сымтемірмен қоршап тастады. Осыдан кейін жылқы сымға ілігіп мертіге бастады, – деді «Бастау» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Алиманов.

Жер жетіспеуі де – жылқы өсіргеннің жылда жырланар мәселесі. Бүгінгі таңда бұл – тек жылқышыларемес, жалпы мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге һәм жабайы аң қорғайтын құзіретті органдарға да ортақ түйіткіл. Мұнымен мәселе әлі біткен жоқ. Жылқышы қауымды алаңдатқан тағы бір проблема бұл «мұғалжар» жылқысын, яғни, етті жылқы тұқымын өсіруге мүмкіндіктің шектеулі екені.

– Өздеріңіз білетіндей алыс шалғайдағы ағайынның қалаға мал әкеп сатар жағдайы әлі толық жетілген жоқ. Қалаға сойып әкелгенде ол ет ойыңдағы бағаға өте қойса игі. Амал жоқ, жалдамалы көлікпен жүрген соң асығыс арзанға өткізуге мәжбүр боламыз. Неге арзан десеңіз? Біздің жылқы тұқымы кәдімгі жабы. Сондықтан болар, қазысы қарыс болса да, қылыш арқа болса да берілетіні бір баға. Ал, ет базарында сұранысқа ие бұл – «мұғалжар» жылқысы. Талайдан бері осы «мұғалжар» жылқысын алуға қанша талпынсақ та, қолға тимей қойды. Сонау «мұғалжар» жылқысының отаны Ақтөбеге барғанда, біресе мал жетпей қалады, біресе құжаттары түгел болмай ақыры алыс жолдан азар-безер болып, амалсыз бос қайтасың. «Мұғалжар» жылқысының өз құны құлынды бие тұрады. Бір жастағы тайы 800 мың, – деп тағы бір түйіткілді сауал ұсынды «Өркендеу» шаруа қожалығының жетекшісі Бидәулет Балтабаев.

Аталған мәселе легін тыңдаған Айтуған Мұқашев әр сауалға жеке тоқталып, жылқышылар сұрағына кеңінен жауап берді.

– Алдымен ағалар, бауырлар мен сіздерге айтарым біз малға емес, мал-мүлік бізге адамдарға жұмыс жасауы қажет. Ал, біз пайда көріп сол пайда әкелген малдың жағдайын одан сайын жақсартып, үстінен тағы үстемелі пайда көруді көздеуіміз керек. Мысалы, біздің өнімді алып қарасаңыз – бір құты ұнтақталған бие сүті 20 мың теңге тұрады. Құрығанда осы құтыдағы капсулаға әрі кетсе 500 грамм сүт кетеді. Ал, мына сабын құны 2 мың теңге. Бұл сабын да сауылған сүттің төрттен бірінен ғана жасалады. Мына қораптағы әйелдер бет әрлейтін опа-далап пен жақпа майлар. Дәл осы қораптың құны қазір 300 мың теңге. Осыны енді жылқыға шақсаңыз алақандай қорап бір тайдың бағасын шығарады. Енді ойланыңыздаршы менде бір жылқы жоқ, бірақ, бір күндік табысым 100 доллар. Сіздер де бәлен үйірден бәлен жылқы бар. Бірақ табыстарыңыз қуанарлық емес…

Басты мәселе бұл тәуекел етіп, жылқы шаруашылығын ұтымды пайдалана білу, – деді Айтуған Адамқұлұлы.

Айтылған кеңеске қоса шаруалардың жоғарыда қозғаған мәселелеріне шешім де ұсынылды.

– Жылқы еті нарықта сұранысқа ие. Оның бағасы құлдыраған жоқ. Құлдырамайды да. Ал, сіздердің малдарыңыз неге өтпейді десеңіздер, ол құжат жоқтығынан. Қазіргі таңда қазақы жылқыны заңдастыруды ауыл шаруашылық министрі қолға алуда. Бұған дейін қазақы жылқы деген атау болса да құжатты түрде мал тұқымы жоқ еді.

Бұрынғыдай Түркістан, Тараздан алыпсатарлар неге ағылып келмейді десеңіздер, оның да жауабы бар.

Бұрын «алтай» жылқысы мен «мұғалжар» тұқымы дәл қазіргідей қарқынды сұраныста болмаған. Қазір алыпсатарлар сол «алтай» жылқысы мен «мұғалжар» тұқымдарын ғана таңдап алады. Олар алған тай-жабағыларын бір жыл бордақылап екі есе бағасына өткізеді. Мысалы 300 мыңға алып кемінде 500 мыңға сатады. Міне, нағыз сауда. Және біз жылқы еті тек ел ішінде ғана сатылады деген қате пікірден арылуымыз керек. Әлемнің ең ірі мемлекеттерінің бірі Жапония жылқы етіне зәру дәл қазір. Олар біздің өнімді біздің нарықтағы бағаның екі-үш есесіне алуға дайын. Егер өнім талапқа сай экологиялық таза өнім болса, – деді Айтуған Мұқашев.

«Мұғалжар» деп құжатсыз арзан бағаға алып келген айғырлардың өзі кейде еш нәтиже бермей жатады. Себебі, селекцияда ғылыми зерттеу жоқ. Кәсіпкер Айтуған Адамқұлұлының да айтпағы осы. Жылқы асылдандыруда ең маңызды рөлді ғалымдар атқарады. Айғырды құжатымен сатып алысымен оны үйірге қосқаннан бастап жыл сайын ғалымдар тексерісінде болуы шарт. Олар айғыр қанын сараптап оның құлындарының қанша пайызы асылтұқымды болатындығын нақтылайды. Расында, айғыр неше жерден асыл болғанымен оның барлық құлыны бірдей асыл болады деу ақылға сыймайды. Бұл да бір сұрағанға тегін кеңес.

Сонымен қатар, жылқы терісі мен құйрық-жалдың, яғни, шикізаттың да іске асатын жолын атап өтті кәсіпкер. Оның айтуынша, жылқыны кәсіп еткен жиналған жұртшылықтың бірігіп әрекет қылуы маңызды. Мысалы барлық жерде бірдей жүзден жылқы айдаған байлар аз.

– Бір үйде 5 жылқы, біреуде 4, бірінде 6 бие болуы мүмкін. Сол кісілер жиналып ортаға қаржы жинап ортақ бір «мұғалжар» айғыр сатып әкеп салса. Егер олай жасаймыз десе, біз міндетті түрде қолдау білдірер едік. Мысалы, Ақтөбеде «мұғалжар» тұқымды жылқы сатушыларымен келісіп, алушы мен сатушы арасында ортақ бағаға тоқталып айғыр алсаңыздар соған біз мұрындық болайық. Ол жақта да жылқы үнемі сұранысқа ие деп айтпас едім. Арзандаған уақытында құжатымен қолға түсіруге болатыны жасырын емес. Сондықтан, жылқы өсірем, одан табыс табам десеңіз жұмылу керек. Сол сияқты тері мен жал-құйрықтың да шешімі біреу. Бір ауылда 30-40 мал сойылса араларыңыздан бір адамды таңдап, соған ауыл тұрғындары шикізатын жинап берсе, ол қалаға әкеп белгілі бір шикізат алар орынға өткізсе. Сол жерден ол тері өңдеушілердің қолына түсер еді. Әйтпесе, қала өндірістері әр ауылға барып тері алуға мүмкіндіктері жоқ қой. Тері сатудың да өз ережелері бар. Жылқы терісіне қатысты айтсақ, бақайдан жоғары кесіліп алынады. Тері кесілмеуі, тесілмеуі тиіс. Және таза болуы керек. Қазір отандық тері өңдеушілер шикізатты шетелден алуда. Бұған қарап елімізде тері жоқ па деп қаласың, – деп кәсіпкер түйіткілді сауалды түйіндегендей болды.

Бұл бастама жылқыны кәсіп қылғандардың құлағына майдай жаққаны рас. Олардың ендігі қадамы өзара кеңесіп ауылдан жауапты адам шығару ғана. Жер дауы бұл ежелден ауыр шаруаларының базынасы. Десек те Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында бұл мәселенің түбегейлі шешілетін баса айтты. Кәсіпкер Айтуған Мұқашев та Президент Жолдауынан мысал келтіріп жер мәселесінің жуырда шешілетініне сендірді.

– Ендігі жерде жылқы шаруашылығының жағдайын құрылған жаңа қауымдастық шешпек. Ал, қауымдастық – мына біз және сіз, – деді сөз соңында Айтуған Адамқұлұлы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Ortalyq.kz