Спорт

Сайыпқыран сақшылар сайысы

Қарағандыда полиция қызметкерлері арасында бокстан республикалық чемпионат өтті. Чемпионатқа мұрындық болған Ішкі істер министрлігі. Бұндай чемпионат тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен құқық қорғау органдарының үздік қызметкерлері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Чемпионаттың ашылу салтанатында министрліктің Жеке құраммен жұмыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков, министр Ержан Сәденовтің құттықтауын жеткізді. Биыл алғаш рет өткізіліп отырған бәсекеде 25 командадан 200-ден астам спортшы бақ сынады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Олжас Мырзабеков өз сөзінде аталған чемпионаттың тек спорттық дода ғана емес, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын шыңдап, рухын бекемдейтін маңызды алаң екенін атап өтті.

– Бұндай турнир – тәртіп сақшыларының батылдығы мен табандылығын, темірдей тәртібі мен қайсар рухын айқындайтын айтулы дода. Полиция қызметкері үшін мықты физикалық дайындық, төзім мен мінез – қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан, мұндай жарыстар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылады, – деді ол.

Чемпионатқа Қарағанды облысынан сегіз спортшыдан құралған команда қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Тартысты жекпе-жектердің нәтижесінде жерлестеріміз жоғары нәтижелер көрсетіп, бір спортшы күміс медаль иеленсе, үш спортшы қола жүлдеге қол жеткізді. Әрбір кездесу көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, рингтегі әр секунд жеңіске деген жігер мен табандылықтың айқын көрінісіне айналды.

Сайыс барысында жүлделер тек жекелей есеп бойынша ғана емес, жалпы командалық көрсеткіш бойынша да сарапқа салынды. Жекелей есепте чемпион атанған Павлодар облысының инспекторы Шамұрат Құсайынов жарыстан кейінгі сұхбатында бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін атап өтті.

– Ақтық сын атауына сай өте қиын болды. Әр жекпе-жек мен үшін үлкен сынаққа айналды. Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, бала кезімнен спортқа баулыған ата-анамның, жаттықтырушыларымның және қызметпен қатар, спортты ұмыттырмаған әріптестерімнің де жеңісі, – деді чемпион.

Ол өз сөзінде қандай жетістікке жетсе де, онда қолдау көрсеткен адамдардың еңбегі жатқанын ерекше атады. Спортшының пікірінше, жеңіс ешқашан жалғыз адамның еңбегімен келмейді, ол – тұтас ұжымның ортақ жетістігі.

Қарағанды қаласында алғаш рет осындай форматта ұйымдастырылған чемпионаттың жоғары деңгейде өтуі де көпшіліктің көңілінен шықты. Ұйымдастырушылар бұл жарыстың дәл біздің қаламызда өткізілуін Қарағандының бокстағы беделімен байланыстырды. Себебі, өңіріміз талай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған, спорттық дәстүрі қалыптасқан аймақ ретінде белгілі.

Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте қарсыластарына дес бермей, ең жоғары ұпай жинаған Абай облысының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс команданың бірлігі мен жүйелі дайындығының нәтижесі болды. Жеңімпаз команданың капитаны, Абай облысы оқу-жаттығу взводының инспекторы әрі полиция капитаны Қанағат Арал да жарыс аяқталғаннан кейін өз әсерімен бөлісті.

– Командалық есепте топ жару оңай емес. Себебі мұнда әр спортшының нәтижесі маңызды рөл атқарады. Біз осы жарысқа зор жауапкершілікпен дайындалдық. Сондықтан да, бұл жеңісті бүкіл командамыздың ортақ еңбегінің жемісі деп білемін, – деді ол. Сонымен қатар, чемпион өз өмір жолындағы спорттың орны туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, бала кезінен спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатысқанымен, уақыт өте келе, қызметтік міндеттерге байланысты үлкен спорттан қол үзіп қалған. Алайда, бұл чемпионат оның жеті жылдық үзілістен кейінгі алғашқы бәсекесі екен.
– Ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралу оңай болған жоқ. Дегенмен, бұл жарыс өз күшімді тағы бір мәрте сынауға мүмкіндік берді. Спорттан алыстасам да, бабымның әлі де сақталғанын көрсеткім келді, – деді полиция капитаны.

Осылайша бір апта бойы жалғасқан чемпионат өз мәресіне жетіп, қатысушылар мен көрермендердің жадында жарқын естелік болып қалды. Тәртіп сақшыларының тек қызметте ғана емес, спорт алаңында да жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсеткен бұл дода көптеген жас спортшыларға үлгі болды.

Ақберен НҰРТАЙ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button