ҚарқаралыАймақБас тақырып

«BaiQymyz»: «Қарқаралы Ақтерек» бренді фестивальге 600 литр қымыз әкелді

«BaiQymyz» аймақаралық гастрофестивалінде Қарқаралы өңірінің қымыз өндірушілері де өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Солардың бірі – Ақтерек ауылынан келген «Қарқаралы Ақтерек» брендінің негізін қалаушы Бұрхан Жолтай. Ол бұл жолы фестивальге 600 литр қымыз әкелген.

Суреттерді түсірген автор

Бұрхан Жолтай қымыз өндірісін тек кәсіп көзі емес, ата кәсіптің жалғасы деп біледі. Ақтерек ауылындағы шаруашылықта дайындалатын қымыз табиғи әдіспен бапталып, дәстүрлі ыстау тәсілімен әзірленеді. Биылғы байқауда «Қарқаралы Ақтерек» бренді басты үміткерлердің бірі.

Бұл шаруашылық былтыр республикалық деңгейдегі байқауға да қатысқан.  53 қатысушының ішінен үздік ондыққа еніп, қазылар назарын аударған. Биыл аймақаралық фестивальде бағы жанса, келесі кезеңде Астана қаласында 11-12 шілде күндері өтетін халықаралық байқауға жолдама алмақ.

Бренд иесі бұл жолы фестивальге қымыздың төрт түрін ұсынды. Олар – «Хан қымыз», «Сұлтан қымыз», «Құлын қымыз» және «Бесті қымыз». Әрқайсысының дайындалу әдісі де, дәмдік ерекшелігі де бөлек.

«Хан қымызға» ту биенің қазысы қосылады. Бұл – дәмі қанық, нәрі мол, салмағы бар қымыз түрі. Ал, «Сұлтан қымыз» қойдың құйрық майымен бапталады. «Құлын қымыз» күнделікті ішуге лайық жеңіл әрі жұмсақ дәмімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, тобылғымен ысталып, қаймақпен бапталған қою қымыз да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Ақтерек ауылынан биылғы фестивальге екі шаруашылық қатысып отыр. Бұл да ауылдағы қымыз өндірісінің бір ізге түсіп, жеке бренд деңгейіне көтеріле бастағанын көрсетеді. Қымызды бабымен баптап, дәмін дәстүрмен ұштастырған ақтеректік шаруалар фестивальдің көркін қыздырып қана қоймай, Қарқаралының гастрономиялық әлеуетін де танытып отыр.

Биылғы «Baiqymyz» фестивалінде «Қарқаралы Ақтерек» бренді қазылардың да, қонақтардың да назарына ілікті. Ендігі үміт – аймақаралық байқаудан озып, халықаралық алаңда Қарқаралы қымызының дәмін таныту.

Нұрасыл АМАНЖОЛ,
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button