ЖаңалықтарМәселе

Айласы көп алаяқ, алдап кетуі оңай-ақ

Жылда желтоқсанда «он екі айда не болды?» деген сұраққа жауап іздеп, алға қойылған жоспардың орындалысы туралы есеп бере бастаймыз. Биыл да алаяқтық алдыңғы орында болары анық. Өйткені, алданған адамда есеп жоқ… Көбінесе алданғандардың айтқанына құлақ түре қалсаңыз, жылда қайталанатын «дәстүрге» айналған Остап Бендердің ізбасарларының ізі көрінеді. Ісі де… Бірақ, бүгінгі Остаптар қала аралап «гастрольдетіп» әуре болмайды. Қиырда отырып алып, қырдағы халықты ұялы телефон арқылы қан қақсата салады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Мамыр-маусым айларында полицияға алаяқтарға алданып қалған зейнеткерлердің арыз-шағымы күрт өскен. Күдіктілер егде жастағы адамдарға хабарласып, туысқандары жол-көлік оқиғасына ұшырады деп, оларды жауапкершіліктен құтқару үшін ақша төлеуді талап еткен. Бұндай әрекет арқылы жәбірленушілерге 130 миллион теңгеден астам шығын келген. Қылмыстық істің негізінде еліміздің алты қаласынан 30-дан астам адам ұсталып, оның 6-уы қамауға алынды. Алаяқтардың көмекшілерінің арасында «Яндекс такси» жүргізушілері, тамақ жеткізушілер, жоғары оқу орындарының студенттері, кәмелеттік жасқа толмағандар және басқа да азаматтар бар.

Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 79 жастағы зейнеткерден арыз түсті. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне алаяқтың құрбаны болғандығы туралы айтқан. Белгілі болғандай, жәбірленушіге белгісіз біреу хабарласып, өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған. Телефон соққан белгісіз азамат оның қызы соңы қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғасына кінәлі болды деген. Сондықтан, қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін 15 мың АҚШ долларын беруді талап еткен. Зейнеткер ондай ақшасының жоқ екенін, алайда, қолында 9 мың 400 АҚШ долларының бар екенін айтқан. Сол кезде «жалған полицей» зейнеткерге далаға шығып, ақшаны курьерге беруін айтқан. Зейнеткер далаға шығып, қолындағы 9 мың 400 АҚШ долларын белгісіз бір курьерге берген. Кейін қызына хабарласқанда ешқандай жол-көлік оқиғасы болмағанын білген. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Күдіктінің айтуы бойынша, ол әлеуметтік желі арқылы жұмыс ұсынушымен танысқан. Ұсталған азаматтың міндеті зейнеткердің мекенжайына барып, 9 мың АҚШ долларын алып кету болған. Тапсырманы орындаған соң ол өзіне 400 АҚШ долларын алғаны белгілі болды. Ал қалған ақшаны желі арқылы жұмыс берушіге жіберген. Сондай-ақ, күдіктінің осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатыстылығы анықталды. Бірінші жағдайда шығын көлемі 8 миллион 400 мың теңге болса, екінші жағдайда 4 миллион теңгені құраған. Барлық жәбірленушілер – зейнеткерлер.

Дәл осындай жағдайда 13 зейнеткерді алдап ақшаларын қағып алған топ қолға түсті. Полиция­ға арызданған 82 жастағы қала тұрғынына белгісіз біреулер үй телефонына қоңырау шалған. Ер адам өзін тергеуші деп таныстыр­ған. Сосын зейнеткердің қызы жол апатына кінәлі болғанын және оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Осы мәселені тездетіп шешу үшін 7 миллион теңге талап етті.

Зейнеткер әйел 2 миллион теңге ғана бар деп, үйдің ауласына келген «курьерге» ақшаны бере салған. Ал есін жиғасын қызына хабарласқан. Қызы аман-­есен, үйінде.

Полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында 30 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар өз кінәсін мойындады. Қаржыдан қысылып, қылмыс жасағанын айтты. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдіктілер осыған ұқсас тағы 13 қылмысқа қатысы бар болып шықты. Зардап шеккендердің барлығы – зейнеткерлер. Біреуі 835 мың теңге берсе, басқасы 17 миллион теңгеден айырылған. Олардың арасында зейнеткер Галина Ивановна да бар. 74 жастағы әйелге де қоңырау шалған. Бірақ тұтқаның арғы жағында алдымен әйелдің дауысы естілді. «Анашым, мен белгіленбеген жолмен өтіп кеттім. Ал мені соғып кетпес үшін жүргізуші әйел көлігімен апатқа ұшырады. Ол қатты жараланды. Қазір ауруханада, әйелді емдеуге 5 миллион теңге қажет», – деді ол.

 

Зейнеткер оны өзінің қызы деп ойлап қалған.

«Мен абдырап қалдым. Артынша әңгімеге өзін тергеушімін деп таныстырған азамат қосылды. Дауысы сенімді болды. Оқиғаға қызымның кінәлі екенін айтып, жағдайды қылмыстық іске жеткізбеу үшін келісу актісін жазу керектігін жеткізді. «Қанша ақша бар?» деп сұрады. Мен 835 мың теңгем бар деп жауап бердім. Ол ақшаны емделуге жинағанмын. Әлгі адам «Ақшаны жүргізушіге берсін деді», – дейді зейнеткер.

Ол денсаулығына байланыс­ты пәтерден шыға алмайтынын ескерткен.

«Содан кейін маған ақшаны сөмкеге салып, балкон астында тұрған адамға лақтыруға кеңес берді. Мен балконға шықтым, төменде қара көзілдірік, қара қалпақ киген жігітті көрдім. Мен оған сөмкені лақтырып жібердім», – дейді Галина Ивановна.

– Жастар мен еріктілердің атынан өңірімізде белең алған алаяқтық фактілерінен сақ болуға шақырамын. «Қазіргі уақытта туысқандарыңыз полицияға түсті, оны босату үшін қомақты қаржы беруді талап етеді» деген хабарлама көп. Олар ақшаны алып кету үшін, жоғары оқу орынының студенттерін, оқушыларды жалдауы мүмкін. Сондықтан да, қала тұрғындарынан алаяқтардың арандатушылығына бармай, сақ болуларын сұраймыз, – деді кибер­ерікті Алексей Васильков.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде жарнама беріп, «керекті затпен қарық қыламын» деп, алдап кетушілер де жетерлік. Мысалы, бір алаяқ қарағандылық тұрғындардан 86 млн. теңгеге жуық қаражатты иемденіп, бәстен ұтылып қалған.

Қысқаша оқиға былай өрбіген… Қарағанды облыстық полиция департаментіне қала тұрғынынан арыз түскен. Жәбірленуші жеке кәсіппен айналысып, компьютер құралдары үшін тиімді бағаға тендер болып жатқаны жайында жарнамадан білген. Бұндай ақпаратты өзін «кәсіпкермін» деп таныстырған азамат бірнеше жерде жариялаған. Сондықтан, оның ұсынысы жәбірленушіні де қызықтырған. Алайда, тендерге қатысу үшін сатып алушы хабарлама берген адамның есеп-шотына ақша аудару қажет болған. Жәбірленуші көрсетілген есеп-шотқа 41 миллион 500 мың теңге ақша аударған. Ақшаны алғаннан кейін, серіктес байланысқа шықпай, барлық байланыс нөмірлерін өшіріп тастаған. Алданғанын түсінген, жәбірленуші бірден полицияға хабарласқан.

– Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті алаяқтың жеке басын анықтады. Ол 23 жастағы Қарағандыдағы мекемелердің бірінің заңгері екені белгілі болды. Ол жәбірленушіні алдағаны туралы толық мойындау көрсетпе белгілерін берді. Жәбірленушіден алған қаражатты күдікті букмекерлік кеңсеге салып жіберген, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Иә, алаяқтардың арбауы да алдауы өзгермейді. Аңқау адам барда олардың тыйылуы да қиын. Арзанға немесе алдауға сеніп, арандап қалмау өз қолымызда. Ол үшін сақ болуымыз керек. Шынында, құрығы ұзын алаяқ, алдап кетуі оңай-ақ…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button