Өндіріс жағалағанның өзегі талмайды
Қарағанды облысы елімізде дуальді оқыту жүйесін алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған аймақтардың қатарында. Бүгінде осы бағытта 12 колледж студенттерді өндірістен қол үзбей оқыту арқылы білікті мамандарды даярлап келеді. Қазіргі еңбек нарығы қарқынды дамыған заманда өндіріс орындары тек теориялық білім емес, тәжірибелік дағдылары қалыптасқан, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарға сұраныс танытуда. Осы тұрғыда дуальді оқыту жүйесі жастарды кәсіби маман ретінде дайындаудың ең тиімді жолдың біріне айналып отыр.

Бұл жүйенің артықшылықтары көп. Біріншіден, студент оқу барысында нақты жұмыс орнымен танысып, кәсіби дағдыларын дамытады. Екіншіден, көптеген жағдайда өндірісте жұмыс істегені үшін шәкіртақы немесе жалақы алады. Үшіншіден, оқу орнын бітіргеннен кейін сол кәсіпорында жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады.
Қарағанды қаласында осы дуальді оқыту жүйесін енгізіп, оны белсенді түрде жүзеге асырып отырған – Қарағанды жоғары политехникалық колледжі. Жүйенің негізгі мақсаты – студенттің тек теориялық білім алып қана қоймай, сол білімін нақты өндіріс жағдайында қолдана білуіне мүмкіндік жасайды. Қазіргі таңда еңбек нарығында жұмыс берушілер дайын, тәжірибесі бар, өндіріс тәртібін білетін мамандарды қажет етеді. Сондықтан, колледждер үшін дуальді оқыту – заман талабына сай маман даярлаудың тиімді жолының бірі.
Дуальді оқыту тек студентке ғана емес, колледжге де, жұмыс берушіге де тиімді. Колледж еңбек нарығының талабын жақсы түсінеді, жұмыс беруші өзіне қажетті кадрды алдын ала дайындайды. Ал, студент оқу кезінде-ақ кәсіби ортаға кіре бастайды.
Дуальді оқытудың белгілі бір қиындықтары да бар. Мысалы, оқу мен жұмысты қатар алып жүру кей студенттер үшін ауыр болуы мүмкін. Сонымен қатар, барлық кәсіпорындар бұл жүйеге бірдей дайын емес.
– Ең бірінші мәселе – студенттің уақытын дұрыс ұйымдастыруы. Оқу мен өндірістік тәжірибені қатар алып жүру жауапкершілікті талап етеді. Студент сабаққа да дайындалуы керек, өндірістегі тапсырмаларды да уақытында орындауы тиіс. Кейбір білім алушылар бастапқы кезде жұмыс тәртібіне, ерте тұруға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға, өндірістік ортадағы талаптарға бірден бейімделе алмай жатады.
Екінші мәселе – кәсіпорын мен колледж арасындағы үйлестіру жұмыстары. Студент қай уақытта колледжде оқиды, қай уақытта өндірісте болады, қандай тақырыпты өндірісте бекітеді – осының бәрі алдын ала жоспарлануы қажет. Егер оқу бағдарламасы мен өндірістегі жұмыс мазмұны сәйкес келмесе, дуальді оқытудың тиімділігі төмендейді.
Үшінші мәселе – тәлімгерлердің жұмысы. Өндірісте студентке бағыт беретін тәжірибелі маман болуы керек. Ол студентке жұмысты түсіндіріп қана қоймай, қауіпсіздік техникасын, еңбек мәдениетін, мамандықтың жауапкершілігін үйретуі тиіс, – дейді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Маркетинг және кәсіптік бағдар беру бөлімінің жетекшісі Жанболат Ғабитұлы.
Бірақ осы қиындықтар дұрыс ұйымдастыру арқылы шешіледі. Колледж тарапынан жетекші бекітіледі. Кәсіпорынмен келісім, студенттерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Студент жауапкершілікпен қараса, оқу мен өндірістік тәжірибені қатар алып жүруге толық мүмкіндік бар екенін айтады.
Қазіргі еңбек нарығында техникалық және жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Әсіресе өндіріс, құрылыс, тау-кен, энергетика, көлік, машина жасау, ақпараттық технологиялар салаларында тәжірибелі мамандар қажет. Сондықтан, дуальді оқыту арқылы дайындалатын мамандықтар жұмыс берушілер үшін өте маңызды.
Мамандардың айтуынша, Қарағанды облысында тау-кен өндірісі, металлургия, құрылыс, көлік және техникалық қызмет көрсету салалары жақсы дамыған. Сондықтан тау-кен ісі, геология, маркшейдерлік іс, геодезия, техник-механик, электрик, дәнекерлеуші, техник-технолог сияқты мамандықтарға сұраныс бар.
Колледж үшін басты міндет – студентті тек диплом алу үшін емес, нақты еңбек нарығына қажет маман ретінде дайындау. Дуальді оқыту осы мақсатқа жақындатады. Себебі, студент оқу кезінде өндірісті көреді, жұмыс берушінің талабын түсінеді, өз мамандығының маңызын сезінеді.
– Менің тәжірибемде дуальді оқыту жүйесі тиімді екенін көрсетті. Себебі, студент өндірістік тәжірибеден өткеннен кейін пәнге басқаша қарай бастайды. Теориялық сабақта айтылған ұғымдар оған түсінікті болады. Себебі, ол сол процесті өндірісте көріп келеді. Мысалы, геология, геодезия, тау-кен ісі сияқты пәндерде тек аудиторияда түсіндіру жеткіліксіз. Студент жер бедерін, қабаттарды, өлшеу жұмыстарын, карьер құрылымын, өндірістегі қауіпсіздік талаптарын іс жүзінде көргенде ғана толық түсінеді.
Дуальді оқыту студенттің жауапкершілігін арттырады. Ол өндірісте уақыт тәртібін сақтауды, ұжыммен жұмыс істеуді, тапсырманы нақты орындауды үйренеді.
– Дуальді оқыту жүйесін таңдағалы жүрген студенттерге ең бірінші кеңес – мамандыққа жауапкершілікпен қарау. Бұл жүйе жай ғана тәжірибеден өту емес, бұл болашақ жұмысқа дайындық. Өндірісте әрбір әрекет маңызды: уақытында келу, қауіпсіздік ережесін сақтау, тапсырманы дұрыс орындау, үлкен мамандардан үйрену – бәрі кәсіби қалыптасуға әсер етеді, – деді Жанболат Ғабитұлы.
Дуальді оқыту жүйесі Қазақстанның көптеген өңірлерінде қолданылады. Мысалы, Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Атырау, Маңғыстау, Түркістан және басқа да аймақтардағы колледждер өндіріс орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Әр өңір өз экономикасына байланысты мамандықтарға басымдық береді. Қарағандыда жоғарыда айтылғандай, тау-кен, металлургия, құрылыс, көлік және техникалық қызмет сынды салаларға сұраныс жоғары. Яғни, дуальді оқыту белгілі бір аймақпен шектелмейді. Ол бүкіл ел бойынша еңбек нарығының қажеттілігіне қарай дамып келе жатқан жүйе.
Дуальді оқыту жүйесін тәмамдаған түлектер тау-кен өндірісі, геодезия, маркшейдерлік қызмет, техникалық бақылау, зертхана жұмыстары, құрылыс және өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істейді.
Барлық оқу орындары дуальді оқытуға бірдей дайын деп айту қиын. Себебі, бұл жүйені енгізу үшін бірнеше маңызды шарт қажет. Біріншіден, колледждің өндіріс орындарымен тұрақты байланысы болуы керек. Екіншіден, оқу бағдарламасы кәсіпорынның нақты жұмыс процесімен байланыстырылуы қажет. Үшіншіден, өндірісте студенттерді қабылдайтын, үйрететін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдай болуы тиіс.
Кейбір оқу орындарында негізгі кедергі серіктес кәсіпорындардың аздығы екенін де жасырмайды маман. Әсіресе, шағын қалаларда немесе белгілі бір сала бойынша өндіріс орындары аз аймақтарда бұл мәселе жиі кездеседі. Сонымен қатар кейбір кәсіпорындар студент қабылдауға дайын емес болуы мүмкін, себебі, студентпен жұмыс істеу қосымша уақыт пен жауапкершілікті талап етеді.
Тағы бір кедергі материалдық-техникалық база. Колледждегі зертханалар, шеберханалар, оқу кабинеттері қазіргі өндірістегі құрал-жабдықтарға жақын болуы керек. Егер колледждегі база ескі болса, студент өндірістегі жаңа технологияларға бейімделуде қиналуы мүмкін.
Дегенмен, техникалық бағыттағы колледждер үшін дуальді оқыту өте қажет. Бұл жүйеге толық көшу бір күнде болмайды. Бірақ кезең-кезеңімен кәсіпорындармен байланыс орнатып, оқу жоспарларын жетілдіріп, тәлімгерлермен жұмыс жүргізсе, жақсы нәтиже беруге болады.
– Техникалық колледж жағдайында, дуальді оқыту, әсіресе, техникалық мамандықтар үшін қажет. Мысалы, пайдалы қазбалар кен орындарын ашық қазу, геология және гидрогеология, геодезия және маркшейдерлік іс бағыттарында студент тек кітаппен шектелмеуі керек. Ол өндірістік алаңды, карьерді, зертхананы, геодезиялық құралдарды, техникалық құжаттарды, қауіпсіздік ережелерін нақты жағдайда көруі тиіс.
Мысалы, маркшейдерлік немесе геодезиялық бағытта оқитын студент нивелир, теодолит, тахеометр сияқты құралдармен жұмыс жасауды тек теория жүзінде емес, дала жағдайында, өндірістік объектіде үйренгенде ғана кәсіби дағды қалыптасады. Сол сияқты тау-кен ісінде карьердің құрылымын, қазу жүйесін, көлік қозғалысын, жарылыс жұмыстарының қауіпсіздігін, еңбекті қорғау талаптарын тәжірибе арқылы түсіну маңызды, – дейді Жанболат Ғабитұлы.
Дуальді оқыту – студент үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жүйе арқылы білім алушы мамандығын ерте түсінеді, тәжірибе жинайды, еңбек нарығына дайын болып шығады. Сондықтан, бұл бағытты қолданып, дұрыс пайдалана білген студент болашақта бәсекеге қабілетті маман бола алады.
Ділназ ҚАППАРОВА,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті



