Балқаш

Жиһаз алуға жәрдемдеседі

Балқаш қалалық мүгедектер қоғамының ғимаратындағы жөндеу жұмыстары тәмамдалды. Жақында қала әкімі Ораз Тәуірбеков нысанға арнайы барып, жұмыс нәтижесімен танысты.

Ғимаратты аралап көрген шаһар басшысы мекемені қажетті жиһазбен қамтуға күш салатынын айтты.

– Қазіргі сәтте мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Қалада мұндай азаматтардың тұрмысын жақсартуға арналған жобалар жетерлік. Бұл бағдардағы жұмыстар алдағы уақытта да толастамауы тиіс. Жақын арада кеңсе жиһазымен қамтамасыз ету мәселесін шешуге уәде беремін, – деді Ораз Тәуірбеков.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген жөндеу жұмыстарына «Коунрад» корпоративтік қоры демеушілік жасады. Ғимараттың едені ауыстырылып, төбесі тегістелді. Жылу, су және кәріз желілері жаңаланып, қабырғалары сыр ланып, санитарлық-гигиеналық бөлме кеңейтілді.

Айта кетейік, бүгінде Балқаш қалалық мүгедектер қоғамы мемлекеттік тапсырыс аясында 400-ден астам мүмкіндігі шектеулі жанды қамтып отыр. Мұның ішінде олардың бос уақытын ұйымдастыру, тегін такси қызметтері бар.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button