«Шахтер» «Арысты» шаң қаптырды
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының XV тур ойындары мәресіне жетті. Осы тур аясында қарағандылық «Шахтер» өз алаңында «Арыс» клубын қабылдап, жанкүйерлеріне жарқын жеңіс сыйлады. Тартысқа толы кездесуде жерлестер қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесіндегі маңызды үш ұпайды еншіледі.

Ойындағы есепті алғаш болып қонақтар ашты. Кездесудің небәрі тоғызыншы минутында олар сол қаптал арқылы нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, қорғаушы Мақсат Иманали ортадағы әріптестеріне әуелете пас бағыттаған. Допқа алғаш жеткен қорғаушы Бекзат Мансұров қарағандылықтардың қақпасынан саңылау тауып, командасын алға шығарды.
Алайда, жерлестер бұған мойыған жоқ. Керісінше, шабуыл қарқынын үдетіп, қос қапталдан қарсылас қақпасына қауіп төндіре бастады. Табандылықтың нәтижесі көп күттірмеді. Араға 20 минут салып, қарағандылықтар таразы басын теңестірді. «Шахтер» кезекті бұрыштама добын сәтті пайдаланды. Бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Рифат Нурмугамет дәл соққымен қақпаны нысанаға алып, есепті теңестірді. Осылайша, алғашқы таймда қос команда үзіліске 1:1 есебімен шықты.
Екінші тайм басталғаннан кейін «Шахтер» ойын тізгінін қолға алып, шабуыл қарқынын үдете түсті. Кездесудің 77-ші минутында Артем Литош әріптесі Расул Акимовтың дәл пасын шебер қабылдап, еш ойланбастан қақпаға жойқын соққы жасады. Қарсылас қақпашысы бұл соққыға тосқауыл қоя алмай, қарағандылықтар есепте алға шықты.
Араға жеті минут салып, Артем Литош тағы да мергендігімен көзге түсті. Бұл жолы шабуыл оң қапталдан өрбіді. Әріптесі Арман Нүсіптің дәл пасын қабылдаған шабуылшы допты бірден қақпаға бағыттап, тағы бір қуатты соққымен қарсылас қақпасын көздеді. Осылайша, Литош дубль авторы атанып, «Шахтердің» басымдығын нығайтқан маңызды голдың авторына айналды. Есеп – 3:1.
Негізгі уақыттың аяқталуына бір минут қалғанда Артем Литош матчтағы үшінші голын соғып, «хет-трик авторы» атанды. Бұл шабуыл да оң қапталдан өрбіді. Арман Нүсіп қарсылас команданың айып алаңына таяй бере алаң ортасынан ентелеп шыққан Артемге дәл пас шығарды. Допты шебер тоқтатқан Артем қарсылас қорғаушысын қапы қалдырды. Нәтижесінде, «Шахтер» өз алаңында 4:1 есебімен камбэк жасады. Ал, хет-трик авторы «Ойынның үздігі» атанды.
Сонымен, «Шахтер» камбэк жасап, жеңіліссіз сериясын сегіз ойынға ұзартты. Ал, Артем Литош сұрмергендер тізімінде көшбасшылық позициясын нығайта түсті. Оның еншісінде қазір 13 гол мен алты нәтижелі пас бар. Ал, Рифат Нурмугамет жеті голмен сұрмергендер тізімінде IV орында тұр.
Енді жерлестер 31 шілдеде қостанайлық «Тобыл» жастарымен сырт алаңда кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



