Жаңалықтар

“Қарағанды Су” кәсіпорнына 9,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында «Қарағанды Су» ЖШС-нің Аэрация станциясында экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

Сурет Экология Министрлігінен

Тексеру кезінде тазартылған ағынды сулардың құрамындағы бірқатар ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген шекті нормативтен асқаны белгілі болды. Зертханалық талдау нәтижесіне сәйкес:
аммиак (азот) – 2,57 мг/дм³ (рұқсат етілген шекті мөлшер – 2,49 мг/дм³);
нитриттер – 0,925 мг/дм³ (норма – 0,365 мг/дм³).

Экология департаментінің мәліметінше, бұл аталған кәсіпорында тіркелген алғашқы жағдай емес. Бұған дейін, 2025 жылы, «Қарағанды Су» ЖШС-нің Соқыр өзеніне төгетін тазартылған ағынды суларынан да аммонийлі азоттың шекті мөлшерден асқаны анықталған болатын.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама беріліп, 9 872 403 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Диас СЕРІКҚАЗҰЛЫ Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button