Балқаш қаласында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі талаптарын түсіндіруге бағытталған іс-шараға 86 комиссия мүшесі қатысты.

Семинар барысында қатысушылар сайлауға дайындықтың негізгі кезеңдерімен танысып, дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының іс-қимыл алгоритмін пысықтады. Сондай-ақ, сайлаушылар тізімімен алдын ала жұмыс жүргізу тәртібі жан-жақты қарастырылды. Оқыту тәжірибелік кейстерді талдау форматында өтіп, комиссия мүшелері дауыс беру кезінде туындауы ықтимал түрлі жағдайларды талқылап, оларды шешу жолдарын саралады. Қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлмира Ағдарбекованың айтуынша, семинар Оқушылар сарайының ғимаратында ұйымдастырылып, оған қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары және мәслихат сессиясында жаңадан сайланған комиссия мүшелері қатысқан.
– Оқушылар сарайының ғимаратында Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша оқыту семинары өтуде. Семинар аясында Балқаш қаласындағы қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған сабақтар ұйымдастырылды. Іс-шараға комиссия төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшылары қатысуда. Сонымен қатар мәслихат сессиясында жаңадан сайланған комиссия мүшелері де бар, – деді Гүлмира Ағдарбекова.
Айта кетейік, қазіргі таңда Балқаш қаласында 36 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 257 мүше бар. Барлық комиссиялар қажетті материалдық-техникалық базамен, телефон байланысымен және интернет желісіне қолжетімділікпен толық қамтамасыз етілген. Биылғы сайлау науқанының ерекшелігі – алғаш рет Балқаш мыс зауытының аумағында сайлау учаскесінің ашылуы. Бұл үздіксіз өндірісте еңбек ететін қызметкерлерге дауыс беру күні жұмыс орнынан алыстамай-ақ өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



