АймақБалқашБас тақырып

Сарыарқаның жауһары

Сарыарқаның сайын даласында үнсіз ғана сыр бүгіп жатқан бір мекен бар. Ол – Бектау ата. Алыс­тан қарағанға бұл тау көкжиекпен тілдескен алыптың бейнесіндей көрінеді. Оның қатпар-қатпар тастары уақыттың таңбасын сақтаған көне кітап секілді. Әрбір жартасы, әрбір үңгірі, әрбір бұлағы бізге өткеннен жеткен үнсіз шежіре. Бектау ата – табиғаттың адам қолы тимеген ғажайып мүсін өнері. Мұнда жел де, жаңбыр да, уақыт та бірлесіп, қайталанбас көркем дүние жасағандай. Бір қарағанда қатал гранит қабырғалары суық сезілгенімен, тау қойнауына енген сайын оның жүрегінде бір жылылық барын аңғарасың.

Суреттер автордан

Тасқа жазылған ертегі

Балқаш қаласының оң­түстік-шығысында шамамен 60 шақырым жерде орналасқан Бектау ата тауы – Солтүстік Балқаш өңірінің ең көрікті табиғи нысанының бірі. Бірнеше шоқыдан құралған бұл тау солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатыр. Ені шамамен 3 шақырымды құрайды, ал, ең биік шыңы 1213 метрден асады. Ғалымдардың зерттеу­інше, Бектау ата – көне замандарда атылмай қалған жанартау сілемі. Оның негізін ірі түйіршікті гранитоидтар құрайды. Миллиондаған жылдар бойы табиғи күштердің әсерінен тау жыныстары ерекше пішіндерге енген. Сондықтан, Бектау атаның әрбір тасы – жер тарихының қатпарлы шежіресі.

Бектау атаға келген адам, ең алдымен, оның ерекше келбетіне таңырқайды. Мұндағы жартастар кейде алып сарайларға, кейде ертегі кейіпкерлеріне, кейде аспаннан түскен жұмбақ дүниелерге ұқсайды. Табиғаттың өзі қашаған бұл мүсіндер адам қиялына қанат бітіреді.

Тау қойнауындағы ең белгілі орындардың бірі – «Әулие үңгірі». Ол Бектау атаның күнбатыс жағында, 80-100 метр биіктікте орналасқан. Үңгірдің ұзындығы шамамен 45-48 метрге жетеді. Кіреберіс бөлігінің биіктігі 3 метр, ені 1,5 метр шамасында. Үңгірдің ішкі бөлігінде мөлдір көлшік бар. Жергілікті халық бұл суды қасиетті санап, ғасырлар бойы ерекше құрмет көрсетіп келеді.

Бектау атаның табиғи ерекшелігі – оның шөлейт дала ортасындағы жасыл арал іспетті болуында. Тау шатқалдарында бұлақтар, шағын тоғайлар, өсімдікке бай алқаптар кездеседі. Кезінде бұл жерде 30-ға жуық бұлақ болғаны айтылады. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі тартылып, шамамен онға жуығы ғана тұрақты ағып жатыр.

Экологиялық туризм мекені

Қазіргі таңда Бектау ата Қазақстандағы табиғи туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Оның ерекше ландшафты, таза ауасы, тарихи аңыздары мен табиғи нысандары саяхатшыларды өзіне тартады.

Бұл өңірде экологиялық туризм, жаяу серуендеу бағыттары, тау туризмі, альпинизм, фото-туризм, ғылыми-зерттеу саяхаттары үшін үлкен мүмкіндік бар. Жаз мезгілінде Бектау атаға Қазақстанның әр өңірінен туристер келеді. Олар шатқал ішінде серуендеп, тау көріністерін тамашалап, табиғат аясында демалады. Кемпинг құрып, бірнеше күн бойы дала тынысын сезінетін саяхатшылар саны жыл сайын артып келеді. Бектау ата – Астана мен Алматы бағыттарын байланыстыратын маңызды көлік жолына жақын орналасқандықтан ішкі туризмді дамытуға өте қолайлы аумақ. Бұл қасиетті мекен болашақта халықаралық деңгейдегі табиғи туризм орталығына айналу мүмкіндігіне ие.

Бектау ата табиғатының басты ерекшеліктерінің бірі – өсімдіктер дүниесінің байлығы. Ғалымдардың мәліметі бойынша, бұл аймақта өсімдіктің 100-ге жуық түрі таралған. Олардың ішінде 40-тан астамы сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады.

Бектау ата аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген 8 өсімдік түрі кездеседі. Бұл – өңірдің табиғи маңызын көрсететін үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, осы аймақта өсетін өсімдіктердің бірі таудың атымен «Бектау ата» деп аталады. 1982 жылдан бастап Бектау атада Солтүстік Балқаш өңіріндегі республикалық маңызы бар ботаникалық қорық ұйымдастырылған. Бұл шешім аймақтың ерекше табиғи байлығын сақтауға бағытталған.

Киелі мұраны сақтау – міндет

Бектау ата тек өсімдіктерімен ғана емес, жануарлар дүниесімен де құнды. Бұл өңірде арқар, түрлі дала аңдары және сирек кездесетін жануарлар мекендейді. 1938 жылы белгілі зерттеуші В.Селевин Бетпақдала экспедициясы барысында ерекше кеміргіш түрін анықтаған. Кейін бұл жануар ғылымда «Селевин жалманы» деген атауға ие болды. Оның негізгі мекендерінің бірі – Бектау ата бөктері. Аймақта құстардың да көптеген түрлері кездеседі. Бектау ата мен оған жақын аумақтарда дала және таулы аймақтарға тән құстар мекендейді. Олардың ішінде сирек кездесетін, қорғауды қажет ететін түрлер бар. Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың қатарына жататын кейбір түрлер осы өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Аңыз бен ақиқат

Әрбір қасиетті мекеннің өз тарихы, өз аңызы болады. Бектау ата туралы халық арасында көптеген аңыз сақталған. Бір аңызда елін жаудан қорғаған Бектау атты дана қария туралы айтылады. Ол халыққа пана болып, кейін таудағы үңгірге кеткен деседі. Қарттың қасиетін құрметтеген жұрт бұл тауды «Бектау атаның тауы» деп атаған. Тағы бір аңызда жаудан қашқан Атабек есімді адамның осы таудағы үңгірге жасырынғаны, сол жерде мөлдір бұлақ пайда болғаны баяндалады. Бұл аңыздардың барлығы халықтың табиғатпен етене байланысын көрсетеді. Қазақ үшін тау – жай ғана тас емес, ол – рухани белгі, өткеннің куәсі.

Бектау ата – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген ерекше орынның бірі. Ол «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына енгізілген. Бұл мекеннің әрбір тасы, әрбір бұлағы, әрбір өсімдігі – ұрпақтан ұрпаққа жеткен аманат. Табиғатты қорғау – тек қоршаған ортаны сақтау емес, халықтың тарихи жадын сақтау.

Бектау атаның тағдыры – баршаға ортақ мәселе. Табиғи байлықты пайдалану кезінде оның экологиялық тепе-теңдігін сақтау қажет. Себебі, мыңдаған жылда қалыптасқан табиғи ғажайыпты бір сәтте жоғалтып алуымыз мүмкін. Бектау ата – Сарыарқаның жүрегінде тұрған үнсіз алып. Оның асқар шыңдары мен терең үңгірлері, мөлдір бұлақтары мен көне тастары бізге бір ақиқатты еске салады: адам табиғаттан биік емес, адам табиғатпен бірге өмір сүргенде ғана өзінің болмысын табады.

Айта кетейік, осындай қасиетті мекенді қорғау – баршамыздың парызымыз. Бектау ата – қазақ даласының көркі ғана емес, келешек ұрпаққа қалатын қасиетті мұра.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button