Қарағандыда зейнеткер 15 миллион теңгесінен айырылды
Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, жалпы құны 15 миллион теңге болатын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен.

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Күдіктілер қарияға «жақын адамыңыз салған қарғыс бар, оны қайтармасаңыз, туысыңызға қауіп төнеді» деп сендіріп, түрлі «ырым-жоралғылар» жасаған. Кейін қарғыстан арылу үшін барлық алтын әшекейлері мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Оның орнына мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күннен кейін ғана ашуды тапсырған.
Алайда сол күні-ақ түйіншекті ашқан зейнеткер оның ішінде бос қағаз ғана жатқанын көріп, полицияға жүгінген.
Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде Қарағанды облысы полициясының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді Теміртауда ұстады. Олар Павлодар, Алматы қалалары мен Жетісу облысының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында олардың осыған ұқсас өзге алаяқтық қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені анықталуда.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Полицейлер тұрғындарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, «қарғысты қайтарамыз», «көз тиюді кетіреміз» деген желеумен ақша не бағалы зат сұрайтын адамдарға сенбеуге шақырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ Ortalyq.kz



