Спорт

Шеберлік шыңдайтын шешуші кезең

Өңірде джиу-джитсудан халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Тарландарымыздың тәжірибесін зерделеп, қарымын шыңдау мақсатында кеншілер астанасына Біріккен Араб Әмірліктерінен спортшылар келді. OA JJ академиясының базасында ұйымдастырылған бірлескен жаттығулар 1 тамызда Әбу-Дабиде басталатын әлем чемпионатына жіті дайындықтың маңызды екенін аңғартты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Шетелдік делегация құрамында 15 спортшы мен төрт бразилиялық жаттықтырушы бар. Сонымен қоса, Әбу-Дабидегі Hamdan Bin Zayed School мектебінің жеті өкілі келген. Олардың қатарында білім ордасы директорының орынбасары, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері және БАӘ-нің білім беру мен спорт министрліктерінің қызметкерлері бар.

Оқу-жаттығу жиыны барысында спортшылар шеберліктерін шыңдап қана қоймай, түрлі күрес мектебінің әдіс-тәсілдерін өзара салыстыра түсуде. Сондай-ақ, БАӘ Білім министрлігі мен Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесі де талқылануда. Құжат бірлескен жаттығу жиындарын тұрақты өткізуге, білім беру жобаларын жүзеге асыруға және мамандар арасындағы тәжірибе алмасуға жол ашпақ.

– Мұндай ынтымақтастық спортшыларымыз үшін өте маңызды. Өңіріміздің джиу-джитсу мектебі үздіксіз дамып келеді. Бүгінде ол жасөспірімдер спорты бойынша әлемдегі жетекші мектептердің бірі саналады. Сондықтан, шетелдік спортшылар бізбен жаттығып, тәжірибе алмасу үшін келеді. Мұндай байланыс екі тарапқа да пайдалы, – деді облыстың джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағанбетов.

Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсуға айрықша мән берілген. Тіпті, бұл спорт түрі елдегі мектептердің міндетті оқу бағдарламасына енгізілген. Балалар тұрақты жаттығып, арнайы емтихан тапсырады. Әбу-Даби шейхінің қамқорлығындағы Hamdan Bin Zayed School Қазақстанға осындай оқу сапарын ұйымдастырған Әмірліктердегі алғашқы білім беру мекемесі.

– Қазақстандағы джиу-джитсудың дамуын соңғы сегіз-тоғыз жыл бойы жіті қадағалап келеміз. Сіздердің спортшыларыңыз ірі халықаралық жарыстарда үнемі жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан, мұндағы жаттығу үдерісінің қалай ұйымдастырылатынын өз көзімізбен көргіміз келді. Тік тұрып күресу мен партердегі дайындықтың ерекшеліктерін зерттеп, әйдік әдістемені меңгеруге ниеттіміз. Мұндағы спортшылардың тәртіпті, еңбекқор әрі жігерлі екеніне көз жеткіздік. Біздің шәкірттеріміздің де осындай қасиеттерді бойына сіңіргенін қалаймыз, – деді джиу-джитсудан қара белбеу иегері, жаттықтырушы Хуго Масиэл.

Жиынға қатысушылар арасында жуырда Азия чемпионы атанған жерлесіміз Ариана Байсеркеева да бар. Қазір жас спортшы әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде.

– Бірнеше күннен бері бірге жаттығып келеміз. Бұл біз үшін өте пайдалы тәжірибе болатыны кәдік. Жаттықтырушылар жаңа техникалық әдіс-тәсілдерді көрсетеді, ал, біз оларды бірден белдесу кезінде қолданып көреміз. Мұндай бірлескен жаттығулар көп нәрсе үйренуге және шеберлігімізді шыңдауға мүмкіндік береді, – дейді Ариана Байсеркеева.

Айта кетейік, алда қарағандылық джиу-джитсу шеберлерін тағы бір ірі бәсеке күтіп тұр. 19 қыркүйекте Жапонияда жазғы Азия ойындары басталады. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының сапында облыс намысын Ажар Салықова қорғайды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button