Жаңалықтар

Жезкиік тағдыр, жезтаңдай әнші

«Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыт-ай. Сейілсіз (Аяған) серуен кешіп, сейіл құрғанымызға 40 күн өте шығыпты-ау…

Сейілдің өмірі. Сейілдің өнері.

Алғашқысы көп айтыла бермейтін. Қазасынан кейін Секеңнің жоғын түгендеуге кірісіп кеттік. Қайран, пендешілік-ай… «Ғұмыр бойы пәтер жалдап өмір кешті», – дедік. «Көлік мінбеді, жарқырап жүрмеді», – деп те қалдық. Атағы жоқ екені аяулы азаматтың жаны Аллаға қайтып, тәні ақыретке оранған күні есімізге түсті. Осының бәрін неге көзінің тірісінде айтып, неге билікке бұйымтай етпедік? Өлермендікпен өзіміз алып жатқан сөлкебайдың біреуін «Мына марапат – Сейілдікі» деп айта алмадық қой… Енді Секеңе ештеңе де керек емес! Бірақ, біз әлі даурығып жүрміз…

Ақиқат ақыретте ғана айтылу керек болса, шет-жағасын айта кетейін. Келісесіз бе, Сейіл Аяғанның өмірі халқының алақанында өтті. Ол қызмет істеген жоқ. Сұрамады да. Біз ұсынбадық. Аз ғана уақыт Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте істеген. Онда да «Дипломы жоқ адамды ұстап отыр» деп, мекеме басшысының үстінен арыз боратқан да – өзіміз. Арызға қол қойғандар жүр әлі ортамызда.

Оны қойшы, әншінің табытын ортаға салып қойып, ұпай жинағымыз келгені ше? Қаралы үйдің қан тамшылап тұрған босағасында отырып, пенденің сөзін айтуға арланбадық… Ал, қарапайым халықтың Сейілге деген махаббаты жиылған елдің, қамыққан қауымның қарасынан-ақ көрініп тұрған. Бір-біріне көңіл айтып, бірінбірі жұбатқан елден жер қайысардай. Халқының осынша ыстық ықыласын сонша кіршіксіз махаббатын Секең тірісінде сезбеді емес, сезді. Содан кейін де ол қамсыз жүріп, тұрмысқа икемделмеді. Атақ қуып, шатақ іздемеді. Өмірді ән деп ұқты, әнді өмір деп бағалады. Содан кейін де ол оң қолын кеудесіне қойып: «Сұлу ән, саған адалмын!» деді.

Иә, Секең әнге адал болды. Ол әнді көмекеймен немесе асқақ дауыспен емес, жүрекпен орындады. Нота дәптері де жүрегінде еді. Талғамы зор әнші екенін ішіміз сезіп, риза болып жүрсек те, мойындағымыз келмеді. Айта алмадық. Енді, айт-айтпа, Секеңе біздің мақтау сөз, мадақ пікіріміз қажет емес…

Несін жасырайын, өз басым ән тыңдауға аса құштар да, құлықты емеспін. Мен үшін әнші деген – қазақтың классикалық халық әндерін орындаушылар ғана. Ол – Қайрат Байбосынов, ол – Жәнібек Кәрменов, ол – Мейірхан Адамбеков, ол – Ғалым Мұхамедин, ол – Серік Оспанов, ол – Жақсыкелді Кемалов, ол – Айтбек Нығызбаев, ол – Ержан Базарбеков, ол – Сержан Мұсайын, ол – Дәуренбек Әркенов… Ал, бала күнімде гитараны көше әндерін орындаушылардың аспабы деп ойлайтынмын. Немесе сығандардың ұлттық аспабы… Білетінмін, ойымның қате екенін. Қорабай Есенов көкемнің әндерін қасында отырып тыңдаған күні гитараға ептеп қана жүрегім жібіген. 1990 жылы Атырауда өткен айтысқа қатысып, сол жолы Табылды Досымовтың әндерін тыңдадым. Содан кейін Сейіл досым шырқаған әндер баурай бастады. Соның өзінде, мен Секеңнің әніне емес, адамгершілігіне, аңқылдаған бала көңіліне, адалдығына, қарапайымдылығы мен таза жүрегіне тәнті болғанмын. Үнемі өнерін бұлдамай, адами қалпын алға шығарып жүрді. Сол болмысы арқылы өзін сыйлата білді. Өмірге адам боп келіп, адам боп кетті…

Өзінің кең пейілі мен асыл жары Қымбаттың жомарт дастарқаны Сейілге Қазақстанның түпкір-түпкірінен дос жинап берді. Өнердің өз баласы болып туған жанға өз халқы өгей бола ма?! Барша Алаш баласы Аяған қожаның немересін алақанға салды. Біз таныған, Сіз таныған Сейілдің он екі мүшесінің ішінде адал жүрегі ғана тынымсыз жұмыс атқарған шығар деп ойлаймын кейде. Әнді жүрекпен қабылдап, жүрекпен айтты. Бәрімізді шын жүрегімен жақсы көріп, адал жүрегімен құрметтеді. Жүрегі жүктен бір арылған жоқ. Сол жүрек, сом жүрек сыр берді ақыры.

…Биыл Арқаға ақбөкен қыстап қалып, адасып жүр. Адасып жүрген жоқ, Сейілді қимай қалып кеткен секілді.

Жақында Жезқазғанға жолым түскен. Ақой ауылының маңында жолымызды 5-6 киік кесіп өтті. Жүдеу, жүрісі – баяу. Құлағыма Сейіл досым орындайтын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтің «Жезкиік» әні келіп, көкірегіме шер болып құйыла берді.

…Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.

Жезкиік, сені аңсаған кездерімде

Мен мынау кең далаға сыймай кетем.

Секе, біз де сені ойлаған кезде мынау салқар Сарыарқаға сыймай кетеміз…

Жолымды тағы бір топ киік кесіп өтті. Ішінде Сейіл досым жоқ па екен деп, елеңдей қалдым. Бірақ, үлкенге де, кішіге де «Сіз» деп, айналып-толғанып тұратын Секең жолымды кеспейтін еді ғой.

Бәрібір, Сейіл ортамызда жүр. Гитарасы шертілмейді, бірақ

Ерсін МҰСАБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button