АймақБас тақырып

Өңірде құрылыс саласындағы жаңа инновациялар талқыланды

Қарағандыда техника ғылымдарының докторы, профессор Жмағұл Нугужинов 70 жылдығына арналған «Ғылым, инновация, құрылыстағы техникалық реттеу және инжиниринг: цифрлық және зияткерлік технологиялар, жай-күйі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды жиын құрылыс индустриясындағы заманауи технологиялар мен ғылымның даму бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналмақ. 

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ   

Конференцияның салтанатты ашылуында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз сөйледі.

– Қарағанды облысы үшін саланың болашағын қалыптастыратын мамандарды, ғалымдарды, инженерлерді, оқытушылар мен сарапшыларды қабылдау үлкен мәртебе. Осы маңызды іс-шара алдағы уақытта одан әрі дамуымызға жаңа мүмкіндіктерді береді. Бүгінде салаға цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жаңа материалдар мен жобалау әдістері кеңінен енгізілуде. Бірақ барлық технологияның артында әрдайым адамдардың еңбегі, яғни олардың білімі,жауапкершілігі мен инженерлік ойлау қабілетітұрады. Біздің елімізде технологиялық даму мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева конференцияның ғылым мен құрылыс саласындағы инновациялық шешімдерді дамытуға ықпал ететін маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс индустриясы цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу кезеңіне қадам басты.

– Бүгінгі конференция заманауи құрылыс ғылымы мен тәжірибесінің өзекті бағыттарын біріктіреді: инновациялық технологиялар, техникалық реттеу, инжиниринг, цифрландыру, зияткерлік жүйелер, жаңа материалдар және нысандарды жобалау, салу мен пайдаланудың заманауи тәсілдері. Дәл осы бағыттар бүгінде құрылыс саласының сапасын, қауіпсіздігін және бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Құрылыс саласы бүгінде ауқымды трансформация кезеңін бастан өткеруде. Цифрлық жобалау, ғимараттарды ақпараттық модельдеу, зияткерлік мониторинг, инженерлік шешімдерді автоматтандыру, энергия үнемдейтін технологиялар және техникалық реттеудің заманауи талаптары құрылыс мәдениетінің жаңа деңгейін қалыптастыруда. Осындай жағдайда тек өзекті мәселелерді талдап қана қоймай, технологиялық тұрғыдан негізделген қолданбалы шешімдер ұсына алатын университеттердің, ғылыми ұйымдардың және кәсіби қауымдастықтың рөлі айрықша артып отыр, – деді Сәуле Сағынтаева.

Халықаралық конференцияға Ресей, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Беларусь, АҚШ және өзге де мемлекеттердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік орган өкілдері, құрылыс компанияларының мамандары, жобалау және ғылыми-зерттеу ұйымдарының сарапшылары қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жиын құрылыс индустриясындағы озық технологияларды таныстырып қана қоймай, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық инженерия саласындағы жаңа жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button