Қауіпсіз қоғам қажет
Қазақстанда соңғы жылдары «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік реформаның негізгі бағытына айналды. Қоғамдағы қауіпсіздікті арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және Заңға бағынатын мәдениет қалыптастыруға негізделген бұл бастама Президент тапсырмасына негізделді. Мемлекет басшысы ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келе жатқанын негізге алып, азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастағанын атап өткен болатын.
Қарағанды облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, әйелдер қауіпсіздігі, балалар құқығы, интернеттегі алаяқтық, самокат пен жол қозғалысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасындағы құқықбұзушылық мәселелері бақылауға алынды. Мемлекет қазір тек қылмысты жазалауға емес, оның алдын алуға басымдық беріп отыр. Бұл – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты.

Әйел құқығы тапталмайды
2024 жылдың 16 маусымы – Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы маңызды қадам жасалған күн ретінде есте қалды. Бұл күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңға қол қойды. Сол жылдан Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалар күшіне енді. Бұрын көп жағдайда әкімшілік жауапкершілікпен шектелетін әрекеттер біртіндеп қылмыстық жауапкершілікке өтті. Бұл өзгеріс қоғамда көп талқыланды. Себебі, ұзақ уақыт бойы отбасындағы зорлық-зомбылық «жеке мәселе» ретінде қабылданып келді. Ал, жаңа заң оның қоғамдық қауіп екенін нақты көрсетті. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейіп, заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады.
Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңызын үнемі атап өтіп, оны мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. «Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл орайда Қазақстан Орталық Азиядағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте ең тиімді жүйе қалыптастырған ел ретінде ерекшеленді. Отбасылық саясатқа өзгеріс енгізілгеннен кейін, қауіпсіз қоғам құруға ұмтылған мүдде айқын көрінді.

Қарағанды облысында жыл басынан бері ғана дағдарыс орталықтарының сенім телефонына 351-ден астам адам хабарласып, 11 әйел тікелей көмек сұрауға мәжбүр болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау нұсқамаларын бұзу деректері де аз емес. Соған байланысты дағдарыс орталықтарында да жұмыс көбейді. Осы орайда 2025 жылы Теміртау, Қарағанды, Балқаш қалаларында әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек көрсететін орталықтар жұмыс істеді. Әйелдерге арналған сенім желілері де іске қосыла бастады. Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 нөмірлерінің қатарына енгізілді.
Заңдардың қабылдануына қоғамдағы резонанс тудырған оқиғалар да әсер етті. Бұрын көптеген нәзік жандар қысым көрсе де, арыз жазудан қорқатын. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің өзі арызсыз әрекет етуге құқылы жағдайлар бар.
Полиция департаментіндегілердің сөзінше, 2024 жылы «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатып, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттерін қылмыстық кодекске ауыстырды. Жаңа заңның негізгі өзгерістері мен жаза түрлері Ұрып-соғу (ҚР ҚК 108-1-бап): Бұрын әкімшілік жазаға тартылса, енді \(80\) – \(200\) АЕК-ке дейін айыппұл салу, \(200\) сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе \(50\) тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаты қылмыс деп танылды.

Осының нәтижесінде өткен жылдың басынан елімізде 19 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі ресми арыз жазылмай-ақ анықталған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиғалар өңірлердегі жедел топтардың, әлеуметтік желілер, куәгерлердің және сараптама топ мүшелерінің мәліметтері нәтижесінде тіркелді. Жедел жұмыстардың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі 20,5%-ға азайып, отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны 29%-ға төмендеді.
Жедел топтардың мұрындық болуымен Қарағанды облысында «Қауіпсіз отбасы», «Заң және жасөспірім», «Тұрмыс» секілді профилактикалық шаралар тұрақты өтіп келеді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне басымдық берген бұл шаралар да ай сайын нәтижесін беруде.
Балалардан 86 мыңнан астам смс-хабарлама келіп түсті
«Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң қабылданған соң балаларға қатысты құқықбұзушылық мәселесі де ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы 6,8 млн-дай бала бұл жалпы халықтың үштен біріне жуығы екенін атап өтіп, олардың қауiпсiздiгi мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттiк саясаттың негiзгi басымдықтың бiрi екенін атаған.
Мемлекет бүгінде буллинг, кибербуллинг, кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық мәселесіне байыппен қарап, заңға нақты өзгерістер енгізді.
Еліміздегі мектептерде 2025 жылдан бастап психологиялық бақылау күшейтілді. Әлеуметтік желідегі қорлау мен қысым мәселесі де заң аясында қарала бастады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2025 жыл басынан бері балалардан 86 мыңнан астам смс-хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 2 мыңнан астамы – зорлық-зомбылық, буллингке бағытталған. Балалардың басым көпшілігі сыныптастарымен немесе ата-аналарымен қарым-қатынастан күйзеліске түскеніне байланысты көмек сұраған. «Қауіпсіз мектеп» жобасының аясы кеңейтіліп, көптеген білім ұйымына бейнебақылау камералары орнатылды. Мектептерде «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылған.

Полиция департаменті облыста «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, соңғы үш айда 133 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерсіз көшеде жүргенін анықтаған. Нәтижесінде 11 жасөспірім Бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар девиантты мінез-құлық белгілері бар 19 бала анықталып, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу жоспарланған.
«Тексеру барысында ересектердің де жауапкершілігі қаралды», – дейді департаменттің баспасөз қызметі. Балаларын бақылаусыз қалдырған 25 ата-ана да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдері мен темекі сатқан төрт кәсіпкер жазаланды. Бір ересек адам жасөспірімді ішімдік ішуге тартқаны үшін жауапқа тартылды.
Биыл облыста жасөспірімдердің қауіпсіздігін қадағалау мақсатында түнгі рейд жұмыстары күшейді. Полиция түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдермен жұмыс жүргізіп жатыр.
– Бұл шаралар тек жазалау үшін емес. Негізгі мақсат – баланы қауіптен қорғау. Қазір балалар көбіне әлеуметтік желі арқылы алаяқтардың, буллингтің немесе қауіпті контенттің құрбаны болады, – дейді департаменттегілер.
Сондықтан заңға енгізілген өзгерістер ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін де күшейтті. Жас буынның құқықтық санасын қалыптастыру мақсатында оқу орындарының әкімшіліктерімен бірлесіп, жыл басынан бері «Заң мен тәртіп» аясында 5000-нан астам құқықтық дәріс пен тәрбиелік әңгіме өткізілді. Сабақтарда оқушылар заң алдындағы өз құқықтары мен міндеттері туралы нақты әрі түсінікті ақпарат алды.

Қарағанды облысының білім басқармасы соңғы екі жылда мектеп психологтарының санын арттырғанын да хабарлады. Сонымен қатар, қазіргі таңда білім ошақтарына құқықтық сауат сабақтары енгізіліп жатыр. Бұл орайда өткен жылы баланы тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін аймақта 948 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өткен жөн. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз көшеде немесе көңіл көтеру орындарында жүруіне жол бергені үшін 3450 ата-анаға қатысты да әкімшілік шара қолданылды. Полиция департаменті іс-шара нәтижесіне оң баға беріп, тұрғындардың белсенділігін де атап өтті.
– Азаматтардың белсенділігі мен құқықтық мәселелерге деген қызығушылығы бізді қуантады. Мұндай жәрмеңкелер полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға нақты ықпал етеді. Президентіміздің құқықтық сананы көтеру туралы тапсырмасына сәйкес, осындай шаралар ел көлемінде жүйелі түрде өткізілуі тиіс, – деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметінде.
Қауіпсіздік тәртіпті талап етеді
Соңғы жылдары Қазақстан қалаларында электросамокат көбейді. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері электросамокаттарға қатысты 443 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Қарағанды қаласында да бұл көлік түрі кең таралып, жол апаттарына апарған жағдайлар кездесті. Шағын электр көліктерін, сондай-ақ, электр самокаттарын пайдалану заңмен реттеліп, мемлекет самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар енгізді. Енді жолдың жүру бөлігіне шығуға шектеу бар. Қорғаныш құралдарын қолдану ұсынылады, сондай-ақ жылдамдыққа бақылау күшейтілгендіктен жүргізуші куәлігі талап етіледі.

Қарағанды облысында 2024 жылы самокат пен мопед қатысқан бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған оқиғалар қоғамда алаңдаушылық туғызды.
Қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек. Электр самокат мінгендерге велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз қозғалуға болады. Ал, жаяу жүргінші жолында қозғалысы сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар, автобус жолағын қоса алғанда, автокөлік жолының жүріс бөлігінің оң жақ шеткі жолағымен жүруге жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жастан асқан, түймелі дулыға мен қарсы көлік құралына шағылысатын киімде (тәуліктің қараңғы уақытында) болуы керек және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болуы міндетті.
Күніне 7-15-ке дейін интернет алаяқтық тіркеледі
Департамент ұсынған мәліметтерді негізге алсақ, кейінгі жылдары облыста онлайн несие рәсімдеу, жалған банк қоңыраулары, мессенджер арқылы алдау деректері жиілеген. Соған байланысты киберполиция бөлімдері күшейтілді. Бүгінде банкпен бірлескен жүйелер енгізіліп, SIM-карта рәсімдеуге бақылау артты.
ІІМ киберқылмысқа қарсы департаменті 2025 жылы Қарағанды облысында тұрғындарға арналған цифрлық қауіпсіздік сабақтары өткенін атады. Әсіресе егде адамдар мен жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Департамент ұсынған дерекке сүйенсек, өткен жылы Қарағандыда барлығы 579 алаяқтық тіркелсе, оның 348-і – интернет алаяқтық. Оның ішінде, 79-ы – аса ауыр интернет алаяқтық, ал, 269-ы – орташа интернет алаяқтық.

– Қарағанды қаласында 600 мыңға жуық адам тұрса, жеті полиция бөлімі жұмыс істейді. Қарағанды қаласының полиция басқармасында 18 ақпаннан бері киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған жылдық жоспарды жүзеге асыруға 15 арнайы маман жұмылдырылған. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі интернет алаяқтық болып отыр. Күніне 7-15-ке дейін интернет алаяқтық тіркеледі. Былтыр жергілікті атқарушы органмен және прокуратурамен бірлесіп, осы бағыттағы қылмыстың алдын алу шаралары белсенді жүргізілді. Ішкі істер министрі «2025 жылды қылмыстың алдын алу жылы» деп жариялады. Осыған орай, әр полиция қызметкері заң бұзушылықтың алдын алу және сақтық туралы тұрғындарға түсіндіруде. Дегенмен, тұрғындар интернет алаяқтардың құрығына әлі де түсіп қалуда. Қазір интернет алаяқтықтың кең тараған түрі – инвестиция салу. Яғни, халық өздері байқамай алаяқтардың арбауына түсіп қалып, қаржысын белгісіз шоттарға аударып жіберуде. Қалалық әкімдік және қалалық мәслихатпен бірігіп, заң бұзушылықтың алдын алуға күш салып жатырмыз. Тұрғындарды өте сақ болуға шақырамыз, – деп атап өтті Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір алаяқтар психологиялық қысым тәсілдерін қолданады.
Құқықтық мәдениет қажет
Қарағанды облысында соңғы жылдары құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған жобалар көбейді. «Заң мен тәртіп» аясында әйелдер құқығын қорғау, балалар қауіпсіздігі, жол мәдениеті, интернет алаяқтықпен күрес, қоғамдық тәртіп – барлығы бір мақсатқа бағытталуда.

Бүгінде кеншілер қаласының көшелерде бейнебақылау камераларының саны артқанын байқап жүрміз. «Сергек» жүйесіне ұқсас бақылау құралдары енгізілді. Бұл ұсақ қылмыстарды азайтуға әсер еткен. Сонымен қатар мектептер, аулалар, сауда орындары да бейнебақылаумен қамтылуда. Құқық қорғау органдары өкілдері қауіпсіз қоғам тек камерамен құрылмайтынына сенімді. Сайып келгенде «Заң мен тәртіп» қағидаты жазадан қорқуды емес, құқықтық мәдениет қалыптастыруды көздейді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



