АймақБалқаш

Балқашта Қабдығали Кенежановтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Балқаш қаласында құрылыс саласының ардагері, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан Қабдығали Кенежановтың құрметіне мемориалдық тақта қойылды. Ескерткіш белгі Абай көшесі, 43-үйдің қасбетіне орнатылды.

Суреттер автордан

Салтанатты рәсімге марқұмның әріптестері, қала тұрғындары, қоғам өкілдері және оны жақсы білетін замандастары жиналды. Олар Қабдығали Кенежановтың есімін Балқаштың құрылыс тарихымен тығыз байланысты, адал еңбектің, табандылық пен кәсіби шеберліктің символы ретінде ерекше ілтипатпен еске алды.

Еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандықтарынан бастаған Қабдығали Кенежанов жылдар өте тәжірибе жинап, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, ірі құрылыс жобаларының тізгінін ұстаған білікті басшы деңгейіне көтерілді. Оның жетекшілігімен Балқаш қаласында тұрғын үйлер, мектептер, әлеуметтік және өндірістік нысандар бой көтеріп, Аягөз, Ақтоғай және Шет аудандарында да маңызды құрылыс жұмыстары жүзеге асты. Сол нысандардың бірқатары бүгінге дейін халық игілігіне қызмет етіп келеді.

Жиын барысында сөз алғандар Қабдығали Кенежановтың тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адами болмысымен де көпке үлгі болғанын атап өтті. Оны қарапайымдылығы, жауапкершілігі мен әділдігі, адамдарға деген құрметі ерекше тұлға ретінде сипаттады.

Айта кетейік, Қабдығали Кенежанұлының еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан бірнеше марапаттарға ие болған ардагер құрылысшы «Еңбек Қызыл Ту» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button