Теміртау қалалық әкімдігі жастарға қолдау көрсетіп, жағдай жасауды жалғастырып келеді. Соның жарқын бір көрінісі – жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 37 жас маманға қайтарма нарықтан сатып алынған пәтерлердің кілтін оларға қала әкімі Ораз Тәуірбековтің өткен аптада салтанатты түрде тапсыруы.
Қала әкімдігінің «Отбасы банкпен» бірлесе жүзеге асырып отырған бұл «Теміртау жастары» бағдарламасына қатысу үшін 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы болуы, өзі мен отбасы мүшелерінің осы қалада тұрақты тіркелуі, олардың соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлкінің болмауы, таңдаған қызмет саласында ресми жұмыс өтілі кемінде 1 жыл болғаны зейнетақы шотынан алынған үзінді көшірмесімен расталуы тиіс екен.
Міне, баспана алуға өтініш беріп, жоғарыдағы бағдарлама талаптары бойынша іріктеліп, конкурстан өтіп, пәтер кілтін алған 37 адамның арасында білім беру жүйесі 15 өкілі, 9 денсаулық сақтау, 12 техникалық және 1 БАҚ қызметкері бар. Әсіресе, осы бағдарламаға қатысқан бірден-бір журналист, қаладағы ТТК телеарнасы қазақ редакциясының бас редакторы Арман Әбілхасымның шаттығында шек жоқ. Бұдан 3 жыл бұрын үйленіп, жұбайы және баласымен ата-анасының қолында тұрып келе жатқан 26 жастағы азамат енді аталған бағдарламаның арқасында өз алдына 3 бөлмелі пәтерге ие болды.
Арман бұрын тұрғын үй ипотекасын аламын деп қанша оқталғанмен, банктердің несие беру пайызы 20 және одан да жоғары болуынан, қолдарында төлей қоятын бастапқы жарнаның жоқтығынан да оған батылы бармай, тайсақтап жүрген екен.
– Дәл осы кезде қала әкімдігі жас мамандарға жеңілдетілген ипотекалық несие беретінін естіп, қатты қуандым, – бірақ оны алуға тілек білдірушілер көп болғандықтан көңілімде күдік тұрғаны рас. Дегенмен, сәтін салып, берген өтінішім конкурстық іріктеуден өтіп, кең де жайлы баспаналы болғаныма қуаныштымын, – дейді Арман.
Теміртау қаласында қолға алынған жас мамандарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, оған мемлекеттік ұйымдардың штаттық қызметкерлері, педагогтар, спортшылар, журналистер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және «Qarmet» компаниясының өкілдері де қатыса алатын көрінеді.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz