Мағауия Сембай

Жалғыз арша

Күн жылжып, жыл аунаған сайын талай-талай асылдарыңнан айрылады екенсің-ау. Сол аяулы жандардың әрқайсы өмірден озған кезде жүрегіңнің қыл – пернелері біртіндеп үзіліп жатқандай, тауың аласарып, жайлаудың тарыландай күй кешеді екенсің.

– Мағаш досыңыз жайлы бір естелік кітап әзірлеп жатыр едік, соған мақала жазып берсеңіз, – деп Ерсін інімнің хабарласқанына біраз болды.

Жазуға оқталам да ойым көкпаршының тақымындағы серкедей жан-жаққа тартқыланып ала жөнеледі. Мағауия Сембай қайтқанда: “Жанының шалқар ағысы, Арқаның арқар арысы – Асығып қайда барасың, Жігіттің Қарқарылысы” – деп аза жырын жазғанмын. Шын ақын жырына жалған айтпайды. Мен үшін Арқаның арқар, арысы да, жігіттің Қарқаралысы да Мағауия Сембай. Қанаттасым, қаламдасым, дос-ағам!

– Ағасының рухын асқақтатып, әруағын аялап келе жатқан айналайын Ерсін Мұсабек ініме “Сол естелікті жаза алмай жатырмын” – десем қалай түсінеді.

Арқаның ақ самалындай аңқылдаған, алпамса тұлғасына қарамай жаны жарық, жүрегі жұмсақ жан еді менің Мағаш досым. Өзінен гөрі өзгеге жақсылық жасауға дайын тұратын.

…1990 жылдардың басында Мақаң “Егемен Қазақстан” газетіне қызметке келді. Алматының жапырақтары сарғая бастаған күздің бір әдемі кешінде: “дәм татып кетіңіз ” – деп жалдамалы пәтеріме шақырдым. Тараздан Мақұлбек Рысдаулет ағамыз бар, қуықтай бөлмеде атар таңды көз ілмей атырдық. Мен өлең оқимын, екеуі әңгіме айтады.

Көгімнен түнде жұлдыздар жанып ағады,

Аққан жұлдыздың ақ таңға табы қалады,

Арқадан келген ақынның арқасы қозса,

аспанға көшіп ақ сарай салып алады” – деп жүрген кез ғой.

Ондай жалдамалы пәтердің, үйшіктердің талайында тұрдық.

Кейін жайлы пәтер, тәуір қызметтерге қол жетті.

– Мен Ғалымның Алматыдағы тоғыз үйінің бәрін де көрдім, ризамын – деп балаша қуанып еске алып отырушы еді, жарықтық!

… Ана бір жылы Мағаш аға Ұлықбек Есдәулет екеумізді өзінің Қарқаралысына шақырған.

Қарағандыдан Серік Ақсұңқарұлы ағам, Серік Сағынтай інім қосылып, шілде айының шіліңгірін шақырайтып қасиетті мекенге тарттық. Кезектесіп жыр оқып, қайта-қайта аял жасап, шөл басып дегендей ғажап сапар болды. Мағаудың жан досы, сол кездегі аудан әкімі Ниханбай Омарханов ағамыз әдетінше жер-су шежіресінен әңгіме тиегін ағытып бір көсілді-ай келіп… Мағауия баладай бәйек, елпілдеп қуанып жүр.

– Көптен бері осынша көп ақын келмеп еді – біздің елге – деп қояды. Шайтанкөлге, Мәдидің басына, тіпті, Аманжол құдығына дейін барып бір сайранды – салдық-ау.

…Сел боп аққан серт пе едік, Сезім бе едік,

Сайларыңнан сайғақтай безінбедік.

Топ ақын тұр жартаста топ арқардай,

Айнасынан айдынның өзін көріп.

Қарқаралы!

Біздерге жарасар ән,

Бұл соқпақпен жүрмейді аласа адам.

Шайтанға да шер айтар шайырларды

Аспан көлге апардың, Мағаш ағам … – деп Мағауия Сембайға арнап “Шайтанкөлге барғанда” деп жыр толғағам сонда. Қос Серік те, Ұлықбек те сол сапардан бірнеше өлең жазып оралған. Өмір деген осындай сәулелі бір сәттерден тұрады екен ғой.

Мен өз басым өзі басқаратын басылымды Мағаштай сүйген редакторды көрген емеспін. “Орталыққа” жылт еткен жақсы жаңалық, талантты дүние жарық көрсе марқайып, жақындарына хабарласып айтып отырушы еді.

Қарағанды лагері туралы “Қара орамал” поэма – реквиемім жарияланарда Мағаш телефон соқты.

Түннің бір уақыты болатын. Аса көңілді.

– Ғалым, “Қара орамалды” бірінші беттен бастап, тағы екі бетке беріп жатырмын. Макетін өзім жасадым, риза боласың.

Ең бастысы, “Егемен” ертеңгі санына береді екен. Мына дүниең әлі талай елді шарлайды, бұйырса… Сонда “Орталық Қазақстан” алғашқы болып берді деп айтасың ғой, редакторды да ұмытпассың. Құттықтаймын!

Телефон үні кілт үзілді. Сол дауыс қазір құлағымда тұр. Оны осы естелікті бастағалы тыңдап отырмын. Дос-ағам Мағашта әулиелік те, періштелік те бар еді. “Қара орамал” әлемнің он жеті тіліне аударылды. Стакгольм қаласында өткен әдеби фестивальде жүздеген шығармалар арасынан үшінші орын алып, маңдайы жарқырады. Адал достың ақ ниеті жаратқанның құлағына шалынған шығар.

…2008 жыл. 50 жасқа келдім. Ел жақтан хабар жоқ. Жоғарыдан өзімше “кісі” болып қоңырау соқтыратын пысықайлығым тағы жоқ. Алдында Жаяу Мұса тағдырына арналған “Жаяу Мұса” поэмасы Уфа қаласында өткен түрік тілдес ақындардың “Ақ торна” фестивалінің бас жүлдесін алған. Менің екінші Отаным – қасиетті Баян елі шақырып, «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атандырып, абыройымды асқақтатқан. Соған байланысты Мағаш телефонмен құттықтап: “– Жаңаарқаның Құрметті азаматы” атанып па едің, Ғалым – деді төтесінен.

– Жоқ, Мағаш, Баян – Мәшһүр бабамның, Жаяу Мұсаның, Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұттың, Қаныш пен Ол жастың елі ғой. Осы атақты алғанда: “– бұған дейін де, бұдан кейін де алатын атақтарымның ең шоқтығы биігі осы болады – деппін толқып кетіп. Ешкімге өкпем жоқ, Мағаш!

Мәкең үнсіз қалды. Сәлден соң: “– 50 жылдығыңды қалай атап өтеміз?”– дегені.

– Мәке, Баянауыл шақырып жатыр. Серік аға екеуіңізді апарам – дей беріп едім, телефон тұтқасын қоя салғаны.

Сол бетінде салып ұрып облыстың Мәдениет басқармасының басшысы Рымбала Омарбекова апайымызға бармай ма?

– Масқара болдық, апай! Біздің Ғалымның 50 жылдығын Баянауыл тойлайды екен. Бізді қонақ етіп шақырмақшы.

Содан Рымбала Кенжебалақызы маған хабарласады. Мен ешкімге өкпем жоғын айтам!

Арада екі күн салып апай қайта телефон соқты.

– Ғалеке, осындай күні Сізді облыс әкімі Нұрлан Нығматуллин қабылдайды, келіп кетіңіз! Тойыңызды өз дәрежесінде өткізуді ақылдасамыз.

Артынша, әкімнің қабылдауында да болдым. Қазақтың қайраткер қызы Рымбала апайдың басшылығымен дүркіреп тойым да өтті. Осының бәрін қозғап жіберген Мағаш ағам екенін бүгін ғана айтып отырмын.

Қазақ көсемсөзінің айтулы тұлғасы, жаны жарық жан аға, Сіз туралы естелік жазам деп кім ойлаған. Арқаның арлы өзендері секілді қасыңа ағайын-дос жинапсың, өз мектебіңді қалыптастырып кетіпсің. Әлі күнге мезгілсіз телефон шыр ете қалса Сіз ойыма түсесіз. “Орталықта” шыққалы жатқан бір жақсы материалдан үзінді оқып, ерекше бір шабытты күйде мәз-мейрам боп отырғандай елестейсіз, Мәке!

Мен бұл жазбада ресми атақ-абыройларыңызды, марапаттарыңызды тізбелемедім. Адам, азамат, қайраткер Мағашты көз алдыма қайта-қайта әкеліп жазып отырған түрім. Өзіңе арналған әлгі өлеңде:

“Ақ самалдай аңқылдап еседі үміт,

Өңірінен өмір ап өседі жұрт.

“Қарқаралы басында жалғыз арша…

Одан әрі… Көгінде көшеді бұлт”– деп жазған екем.

Иә, Қарқаралы басында Жалғыз Арша!…

Ғалым Жайлыбай,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button