Полк баласы

1969 жыл. КазГу-дің журналистика факультетіне келіп оқуға түскен сол бір күз әлі көз алдымда. Сонда біздің курсымызда қарағандылық қыз-жігіттердің қарасы өте көп болды. Олар Әбусаттар Тұрғанбеков, Аманжол Қанафин, Жүрсін Ерманов, Тілеуғабыл Байтұрсынов, Самат Жүнісов, Сәулебек Жәмкенов және Клара Хамзина еді. Ойлап отырып, таңғаламын, сол кездегі республика астанасындағы басқа ұлттың басымдығынан ба, жоқ әлде бұрыннан қанымызда бар қазақы қасиетімізден бе, әйтеуір алғаш танысқаннан бастап-ақ бәріміз бір-бірімізді жатырқамай өте ұйымшыл, ынтымақшыл болып кеттік. Жоғарыдағы жандардың көбі әскерге барып, одан қалса өндіріс пен шаруашылықта жұмыс істеп келіп оқуға түскен азаматтар-тын. Сондықтан, олардың университетке мектеп қабырғасынан кейін бірден топ ете түскен біз секілді 12 оқушыға үйретері аз болған жоқ.

Арада үш жыл өткенде курстасымыз Самат Жүнісов жатақханадағы бөлмемізге бір бозбаланы ертіп әкеліп, бізге таныстырғаны бар. «Мағауия Сембаев деген інім болады. Қарқаралыдан. Журфакқа биыл түскен студент», – деді ол. Байыппен барлап қараймыз, бойшаң болғанымен тіптен жас. Уыздай бала. Сөйтсек, мектепті қызық көріп, оған 6 жасында барған екен. Содан 1 сынып бағдарламасына ілесіп кеткен ғой. Енді міне, 16-ында КазГУге келіп оқуға түсіп тұр.

Содан бастап Мағауия біздің жанымыздан шықпайтын болды. Кинотеатр, кітапханаға барсақ та қасымызда жүргені. Таңертеңгілік өз бөлмесіндегі жігіттерімен лекцияға барады. Одан түс қайта оралған соң курстастарынан бөлініп, біздің 115-бөлмеге келеді. Келген бойда жерлес ағасы Саматпен шүйіркелесіп, бізбен бірге отырып шай ішеді. Содан соң екінші бір жерлесі Тілеуғабыл көкесінің төсегіне отырады да оның тумбочкасын стол орнына пайдаланып, сабаққа дайындалады. Өз бөлмесіне тек түн жарымда ғана қайтады. Мұның сырын біз өте жақсы білетінбіз. Сондықтан да, оған түсіністікпен қарайтынбыз. Неге десеңіз, Мағауия ол кезде мүлдем жас бозбала еді. Бұрын ауылдан аттап шықпаған ол туған жерін аңсайтын. Атаанасын сағынып, хат келмеді ме екен дегендей, Баспочтамтқа жиі баратын. Бұл ақын Қадыр Мырзалиевтің «Студенттер» атты өлеңіндегі теңеумен айтқанда: «Басталмаған қаланың дастаны әлі, Алғашқы жыл дала деп жас тамады…» – деген кез еді. Сондай сәтте бір жерде туып, бір өңірдің ауасын жұтқан Самат пен Тілеуғабыл ағаларына келіп, оларды қара тұтуы оған өзі әлі үйрене қоймаған қалада айтарлықтай сүйеніш, демеу болғаны анық.

Осы арада айта кетер бір жайт, Мағауияның ес көріп жүрген ағасы Саматтың бойында кімнің де болса тілін табар ерекше қасиет бар еді. Ол егер сені бір нәрсеге жұмсаса, қандай қиын шаруа болса да өзіңнің оны орындауға қалай жүгіріп кеткеніңді байқамай қалатынсың. Міне, сол Сәкең осы ғажап қабілетімен келе-келе Мағауияны да өзіміздің ішкі-сыртқы «шаруашылық жұмыстарымыз» үшін бізге көмекшілікке бейімдеп бергені бар. Алдын ала жасалған кесте бойынша қайсымыз бөлмеге кезекші боламыз, қасымызда жәрдемдесіп Мағауия жүреді. Азық-түлік дүкеніне кімнің баруы қажет етілсе, оның жанына қолғанат ретінде тағы да сол ілеседі. Қысқасын айтқанда, ол сол жылғы күз бен қыс және көктемде өзінің елгезек қи мылға толы тіл алғыш мінезімен біздің 115-бөлменің толыққанды бір мүшесіне айналды да кетті. Ал жазда… иә, жазда да жұбымыз жазылмады. Студенттік құрылыс отрядының сапында сол кездегі Целиноград облысының Державин ауданындағы «Маяк» кеңшарында тізе қоса еңбек еттік. Онда да ол біздің курстағы тағы да бір жерлесі Сәулебек Жәмкенов ағасының жанында жүріп, бәріміздің сүйікті де сүйкімді ініміз бола білді.

Содан кейінгі екі жылда да Мағауиямен қатарымыз ажыраған жоқ. Өзінің де, біздің де курспен қатар араласып жүрді. Құдды бір жазушы Валентин Катавтың атақты повесіндегі «полк баласы» дерсің. 1974 жылғы жазда оқуымызды аяқтаған біздер шамашарқымызға қарай республикалық, облыстық, аудандық газеттерге орналасып, өз еңбек жолымызды бастадық. Мен Алматыда, «Лениншіл жаста» қалдым. Ол кезде 3-4 курстарда оқитын Мағауия журфактағы өндірістік практика кезінде маған келіп тұрды. Ал 1976 жылы КазГу-дегі оқуын аяқтаған соң Қарағандыға аттанды. Міне, сол жерде ол өзі бес жыл оқыған білімін өмірдегі қиын да күрделі жұмыспен ұштастырып, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бұрқ-сарқ қайнаған қым-қуыт тірлігіне кірген де кеткен. Мұны маған айтқан сондағы курстастарым Әбусаттар Тұрғанбеков пен Самат Жүнісов еді. Ара-тұра телефонмен амандық-саулық сұрасқанда олардан естігенім: жас жігіт ұжымда барын салып еңбектенген. Жан-тәнімен жұмыс істеп, шыңдалған. Мол тәжірибе жинақтаған. Соның нәтижесінде алға шығып, білікті маман атанған. Бұл жай сөз, құрғақ баяндау емес. Мағауияның жоғарыдағыдай жетістігін 80-жылдардың аяғында өзіміз көзімізбен көрдік. Ол атақты Шерағаң, Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстанға» Бас редак тор болып келген кезінде газеттің бет-бейнесін жаңартып, мазмұнын арттыру үшін республикамыздың облыстық басылымдарынан бір топ журналистерді Алматыдағы орталық аппаратқа арнайы алдыртуы еді. Олар мәселен Павлодар, Семей, Шымкенттен шақыртылған Нұртөре Жүсіп, Руслан Нұртазин, Еркін Қыдыр-тын еді. Солардың қатарында Мағауия Сембаев та бар болатын.

…1999 жылы 19 ақпанда «Егемен Қазақтан» газетінің редакциясы Алматыдан Астанаға көшті. Елорданың Ломоносов көшесіндегі екі қабатты шағын ғимаратқа кіріп, орналасып жатқанымызда Қарағандыдан қас-кірпігіне қырау қондырып Мағауияның жеткені!.. Бір кезде Алматыда аз уақыт өзі жұмыс істеп, Қарағандыдағы облыстық газетке басшылық қызметке ауысқан оның аға басылымға: «Көш көлікті болсын!» – деп тілек айтуға келген беті екен. Құшақтаса амандасып, мәре-сәре болдық та қалдық. Содан бастап бірде Қарағандыда, келесіде Астанада қайтадан бірге жүріп тұратын болдық. Олар: мерейтой, балаларымыздың үйлену, шілдехана сияқты қуанышындағы басқосулар ғой баяғы.

…Өткен жылдың көктемі болатын. Жігіттерден: «Мағауия сырқаттанып жүр екен», – деген хабар естідім. Екіүш рет қоңырау шалып едім, телефонын алмады. «Қой, барып қайту керек шығар», – деп ойладым ішімнен. Содан: «Әне-міне барамын», – дегенімше жаз болды. Одан күз де келіп жетті. Не керек, Сәулебек досым екеуміз жолға шықтық-ау, әйтеуір. Облыстық ауруханаға жетіп, Ерсін, Жәнібек інілеріміздің бастауымен үшінші қабатқа көтерілгенімізде, дәлізде бізді күтіп жүрген Мағауияны көзіміз шалып қалды. Еркелей келіп құшақтап, мәре-сәре болды дейсің. Палатаға кіріп те, одан шығып та көп әңгімелестік. Жалғызсырайтын сияқты. Жібергісі жоқ. Көңілін қалдырмас үшін бір әңгіме бастаймыз. Одан келесі әңгіме… Содан не керек, түске дейін отырдық. Қайтарда қолын алып, жүзіне көз салдым. Өңінің сәл бозарыңқы тартқаны болмаса, еш өзгеріс жоқ сияқты еді. Тіп-тік қалпы, ширақ қимылы, бәрібәрі бұрынғыдай-тын.

…Сол бейнесі әлі көз алдымда.

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің 2003-2016 жылдардағы Бас редакторы.