АймақҚарқаралы

Қарқаралыда жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға басымдық берілуде

Қарқаралы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үй мәселесін шешу және инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстары ауданның жаңа келбетін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Аудан орталығын көркейту жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі уақытта ұзындығы 2,3 шақырым болатын Тоқтар Әубәкіров көшесін қайта жаңарту жобасы іске асуда. Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа қоғамдық демалыс аймақтарының бірі №2 мектеп маңында бой көтереді. Әлімхан Ермеков атындағы мектептің жанындағы бос аумаққа жеке инвесторлардың қаржысы есебінен жаңа саябақ салынады. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, көше шамдары, орындықтар және шағын сәулеттік элементтер орнатылады.

Әлеуметтік саланы дамыту да басты назарда. Биыл ауданда 300 оқушыға арналған жаңа мектептің, 100 орындық интернаттың және 200 орындық балабақшаның құрылысы басталмақ.

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Осы жылы 76 пәтер сатып алынып, оның ішінде Қарқаралы қаласының орталығындағы алты екі деңгейлі төрт бөлмелі пәтер көпбалалы отбасылардың игілігіне берілді. Әр пәтердің аумағы 113 шаршы метрді құрайды.

Тұрғын үйді коммуналдық жүйелермен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жақын уақытта бұл үй орталық жылу желісіне қосылып, қосымша резервтік қазандық жүйесі сақталады.

Сонымен қатар, ауданның ауылдық елді мекендеріндегі ауызсу мәселесін шешуге ерекше мән берілуде. Айрық, Айнабұлақ және Таған ауылдарының бес мыңға жуық тұрғынын сапалы ауызсумен қамтуға арналған жобалар іске асырылып жатыр.

Қауіпсіздік саласын жетілдіру мақсатында Қарқаралы қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде де жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бөлімнің материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, қажетті техника мен жабдықтар жаңартылды.

Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button