АймақҚарағанды

Қарағандыда бірнеше сағат ішінде екі бала терезеден құлап кетті

Қарағанды қаласында бірнеше сағат аралығында тұрғын үйлердің терезелерінен екі бүлдіршін құлап, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Сурет ЖИ

Алғашқы оқиға 13 маусым күні сағат 17:15 шамасында Әлихан Бөкейхан ауданындағы 11а шағын ауданында тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтердің терезесінен 2022 жылы туған бала құлаған. Оқиға кезінде сәби ересектердің қарауынсыз қалған. Зардап шеккен бала жедел түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалады.

Арада бір сағаттан астам уақыт өткен соң, сағат 18:20-да осындай жағдай Қазыбек би ауданында, Интернационалист жауынгерлер көшесінде тіркелді. Мұнда үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтердің терезесінен 2023 жылы туған бала құлап кеткен. Бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылып, оның да жағдайы орташа деп бағалануда.

Құтқару қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауына байланысты 17 оқиға тіркелген.

Мамандар ата-аналар мен заңды өкілдерді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғылары мен блокаторлар орнату, сондай-ақ кішкентай балаларды қысқа уақытқа болса да қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.

Арай ЖАМАНҚҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button